М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында І. Есенберлиннің 100 жылдығына орай “Алмас қылыш” тарихи драмасы алғаш рет сахналанбақ, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Көрнекті жазушы І.Есенберлиннің атақты «Алмас қылыш» романы желісімен қойылған спектакль Қазақ елінің іргетасы қалануын бейнелейді. XV ғасыр ортасы. Дешті-Қыпшақ даласы. Әбілхайыр хандығындағы толассыз қан төгіс соғыстар, ішкі қырқыстар мен аяусыз езгіден халық ауыр күйзелісте. Ал, хан өз тағын сақтап қалу үшін қол астындағыларды бір-біріне айдап салып отырады. Осындай алмағайып кезеңде Керей мен Жәнібек сұлтандар қазақ руларының басын қосып бөлек ел болмаққа бекінеді. Моғолстан ханы Есенбұғамен келісімге келіп, азаттық аңсаған қазақ руларын бастап батыс Жетісу жеріндегі Шу мен Талас өңіріне қоныс аударады. Спектакль жеке өз алдына хандық құру жолында небір тар жол, тайғақ кешуден өтіп, ұлы тарих көшінен өзінің лайықты орнын алған халқымыздың рух мықтылығын паш етеді.
«Қойылымның режиссері – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Алма Кәкішева, сахналық нұсқасының авторы – Әннәс Бағдат, қоюшы-суретшісі – Мұрат Сапаров, композиторы – Ш.Базаркулова», - делінген баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Пікір қалдыру