МӘЖІЛІС СПИКЕРЛІГІНЕ КІМ ТАҒАЙЫНДАЛАДЫ?

/uploads/thumbnail/20170708231156487_small.jpg

Сөйтіп «көптен күткен» сайлау да мәресіне жетті. Өзгелерден «үздік» шығып, «топ жарған» саяси партиялар саяси додаға үкілеп қосқан үміткерлеріне депутат мандатын таратып берді. Мәжіліске «Нұр Отаннан» - 84, «Ақ жолдан» - 7, Қазақстанның халықтық коммунистік партиясынан -7 депутат өтіп отыр.

Бұрынғы 3 партия ғана өткеніне қарап, бұл шақырылымдағы Мәжіліс құрамы мүлдем жаңармай қалды деуге болмайды. Бас партиядан алдыңғы Ү шақырылымдағы депутаттардан басқа да адамдар депутат аталып отыр. Бір Бекболаттың Мәжіліске өтуі бірқатар қоғам мүшелері арасында әжептәуір "шу" болды. Бекболаттан басқа да Бақтияр Мәкен, Зәуреш Аманжолова, Артур Платонов та біздің Мәжіліс үшін жаңа есімдер. Депутат болу «бақыты» бұйырған 84-тің ішінде бұрынғы шақырылымға депутат болғандардың ұзын саны отызға жетпейді. Билік партиясын қанша күстаналағанмен, «Нұр Отанның» мұндай қадамға баруы - атап өтерлік жайт.

Сайлау өткенмен іс біте қойған жоқ. Енді Мәжілістің алғашқы жиынында оның төрағасы мен төраға орынбасары бекітіледі. Конституция бойынша палата депутаттары төрағаларын өз іштерінен, мемлекеттік тілді еркін меңгерген депутаттар арасынан таңдап алады. Халық қалаулылары өз ара дауыс беріп сайлап алғанымен, спикер сайлауы Ақ Орданың еркінен тыс, оның араласуынсыз болатын іс дегенге ешкімді сендіре алмайсыз.

Алдыңғы шақырылымдағы Мәжіліске Қабиболла Жақыпов төрағалық еткенін білеміз. Дариға Назарбаева вице-премьерлікке ауысқан соң, Мәжілістің вице-спикерлігіне Абай Тасболатов жайғасқан болатын. Бұл екеуі де осы жаңадан сайланған депутаттар қатарында жүр. Қазақстанда біраз саяси шешімдер Ақ орданың ым-жымына сай қабылданатынын, соңғы кезде Ақ орданың көп ауыс-түйіс жасауға құштарлық танытпай жүргенін ескерсек, Мәжілістің бұл шақырылымына жаңа спикер, жаңа вице-спикер тағайындалмай кетуі де мүмкін. Олай дейтініміз, сайлау күні өз таңдауын жасауға барған Елбасы Үкімет құрамын ауыстыруға қатысты сұраққа жауап бере келе, өзінің министрлер кабинетін жаңалауға сондай құлықты еместігін айтқан еді.

Алайда, дәл сол сұхбатында президент парламенттің шамамен 60 пайызға жаңарғалы отырғанын, Қазақстан тарихында жаңа міндет арқалайтын жаңа парламент болатынын да тілге тиек еткен. Ендеше, «Жаңарған мәжілістің төрағасы жаңармай қалыпты» деген қисынға келіңкіремей қалатын сияқты. Оның үстіне, бір жарлықпен бекітіле салатын Үкімет не оның төрағасы емес, тұтастай республика халқы дауыс беріп, сайлаған Мәжіліске бұлай қарау немқұрайлылық болар еді.

Егер алғашқы сессияда Мәжіліс төрағасы өзгеретін болса, спикерлікке кім ұсынылуы мүмкін? Спикерлікке ұсынылатындар үшін тек депутаттық тәжірибе басты қағида болмауы керек. Палатаға жетекшілік жасау кей заң жобаларын талдау кезінде көсіліп сөйлеп, бірді-екілі үндеумен шектелмейді. Үлкен ұйымдастырушылық жұмыс. Осы тұрғыдан алғанда облыс басқарған, халық Ассамблеясы жетекшілігінде болған Сергей Дьяченконы айтуға болады. 2006-2010 жылдары Мәжілісте вице-спикер болғаны және бар. Қазақшасын да Мәсімовтікінен жаман дей алмайсыз. Ал, вице-спикерлікке әріптестерінің жанында салыстырмалы түрде «жас депутат» саналатын Мәулен Әшімбаевті ұсынуға болады. Алайда, оның бір кездегі Президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасарлығынан Мәжіліс депутаттығына дейін түсуінің өзін біршама төмендеу деп бағалар болсақ, Мәуленге мәжіліс тізгінін тапсырудың қисыны қиын болуы мүмкін. Осы ретте Атырау облысының басшылығынан келген Бақтықожа Ізмұхамбетов мырза да Мәжіліс жетекшілігіне ұсынылуы мүмкін тұлғалардың бірі. Тақа болмай бара жатса тәртіптің адамы деп Абай Тасболатовты вице-спикерлікке қайта бекіте салса әріптестері ренжи қоймас.

Айтса да, гендерлік саясат ескеріліп 2009 жылдан бері депутат болып келе жатқан Зағипа Бәлиеваның вице-спикерлікке ұсынып жіберілуі де мүмкін.

Дархан Мұқантегі

 

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар