Ата мекен – ұрпақ үшін мәңгі ұлы,
Сарқылмайтын сағынышы ән-жыры.
Үй ішіммен шығып едік сейілдеп,
Сіркіреді Арқаның ақ жаңбыры.
Жаңбыр суы көше бойлап жиі ақты,
Бала болып мен су кешсем ұятты.
Мәз-мейрам боп асыр сап ойнаған
Балаларым – балалығым сияқты.
Бұл күндері көңілім менің толмайды,
Мауық басар ойын мүлде болмайды.
Балаларын төрт дуалға қамап ап,
Бір тамшыдан соққан желден қорғайды.
Біздің кезде бәрі еді ғой басқаша,
Балалықпен даңғойлығым астаса.
Үйге емес жүгіруші-ек далаға,
Құлпырып қыр жауын жауа бастаса.
Тектемейтін сабаз еді-ау шешеміз,
Балақ түріп аққан суды кешеміз.
Ең алғашқы ақжауында көп жүрсең ,
Бас ауырмас батыр болам десеміз.
Су құйылып әр жылғадан тараптан,
Табиғатқа көрік беріп жаратқан.
Дірдек қағып үйге қайта безуші-ек,
Жаңбыр суын сорғалатып балақтан.
Іс бітіріп келгенендей-ақ опырып,
Тоңғаныма көрмеп едім опынып.
Сөйлей амай тісің-тіске сақылдап,
Жылынушы-ек мешті қоршай отырып.
Киіз үйден тырыс-тырыс тамған тамшыны-ай!
Жетуші еді әкемде атын қамшылай.
Біз отырмыз малмандай боп қалтырап,
Жапа шегіп мал қайырған малшыдай..
Күн шығатын нұрланатын бар алап,
Тағы ойнаймыз көкжиеке қарап-ап.
Жұпар шашар тобылғы ма ырғай ма?
Бір ғажап иіс жатпаймыз ғой саралап.
Қайран кездер ойнаушы- ек есіре,
Әке-шешем білген бәрін кешіре.
Көктем келіп сіркіресе ақжауын,
Түсе береді балалығым есіме...
ШҮКІРШІЛІК ЕТ, БАУЫРЫМ
“Ажалың содан неден болса қауыбың”,
Деген бар ғой терсем сөздің тәуірін.
Жоқты ойлап қара аспанды төндірмей,
Бір уақыт шүкіршілік ет бауырым.
Көз алартып қызылменен жасылға,
Жетсем деп мәнсап, байлық асылға.
Машинем жоқ дегеніңде күпірлік,
Аяғы жоқ адамдардың қасында.
Қаламас ед алтынды да, жаһұтты,
Қаншама жан төсек тартып жатыпты.
Жүгірсе егер жалаң аяқ мұз басып,
Бәрімізден болар еді бақытты.
Жаратушым, тура жолға жебеші!
Қымбат киім, тон кимедім демеші,
Кедейліктен сіңірі шыққан жалаңаш,
Жандар азба, білмейсің-ау сен осы.
Иман берсін, ынсап берсін жүрекке,
Семіздіктен деп сұрайсың жүдеп пе?!
Тамақ талғап, кепиеттік етесің,
Біреулер зар ит мұжыған сүйекке.
Су ысрап – ағыл-тегіл ағызған,
Жаратқанға шек келтірмес нағыз жан.
Миллион жүр қаны кеуіп, кеберсіп ,
Бір жұтымға зар боп отыр тамызған.
Үйім жоқ деп болып жүрсің шаршаған,
Жетсек дейміз армандарға аңсаған.
Үй түгілі отаны жоқ бұл күнде,
Түған елден босып кетті қанша адам.
Наразымыз бізде елге ілесе,
“Жағдайымыз жақсармады жүз есе”.
Күнде соғыс, қайғы жұтып жылаған
Елдерден біз бақыттымыз мың есе.
Шет шарлап көрсем дейсің -ау- інім!
Аңсадың ба дүниенің сауығын?
Су қараңғы ғаріп болған жандар көп,
Көре алмай жүр өзі туған ауылын.
Түсінігіміз кейде тым-тым таяз-ә,
Үйіміз ыстық, дейміз бізді аяса.
Нараулаумыз отбасымен отырып,
Дірдек қағып біреулер жүр аязда.
Елімізде тыныштық мәңгі орнасын,
Бір Алла өзі жарылқасын, қолдасын.
Әр күнімізге шүкіршілік етейік,
Күпіршілік көңілде еш болмасын!!!
ОН ТІЛЕК
Бірінші тілек тілейін,
Бірлігі артып Қазақтың.
Аман болсын басымыз!
Екінші тілек тілейін,
Тілеуіңді Алла екі етпей,
Домаласын өрге тасыңыз!
Үшінші тілек тілейін,
Үміт артқан адал деп,
Кетпесін сатып досыңыз!
Төртінші тілек тілейін,
Төрт құбылаң тең болып,
Белестерден асыңыз!
Бесінші тілек тілейін,
Бес уақыт намазда,
Саждеде болсын басыңыз!
Алтыншы тілек тілейін,
Ағайынмен тату бол,
Алал болсын асыңыз!
Жетінші тілек тілейін,
Жебеп жүрсін періште,
Жамандықтан қашыңыз!
Сегізінші тілек тілейін,
Сертіңізде берік бол,
Түңілсін жаннан қасыңыз!
Тоғызыншы тілек тілейін,
Тоңып жүрсе туысың,
Тойғызып қазан асыңыз!
Оныншы тілек тілейін,
Ойлы бол үлгі аларлық,
Жүзге жетсін жасыңыз!
Алла берсе сөз емес,
Одан да ары асыңыз!

Нұрбақыт Байрахметұлы