Ақпан айының соңғы күнінде Алматы облысы Қарасай ауданының аумағында облыстық ІІД жол-патрульдік полиция қызметкері мен жергілікті кәсіпкер арасында туындаған кикілжің полицейдің қару қолдануымен аяқталған. Ең қызығы полицей қызметтік киім үлгісінде мас күйінде заң бұзушылыққа барған. Аталған оқиға туралы ratel.kz сайты видеожазба жариялады.
Онда 29 ақпан күні Алматы облысы Жамбыл ауданы Қаншенгелді ауданында патрульдік қызмет атқарған полицей қызметтен соң кешкі сағат тоғыздар шамасында «Лада-Приора» маркалы жеке көлігімен Алматы қаласына қайтып келе жатып, жол бойында қарсы бағытта келе жатқан көлікті тоқтатқан. Ол көліктің жүргізушісі де тегін адам емес, арнайы органдардың, атап айтқанда Президенттің күзет қызметінің бұрынғы қызметкері екені кейін белгілі болады. Көлік жүргізушісі полицейдің үстінен ішімдік исі шығып тұрғанын байқап, оның көзінше «102» нөміріне қоңырау шалады. Мұны көрген полицей көлігіне отырып алып, қаша жөнеледі. Бұрынғы «чекист» те қарап қалмай, қашқын полицейдің ізіне түсіп, болған жағдай туралы полицияға тағы бір мәрте қоңырау шалады. Қашқан полицей Алматы қаласы Наурызбай ауданындағы жеке үйлердің бірінің алдына келіп тоқтап, қуғыншыға қарата табельдік қарудан бірнеше мәрте оқ атады. Мұның барлығы видеода анық көрінеді.
ratel.kz сайты Алматы облысы ІІД-ден аталған полицейдің өрескел әрекеті тәртіптік кеңесте қаралғаны, тәртіптік кеңес шешімімен қызметтен шығарылғаны, сондай-ақ, ІІД басшылығы да жауапқа тартылғаны туралы жауап алғандарын айтады. Алайда, сайт редакциясы да, облыстық ІІД-де түн ішінде негізсіз қару қолданған полицейдің кім екені туралы нақты ақпарат таратпаған.
Пікір қалдыру