Әуелі мені бұл кітаптың атауы қызықтырған: «БҰРЫМБИБІ» - көптен бері есімнен шығып кеткен, бұрын білетін, таныс атау. «Бұл мұнда қайдан жүр?» деген оймен, апыл-ғұпыл кітапты парақтай бастадым;
«Жолығып Сарыарқаның даласында,
Айналып жан қиятын жанашырға,
Көбейтіп көңілдің мұң наласында,
Есілдің бір қыз қалды жағасында...», деген жолдарға көзім түсе бастаған сәттен-ақ, өлең оқып емес, ән тыңдап отырғандай күй кешіп, ақмұнар сағымға тербеле бердім, көз алдымнан түрлі сурет көлбеңдеп, өтіп жатты... әуелде сезімді селт еткізген «Бұрымбибі» толғауын қалай оқығанымды да білмеймін, есімде бұрымды қыз бен тентек ұлдың бейнесі қалып қойыпты... Сонан ес жиғаннан кейін ғана, кітаптың авторына көз жүгірттім, Байыт Қабанұлы. Тағы сұрақ; «Бұл кім еді?!.». Есіме, ақын інім Ақеділ Тойшанұлының айтқан бір әңгімесі орала кетті... «Жүке, сізді моңғол достарыңызға өгейлетпей жүрген Байыт деген бауырыңыз бар екен, Ерденетте. Өлеңді екі тілде де «төгіп» тұр!..». Бұдан неше жыл бұрын Ақеділдің айтқан екі тілде өлең «төгетін», ақын Байыттың дәл өзі қолыма келіп тұр екен. Енді, сабырға келіп, кітапты басынан бастап қайта мұқият парақтадым
*** Жалпы, поэзия дегеніміз біздің жан-дүниемізден тыс, шалғайда тұрған өзге бір әлемді жақындатып беруімен де өлшенеді ғой. Байыт ақынның өлеңдері сол қасиетке ие екен. Оның өлеңдерінде жалған бейне, жалған ой, жалған сөз жоқ, сәбидей анқылдап келіп, көргенін білгенін сол қалпында алдыңа жайып салады. Аңқау, аңқау бола тұра, таза, өте пәк... Иә, жалған сөзбен немесе көшірме сезіммен өлең жазуға нағыз поэзияда тиым салынады.. Есілдің жағасынан қараторы қыпшақ (қазақ!) қызын көрген ақын, көрген жерден ғашық болған, бойындағы қаны құпия аруға матап тастаған... Бірер күн қос мұңылық көзден таса бірге болған, тағдырлары басқа, қоштасуға тура келген.. Есілдің жағасында мұңлығын кеудесіне қысқан ақынның көз алдына балалық кездегі «Бұрымбибісі» орала берген... ол кезде ақын бала еді... қазір ақыл тоқтатқан азамат, неше баланың әкесі, тағы бір арудың асылы... Ақынға медеу болмағы – Өлең ғана. Ал қалып бара жатқан мұңылыққа ше?!.
«..Еске сап еркетотай еркін күнді
Мұңайтты жүрегіме шер тұндырды
Ұлғайып ес тоқтатқан ер басымды
Еріксіз желіктіріп, желпіндірді.
...Кез қылсаң жанның мұндай қыз баласын
Ер тұрмақ, ескен желден қызғанасың
Сәл ғана алыстасаң шырқың кетіп,
Жанына айналсоқтап жүз барасың.
Келбеті кедей жанды бай қылады
Құдай да тік қараудан қаймығады.
Өлерде өң бетіне қарап өлсең
Өлім де аз нарқынан айрылады.
Өзіне қызықтырып жұлдыздарды,
Қыздырып қылығымен түнгі ызғарды.
Мәңгілік қайталанбас арман болып,
Есілдің жағасында бір қыз қалды.». Тағдыр!.. Қазіргі қазақ халқының бойындағы ауыр тағдыр. «Мәңгілік» депті ақын. Шындығында бұл жалғанда мәңгілік ештеңе жоқ. Тек Жаратушы болмаса?!. Мұндағы мәңгілік - арман ғана. Арман ғашық!... Естай мен Қорлан,.. Ақан мен Ақтоқты,.. Ал Байытта «Есілдің жағасында қалған ару»... Заманы, аттары, тағдырлар бөлек болғанымен, бәрі бір бәс – Ғашықтық!.. Ғашықтар мұңы. Естай мен Байыттың арманы бір - Өлерде өң бетіне қарап өлсем!..
*** «Бұрымбибіні» оқығаннан кейін, Байытқа кезіккім-ақ, келіп жүрді.. Өлеңдерінің бірқаншасы көкейімде қалған... Арғы беттен ел ауғаннан кейін Байыттың жалғызсырап жүргенін өлеңдерінен сезгем, іштей аяйтынмын... Неге екенін, Байыт ел көшкенде, кері көшіп, туған жерінен алыстап, орталыққа қоныс теуіпті. Сөйтіп жүріп, елді, жерді, туған ауылы Делүнін сағыныпты. Менде Байыттың моңғол тілінде шығарған екі кітабы бар. Соның бірінің «Сэрэхүйн сэржим» («Түйсік нәрі») деп аталатын өлең жинағының алғы сөзінде Моңғолдың Халық ақыны Баавуугийн Лхагвасүрэн:
«...Бүгін әйгілі Абай, Ақтандардың жалғасы талантты ақын Байыт Қабанұлының кітабына көзім қарлығып отыр. Бұл кітап анасына арнаған өлеңдер мен махаббат жырына толы екен. Бұл ақынға: «...Мынау менің бұрын және соңында жылаған көз жасым, Сізге ұсындым! Алып қойыңыз!..», - деп, (жалғыз түн бірге болған қыз) шарап ұсынып отыр... «Алғашқы түнге асыққан Онжетідегі арудың Тар төсегінің шетінен маған Қалдырған орыны сияқты Менің кішкетай Делүнім...» (өлең моңғол тілінен сөзбе сөз аударылды!) – деп, туған жерін жырлайды. Бұдан артылтып кім айта алады... Әрәдік мұңға беріле отырып, кенет жалын атып шыға келетін, асып-тасып шалқыған, еркін өлеңдер бұл кітапқа шоғырланыпты... Әр өлеңінің жеке «жаны бар», тірі түйсікпен жазылғанына қуана отырып айтылған менің сөзімді оқырмандардың да қабыл алатыны даусыз... Поэзия дегеніміз өзгелерден артылта, артық сезіне білген адамның жүрек қалауы мен еркіндігінің белгісі...», - деп ағынан ақтарылыпты. Біз де, дәл солай ойлағанбыз. Байыттың өлеңдерін оқып отырғанда, бір сәт есіңе Иса Байзақов оралады. Қазақтың қара сөздерін ол кісі де осылай төгілткен еді. Ойлаңыз, Байыттың шет елде, жат ортада жүріп өз ана тілінде жазған өлеңдерінің өзі жиырмаға жуық жинақ. Үш томдық таңдамалы өлеңдер жинағы тағы бар. Әр қайссының көлемі 20 баспа парақтан жоғары. Ал моңғол тіліндегі жинақтары жеке талдауды қажет етеді. Кейде Байыттың моңғолша жазған өлең, әңгімелерін оқып отырып, оның қазақша өлеңдерінен гөрі моңғолша өлеңдерінің анағұрлым жақсы туындылар екендігіне таңқалатынмын. Ол ойым бекер емес екен, өткен жазда Байытқа сол еңбектері үшін Моңғолия Жазушылар Одағының сыйлығы берілді. Бұл – Моңғолия ақын, жазушыларына берілетін екінші дәрежелі мемлекеттік үлкен сыйлық.
*** Өзара ұқсас бейне, ұқсас ұғым, ұқсас сөздерді салыстыра қолдану арқылы көңілде түйгенін толық қопара айтатын, сол арқылы өзгелерден бөлек, дара бейне қалыптастыру тәсілі – Байыт шығармаларының ерекшелігі. Мұндайда кейбір жергілікті диалектикаларға құрылған теңеу, бейнелі сөзтіркестері сізге мүлде түсініксіз, немесе қарапайым кино кадрлар сияқты көлбей өте шығуы да мүмкін.
«Армысың ақиық жыр – Ақтан ақын,
Аз қазақ аңыз етіп мақтанатын.
Бүгінгі жыр бәйгенің көмбесі сіз,
Көп жүйрік көлбей шауып тоқталатын.
...Сұрасаң «Ел қалай» - деп артымдағы
Қара тас – алтын болып жарқылдады.
Бүгінгі біздің кездің ақиығы –
Ілбіс емес, тышқанды алқымдады.». Иә, шындығында жай ғана «көлбей шапқан» қарапайым өлең. Кімде кім айта алатын, кім де кім жаза алатын қарапайым сөздер. Бірақ, өлеңге жан беріп, ақын бойын баурап тұрған бір нәрсе бар сияқты. «Аз қазақ» пен «ақиық – Ақтан ақын». Бұл екеуін ескермеген адамға өлең деп айтуға келмес!.. Байыт өзі ғана «аз қазақ» пен «ақиық ақынның» кім екенін біледі. Сол аз қазағының жартысы әлде қашан жер ауып, жұртта «тышқан алқымдайтын ақиықтар» ғана қалған. Сол өңірдің ақуалын білетін адамдарға бұл өлең онсыз түсінікті. Өзінің «тышқан алқымдап» жүргенін естігенде, шымбайына батып кететіндері де бар. Байыт ақиық ақын атасының аруағымен соларды бір жөнге салып алмақ... Олай болса, бұл өлеңді «қарапайым өлең» деп айтуға еш қақымыз жоқ. Тек, өлеңді қайталап оқып, түсінбей қалғанымызды түсінуге міндеттіміз... Өлең оқып отырған кезде адамның ішкі қуаты артады, көкірекке жаңа күш пайда болады. Мұңлы өлең оқысаң да, сөз қуаты сенің бойыңа серпін беріп отырады... Өлең оқығанда жылайтын адам аз болады... мүмкін, түсінбеген тұста, немесе өзінің бір қайғысын қозғап кеткен кездерде болмаса... Бірақ, сонан кейін әлгі адам да, «Үһ» деп көкірегі ашылып, бойына жаңа қуат жыйнай бастайды... Поэзия адамдарға осы қасиеті үшін де қажет шығар?!. Ал Байыттың өлеңдері мүлде керісінше, әуелі – мұң, сонан – жігер, соңында – өзін де, өзгені де қайрау, оттай жану!..
«...Тілім барда – тікенді де ұлпа етіп
түнекті де таң қылам.
Жалынсызды жалын етіп,
тасты да өртеп жандырам.
Шашым қанша болса сонша сөз сөйлеп,
Жасым қанша болса сонша кітап жазып қалдырам.». Иә, адам болмысынан тыс, тым асқақ мақсат, асқан жүректілік, отты уәде. Алайда, ақын болып туған соң әуедеңде тұруың керек. Сөз – Кие!.. Киеге соқтығып, кесіріне ұрынуға қақың жоқ. Сөз айтуға болады, егер түгесе, толықтыра айталсаң... Байыттың өлеңдерін оқып отырғанда осындай ойға қаласың да, мына сөздерін естігенде:
«... Жыр жазып өтем сенімің халқым ақталсын
Келмеске кетсем, кейінгі ұрпақ мақтансын.
Бабидың ұлы жыр қашап кеткен бұл елден
Қабанның ұлы қарыз боп қалай аттансын.». Ақынның шынайы шындығын ақтарып отырғанына еріксіз иланасың. Өлеңге, халқына адал мұндай серт берген, сертшіл ақындар санаулы ғана болады. Сол санаулылар ғана дегенініне жетіп, АҚЫН деген ұлы атаққа ие болып жатады. Және бұған ақынның сөзі мен мінезі жұптаса білгенде ғана...
*** Сырттай «ғашық» боп жүрген бауырыммен кезіктім. Жарты сағатқа жетер-жетпес уақыттай ғана әңгімеден соң, біз толық түсініскендейміз, ежелден қойындасып өскен достар сияқты. Ол мені таза ақындық болмыс, ақындық мінез, ақындық сырымен баурап, көкірегіме еніп, жайланып алды... Ол енді орнынан қозғалмайды да!.. Ертесінде кешқұрым телефон шырылдайды.. «Аға, Сізге бір адам сәлем беремін, дейді!», - деді де, жауап күтпестен, жанындағы адамға, «мә!», - дегені, естілді... Бұл да ақындық мінез, менің сөйлесетіме сеніп тұр... Ол адам – жоғарыда атап өткен әйгілі ақын Бавуугийн Лхагвасүрэн екен... Екі күннен соң үшеуіміз бас қосуға уағдаластық...
Әнтек – ертесінде маған шұғыл хабар жетті де, кешінде мен ол елден қайтып кеттім.. Тағдыр бізге еркін әңгімелесуді жазбады... Жол бойы Байыттың берген бес кітабын кезек-кезек сипап, оқумен болдым... Кейіннен ол екеуінің сол кеште мені күтіп, білте шамның жарығында өлең оқып отырған суреттерін ғаламтордан көріп қалдым. Уақытша болса да өкініш!.. Жолыққанда, үшеу болып отырғанда, мүмкін бұл мақала әлде басқаша жазылатын да еді... Ол:
«Асылдықтың аты асыл,
Тана болса, ол тана.
Өмір жанды жан етеді,
Әлемге өрт толса да,
Дана әрқашан дана болып жаралады
Оны тапқан ананың –
Аузы қисық, қолы шолақ,
Көзі соқыр болса да.», - деген. Және де:
«Жалған достар жат болсын көрінбесін,
Жетегіне ермеймін жерінгесін.
Басқа біреу ешқашан жол көрсетпе,
Өз жөнімен жылжысын менің көшім.», - деген. Біз «жат» болмасақ та, ақынға ақыл айтудан, оның тоқтаусыз төгіліп тұрған өлеңдеріне сын айтудан аулақпыз. Жазғандарын түгендеп, түгелдей оқып үлгерсек, мына ғұмырымызға соның өзі жетерліктей азық.
***
Көшпелі өмірде өскен біздердің дүние танымызда ұқсастықтар мол екені рас, әйтсе де оның барлығы жаңалық емес. Сөйте тұра, сол ортадан шыққан жаңа ақынды көргенде, жаңалық ашқандай қуанамыз. Мезет сайын өзгеріп, өшіп бара жатқан ескілігімізді аңсайтын кезіміз де жиілейді. Сондай кездерде Байыттың өлеңін оқығың келеді. Өйткені, ол сен аңсап жүрген сол ортада жүр, сол ортаның жақсылығына қуанып, жамандығына күйініп жүр. Қалаған сәтіңде ол сенің көкірегіңе сол сағыныштың нәрін тамызып, күш-қуатыңды еселеп, жігерлендіріп береді. Дүние затты алыстан аңсағаннан гөрі, көзбен көріп, қолмен ұстаған пайдалы... Көшпенділер үшін ең нәрлі өлеңдер Байыттың жүрегінде жатқаны да даусыз. Ақын түйсігі оны да дөп басатын сияқты:
«Кім оқи білер даланың шалқар
көк баулары мен көк тауын,
Олар ма?
Олар – далада туған, далада өлген от қауым.
Оқиды cолар, айтады солар
жан жүрегімен тыңдайды және сезеді,
Даланың шаттық ән, әуендері мен
мұңайған сыңсу, жоқтауын.
Далалық елдің арайлап атып
Нұр шәшіп үнемі тұруы үшін нұр таңы,
Шырқалып дәйім тұруы керек
дауылпаз дархан Дәрияның әні, бұлт әні...», - деп, сенің көңіліңді далаға қарай бұрып, соның мақамымен сөз саптайды да, қызықтыра отырып, шоғыр-шоғыр поэмаларын оқуға жетектеп апарады. Неге екенін, оның қарапайым бола тұра, бізге беймәлім бір күймен төгілген төкпе өлеңдері тылсымдығына шақырады да тұрады.. Биіктен құлаған тау сарқырамасындай тоқтаусыз төгіліп жатқан өлеңдерін оқыған сайын бауырымызға, қолыңнан қаламың түспесін деген ақ тілекті батамызды айтамыз!..(Ақын өлеңдерін мына сілтемеден оқи аласыздар http://qamshy.kz/?p=7889)