Ақмола облысы, Калачи ауылында дәрігерлерге беймәлім, түсініксіз дерт бұрын уран өндіретін шахтаның маңында орналасқан ауыл тұрғындарын жайлап барады. Өткен аптада, дәрігерлер «энцефалопатия» деп атап жүрген белгісіз дерттің белгілері бар тағы бес адам ауруханаға жатқызылды. Оның нақты диагнозы да, себебі де, емі де әлі нақты анықталған жоқ. Аты да белгісіз, жұрт оны «ұйқы ауруы» деп атап жүр. Ұйқы ауруына шалдыққандардың саны бүгінде қырықты шамалап қалды. Калачи ауылының тұрғындары былтырғы көктемде жаппай медициналық тексеруден өткізілген, ұйқы ауруының белгілері тұрғындардың барлығынан дерлік байқалған.
Белгісіз дертке байланысты Парламент депуттаттары да үн қатты. Парламент депутаты Айқын Қоңыров өзінің сол аймақта туып-өскенін айта келіп, бұл дерттің аумақтың табиғатымен тығыз байланысты екенін алға тартты. Дерттің себебін анықтай алмаған соң, ендігі ретте Ресейден де арнайы мамандар шақырылған көрінеді. Депутат мырзаның айтуына қарағанда, Ақмола облысының территориясында радон кені бар, сол төңіректегі басқа элементтермен араласуы нәтижесінде тұрғындарға әсер еткен.
Ал, парламенттің "Ақжол" фракциясының басшысы Азат Перуашев бұл мәселеге тез арада шетелдік мамандарды шақыру керектігін айтады. "Біздің елде мұндай үлкен жауапкершілікті мойнына алатын ешкім жоқ. Бұл эпидемияға айналып бара жатқан күрделі мәселе", - деді көшбасшы.
Ең қызығы, Төтенше жағдай министрі В.Божко бұл оның құзырында еместігін кесіп айтты: "Бұл менің проблемам емес, Денсаулық сақтау Министрлігіне айтыңыздар! Біреу өртеніп, суға батып, болмаса найзағай түсіп жатса, маған айтсаңыздар болады," - деп ат -тонын ала қашты.
Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекованың пікірінше, Калачи ауылының тұрғындары шалдыққан энцефалопатия ауруының белгілері бұл жердегі эпидемиологиялық жағдаймен байланысты емес деп отыр.
Биліктегілердің белгісіз ауру туралы пікірі осындай. Аурудың себебі мен салдары, емі туралы нақты ақпарат әлі жоқ. Аурудың таралғанын тоқсаннан астам уақыт өтті. Сонда, Калачиде қырылғалы жатқан қырық адамның тағдырына кім жауапты?