Бүгін ақпарат құралдары парламент депутаттарының қызмет орнында смартфондар пайдалануына тыйым салынғаны туралы жарыса хабарлады. Бұл талап өткен айдың соңында мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің қызмет орнында гаджеттер ұстауына тыйым салу туралы бастаманың жалғасы іспеттес болып отыр. Естеріңізде болсақ, бұдан бұрынырақ түрлі министрліктер өздерінің бағынышты органдарына қызметтік мекемелерде смартофн ұстауға тыйым салатын қызметтік хаттар жолдаған болатын. Соған қарап «Парламент те мемлекеттік орган. Сол себептен депутаттар да смартфон ұстамасын» дей салуға болар еді. Алайда, «Дей салғызбайтын» бір мәселе бар.
Конституция бойынша Парламент – биліктің өз алдына тәуелсіз бір тармағы. Оған негізінен заң шығару міндеті артылады. Сондай-ақ, депутаттар атқарушы биліктің жұмысына баға беріп, бірқатар кадрлық тағайындауларда шешуші дауыс иеленеді. Демек, Үкіметтен басталып, жергілікті мемлекеттік атқарушы органдар, құқық қорғау органдарында енгізіліп жатқан бұл тыйым парламент қабырғасына қалай өтіп кетті? Заң шығарушы органға талап қоятын заңды кімдер шығарып отыр? Бұл конституцияға, «Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы» заңға қайшы емес пе?
Алайда, қызметтеріне жаңадан кіріскен депутаттардың «Бұларың қалай?» дегені болмады. Барлығы дерлік бас шұлғып, құптай жөнелді.
Тек, коммунистер атынан сайланған депутат Айдын Қоңыров қана «Бізді ешкім шектей алмайды. Ол үшін конституциялық заңдарға өзгеріс енгізу керек шығар. Бірақ, бізге әлі ондай заң жобалары түскен жоқ. Ал, көпшілік смартфон ұстамау керек десе,б із оған бағынамыз. Бірақ, мен өз басым депутаттардың смартфонын алып қойғанына қарсымын» деген болды.
Сонда дейміз де, ешқандай заңға өзгеріс енгізбей, заң шығарушы мырзаларға басын ашып түсіндірмей, депутаттардың қолындағы телефонына жармасып отырған қандай күш? Бұрын ел арасында қауқарсыздығына қарай «Қуыршақ парламент», депутаттық корпустың басым бөлігін бизнесмендердің құрауына орай «қалталы парламент» аталып келген депутаттық корпусқа енді жасырын күштердің мына шектеуінен кейін «смартфонсыз парламент» деген лақап тағыла ма? Үкіметтің басшысын ауыстыру былай тұрсын, салалық министрліктер әзірлеп әкелген заң жобаларын «ләм-мим» деместен мақұлдап жіберетін «тәртіпті» парламентте қандай қауқар қалды өзі?
Дархан Мұқантегі