Қостанай Меценаттар клубы өнер, мәдениет, ғылым, журналистика сынды салаларда озық шыққандарға «Қазына» және «Шабыт» сыйлықтарын тапсырды, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы munara.kz – ке сілтеме жасап.
Айта кетейік, конкурста мәдениет және өнер қызметкерлері, шығармашылық ұжым жетекшілері, тілшілер, ақындар, жазушылар, ғалымдар, білім беру саласының қызметкерлері кім үздікті анықтады. «Мирас» мәдениет сарайында өткен салтанатты жиынның ашылуында сөз сөйлеген облыс басшысы Архимед Мұхамбетов:
«Тобыл-Торғай өңірінде талай тарландар түлеп шыққан. Кешегі өткен ардаларымыздың жеңісті-жемісті жолын жалғайтын жастардың барына қуанамын. Міне, биыл да әр салада озық шыққан шын мықтыларды анықтадық. 2000 жылы елімізде мәдениетті қолдау жылы болып жарияланды. Дәл сол жылы өңірдегі шығармашылық иелерін қолдау мақсатында Қостанай Меценаттар клубы құрылған. Осылайша, облысымыздың Атымтай жомарттары мәдениет саласының иелеріне қаржылай қолдау білдіріп келеді. Қостанайдағы осы бастама Мәжіліске дейін жетіп, енді басқа облыстарға үлгі ретінде ұсынылды. Өнер адамдарының еңбегін ескерген қостанайлық кәсіпкерлерге мың алғыс», — деді.
Архимед Бегежанұлы «Мәдени мұра» аталымы бойынша жеңіске жеткен ҚМПИ проректоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Тілеген Ахметов пен танымал айтыскер ақын Айбек Қалиевке «Қазына» сыйлығын табыс етті. Биылғы байқауға 97 ұсыныс келіп түссе, оның ішінде 32 адам мен 2 ұжым сыйлықтарға лайық деп танылды.
Облыстың меценаттары ауыр науқасқа шалдығып, емделуді мұқтаж еткендерге қомақты қаржы жұмсайтынына йта кету керек. Сондай-ақ, қолы қысқа адамдарға коммуналдық қарызды өтеуге, қысқа отын-су алуға да жомарт жандар қол созады. Облыс әкімінің айтуынша, осы уақытқа дейін жедел жәрдем көлігінің көмегімен төрт жарым мыңнан астам тұрғын емделді.