Сарапшылар: Осы аптада доллар бағамы 360 теңге болуы мүмкін

/uploads/thumbnail/20170708232704234_small.jpg

Бүгін бірқатар қаржы сарапшылары Tengrinews.kz сайтына валюта нарығында жақын күндері болатын өзгерістерге байланысты пікір білдірді, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы.

«Финам» инвестициялық холдингінің сарапшысы Богдан Зварич осы аптада мұнай бағасының құлдырайтынын, соған сай апта соңына қарай ұлттық валюта да әлсіреп, бір доллар 350-360 теңгеге дейін қымбаттайтынын болжаған.

«Мұнай саудалаушылар Brent маркалы мұнай бағасын 35,5 доллардан ұстап қала алса бұл энергиятасымалдаушы нарығында бағытты өзгертеді. Сату күшейіп, «қара алтын» өндірісі азаюы мүмкін. Осы ретте нарықта шетелдік валютаға сұраныс артады, ол доллардың бағамын өсіреді. Біздің болжамымызша, апта соңына қарай АҚШ доллары 350-360 теңге аралығында саудалануы мүмкін», - дейді ол.

Сарапшы сондай-ақ, өткен аптаның да теңге пайдасына аяқталмағанын айтады. Алдыңғы аптада доллар бағамы 340 теңгеден 343 теңгеге дейін көтерілген болатын.

Forex Club сарапшысы Анатолий Ахметов та шикізат нарығы үшін өткен аптаның табысты болмағанын айтады. Жақын күндері мұнай бағасының да өсе қоймайтынын айтқан А. Ахметов:

«Орташа мерзімдік перспективада мұнай бағасының 36 долларға дейін төмендеуі мүмкін. Мұндай жағдайда қаржы нарығында АҚШ валютасының бағамы шамамен 347 теңгеге жетеді», - дейді.

Ахметов нарықтағы жағдайға АҚШ-тың шикі мұнай қорын жариялауы шешуші фактор болатынын айтады.

«Альпари» орталығының сарапшысы Анна Бодрова да бұл аптада доллар бағамының төмендемейтінін айтады.

«Дүйсенбі күні доллар-теңге жұбы 343,9 теңге деңгейінде сақталды. Алғашқы тоқсан ұлттық валюта үшін жаман болмады. Осы аптада доллар бағамы 340-346 теңге, еуро бағамы 385-395 теңге көлемінде болуы тиіс», - деп санайды ол.

Бұған дейін «Асыл-Инвест» сарапшысы Айвар Байкенов ұлттық валютаның бұдан әрі нығаюына толық негіз бар екенін, жақын күндері доллар 330-335 теңгеден, ал, мұнай баррелі 45 долларға көтерілсе, 310-320 теңге болуы ықтимал екендігін айтқан болатын.

Қатысты Мақалалар