Жан жылуын сыйлайтын кешке асығыңыз!

/uploads/thumbnail/20170708151426118_small.jpg

Тіпті қайырымсыз деген адамның жүргенің түбінен мейірім табылады. Соның бір дәлелі – «Жан жылуы» бағдарламасы. Бір ғана мысал, дәрігерлер тіпті «адам қатарына қосылуы екіталай» деп ауруханадан да шығарып тастаған Дидар Қайыпов соңғы үмітін арқалап «Жан жылуына» келген ол қайырымды жандардың көмегімен емделуге 7 мың АҚШ долларын жинап қана қоймай, Алматы облысы әкімдігінен баспанаға қол жеткізіп, мемлекет тарапынан тегін протезге ие болған. Бүгінде Дидар аяққа тұрып, тіпті үйленуге де талпыныс жасап жатқанға ұқсайды. Жалпы осындай 20 жетім балаға отбасы жылуын сыйлап, 13 баланың өмірін ажал аузынан алып қалған, үйсіз-күйсіз 8 бірдей отбасының баспаналы болуына тікелей септігі тиген «Жан жылуы» бағдарламасына биыл 5 жыл.

Осыған орай, наурыздың 14-і сағат кешкі 19.00-де Астана қаласы «Қазақстан» орталық концерт сарайында «Жан жылуы» қайырымдылық концерті өткелі жатыр. Онда осы бағдарламаның арқасында өмірінде үлкен өзгерістер болған көптеген кейіпкерлер келіп, өздері жайлы баяндап береді. Және олардың бұған дейінгі өмірлерінен бейнекөріністер көрсетіледі. Естеріңізге сала кетсек, солардың келесі біреулері – үш жасар Аружан Оразбекова мен 12 жастағы Рамазан Есмағамбетов. Екеуі де туғаннан кальций жетіспеушілігінің зардап шегіп, соның салдарынан небары үш жасқа дейін Аружанның аяғы 30 жерден, ал Рамазанның тіпті дене сүйектері 50 жерден сынған. Және жарық дүниеге сап-сау боп келіп, тек енді ғана қылығы шығып жүгіріп жүрген сәтінде анасының көзін ала бере, қайдан тапқаны белгісіз, марганцовка ұнтағын жұтып қойып өңешін күйдіріп алған Әсет есімді бүлдіршін. Осылардың барлығын біз «Жан жылуы» арқылы көргенде жан-жүрегіміз езіліп, тіпті мейірімділеріміз қолымыздан келген көмегімізді көрсетуге кірісіп те кетіп едік қой. Жоғарыда Дидар Қайыповқа көрсетілген көмек жайлы жазсақ, енді осы аттары аталған  үш жасар Аружан мен 10 жастан енді ғана аса берген Рамазан, яғни, тағдыры егіз екеу де Мәскеуге барып емделіп, өздігінен отырып, тіпті Аружан жүре алатын да халге жетіп отыр. Айта кету керек, Аружанға көмек қолын созған «Жас Отан» жастар қанаты. Олар қайырымдылық концертін ұйымдастырып, алты миллион теңге қаражат жинап берген. Ал Астана қаласы әкімдігі Рамазанға екі бөлмелі пәтер сыйлаған. Қазір ол үйден болса да сабақ оқып жүр.

Осыларды өз көзіңізбен көргіңіз келсе, наурыздың 14-і күні сағат кешкі 19.00-де Астана қаласы «Қазақстан» орталық концерт сарайында өтетін«Жан жылуы» қайырымдылық концертіне келіңіз. Концерт тегін. Есесіне сіздер үшін бұл кеште Гүлнұр Оразымбетова, Досымжан Таңатаров, Бақыт Шадаева, Ардақ Балажанова, Жаңабай  Өтегенұлы, Майра Ілиясова сынды қазақ эстрада жұлдыздары ғана емес, сонымен бірге мүмкіндігі шектеулі жандардан құралған «Қоларбадағы бишілер» тобы мен «Шашу» отбасылық ансамблінің қайталанбас өнерін тамашалайсыздар. Кеш қонақтары қатарында қоғам қайраткерлері, депутаттар мен кейіпкерлерге көмек берген меценаттар,  БАҚ өкілдері, өнер жұлдыздары болады. Ал концерт соңында тағы бір көмекке мұқтаж бүлдіршінге қайырымдылық көрсетіледі. Яғни, қаласаңыз сіздің де кеудеңіздегі мейірім, шапағатыңыз осы кеште көңіліңіз қалаған жанға көмек қолын ұсынудан ерекше шабыт алатын болады. Ал ол қайырымыңыз абайсызда марганцовка ұнтағын жұтып қойып, өңеші күйіп қалған төрт жасар алматылық Әсет Жиенбековке көп көмегін тигізетінін ұмытпағайсыз.

 

 

Қатысты Мақалалар