Бүгін Астанадағы мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында «ЭКСПО-2017»ҰК» АҚ бұрынғы басшысы Талғат Ермегияевтің ісіне қатысты бірінші сот отырысы басталды. Бюджет қаражатын талан-таражға салды деп айыпталып отырған экс-басшының ісі бойынша сотты болған 23 айыпталушының 14-і толығымен өз кінәсін мойындады, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы today.kz – ке сілтеме жасап.
Отырыс барысында судья айыпталушылардан оларға тағылып отырған айыптар бойынша кінәсін мойындайтынын-мойындамайтынын сұрады: 12 фигурант, олардың арасында "Астана ЭКСПО-2017"ҰК" АҚ Басқарма төрағасының бұрынғы консультанты Қажымұрат Үсенов, "SHM+Architects" ЖШС экс-директоры Шоқан Матайбеков, "Rona LTD" ЖШС жобалық компаниясының басқарушысы Орал Ибаділдина, "Southfork ltd." ЖШС директоры Сейіт Сейітов, "Southfork ltd." ЖШС бас директоры Нұрлан Ақпамбетов, "Құрылыс Консалтинг" АҚ өкілі Серік Найзабеков, "Компания АДКС" ЖШС экс-президенті Марс Шорманов, "АДС компаниясы" ЖШС құрылтайшысы Алпысбек Тілекметов, "Петроспек" ЖШС директоры Ерлан Тілеуов, жалған кәсіпорындар желісін ұйымдастырған Сергей Ильин, сондай-ақ қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырып отырған Самат Сардарбеков пен Талғат Сағындықов кінәсін толығымен мойындап, өз істеріне өкінетіндерін жеткізді.
Тағы екі фигурант – "Астана ЭКСПО-2017" ҰК АҚ "ЭКСПО құрылысының дирекциясы" филиалының экс-директоры Вячеслав Пягай, Т.Ермегияевтің сенімді өкілі Ренат Ақылбаев кінәсін жарым-жартылай мойындады.
Осылайша атышулы қылмыстық істің 23 фигурантының 14-і кінәсін мойындап отыр. Айта кетсек, бас айыпталушы Талғат Ермегияев өзіне тағылған айыпты жоққа шығарып, кінәсін мойындаудан бас тартты.
Естеріңізге салып өтсек, ЭКСПО-2017 төңірегіндегі ақша жымқыруға қатысты қылмыстық іс бес эпизодтан тұрады, қылмыстық іс материалдары 540 томды құрайды.