Депутаттар мемлекеттік құпиялардан хабардар болса, неге шетелдік қонақ үйде жатады? (ВИДЕО)

/uploads/thumbnail/20170708233259102_small.jpg

Жаңадан сайланатын мәжіліс депутаттары парламентке тиесілі «Нұрсая» тұрғын үй кешеніндегі пәтерлер дайын болғанша Астанадағы «Пекин Палас» қонақ үйіне орналастырылатыны туралы сайлауға дейін де жазған болатынбыз. Сайлау өтіп, парламент мәжілісі жұмысын бастаған соң жаңа құрамдағы бірқатар депутаттардың аталған қонақ үйге орналасқаны жария болды.

Бұл қоғамда қызу талқыға түсіп, жұртшылық тәулігіне 120 мың сұрайтын қонақ үйге орналасқан «халық қалаулыларының» ысырапшылдығын сынауға кірісті.

Осы ретте депутаттар да қарап қалмай, қорғанысқа көшті. Коммунист-депутат А. Қоңыровтың айтуынша, қонақ үйге мәжілісмендердің барлығы емес, тек 31 депутат қана орналасқан көрінеді.

«Сырттан келген депутаттарға беріліп отыр. Олар қысқа мерзімге қонақ үйге орналастырылды. біздің фракциядан депутат Смирнова сонда», - дейді депутат.

Ал, парламенттің шаруашылық басқармасындағылар ақпарат құралдарында айтылып жатқандай, қонақ үйде бір тәулікке тұру құны 120 мың теңге емес, 29 мың теңге көрінеді. Қонақ үй әкімшілігі мемлекеттік сатып алулар конкурсына қатысып, осындай баға ұсыныпты.

Осы ретте әріптестерінің абыройын қорғаған Гүлжан Қарағұсованың сөзіне ерекше тоқталып өткен жөн.

Біраз жыл халықты әлеуметтік қорғау саласын басқарған ханым қонақ үй тақырыбын қозғаған журналистерге:

«Сіздер тиісті деңгейдегі, құпияларға ие, қол сұғылмаушы тұлға болып табылатын депутаттардың сағаттап жалға берілетін пәтерлерде тұрғанын қалайсыздар ма?», - деп дүрсе қоя беріпті. Оның айтуынша, бұда тұрған ештеңе жоқ. Бюджетте осы мақсатта қаржы қарастырылған. Әлемдік тәжірибеде депутаттық деңгейдегі адамдар қандай жағдайда өмір сүру керектігі әлдеқашан басы ашылған мәселе екен.

Депутат ханымның «Сағаттап жалға берілетін» пәтерлер туралы қайдан білетіні өз алдына бөлек әңгіме, ал, «мемлекеттік құпияларды білетін тұлғалар» көрінген жерде жатпауы керек дегені біраз ойға қалдырады.

Олай дейтініміз, бірқатар ақпарат құралдары бұл қонақ үйдің қытайлық «Хуа Йоу» компаниясының меншігінде екенін, ол компанияның әлемдік мұнай өндіруші 50 компания ішінде 7-орын иеленетін Қытай ұлттық мұнай корпорациясына (CNPC) қатысы барын ашық жазуда. Сонда, Гүлжан Қарағұсова айтпақшы, мемлекеттік құпиялармен жұмыс істейтін депутаттар шетелдік қонақ үйде не істеп жүр?

Парламенттің шаруашылық басқармасындағылар бүгіннен бастап алдыңғы шақырылымдағы депутаттар тұрған пәтерлердің босағанын, жаңа мәжілісшілер сол пәтерлерге орналастынын хабарлады.

Жомарт Абдоллаұлы

Қатысты Мақалалар