Оңтүстік Кореяның Канвон провинциясында 54 жастағы Қазақстан азаматы минаға түсіп қалған, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
4 сәуір күні Оңтүстік Кореяның КХДР-мен шекаралас Канвон проивнциясында минаға түсіп қалған.
«Жарақат алған азамат алғашқы медициналық жәрдем көрсетілген соң санавиация ұшағымен Сеул ауруханасына жеткізіліп, ота жасалды. Жарылыс салдарынан аталған азамат оң аяғының төрт бірдей бақайынан айрылды», - делінген СІМ таратқан хабарламада.
Жарақат алған азамат Оңтүстік Кореяға дәрігерлерге қаралу үшін барып, сол жақта жұмысқа қалып қойған. Ол аңдаусызда басып кеткен мина 1951-1953 жылдардағы Корей соғысынан қалған болуы мүмкін. Қазақстанның аталған елдегі елшілігі қазір оқиға орнында Ұлттық полиция мен қорғаныс ведомствосының мамандары жұмыс істеп жатқанын хабарлады.