Жауып қойып ақылды, Көрген жерден жақыныңа балап алдың жат ұлды. Қылдан нәзік қылықтарың қытығымды келтіріп, Сары алтындай сабырымды сары қымыздай сапырды. Сен деп білдім сұлулықтың сұлуы да, көркемдіктің көркемі, Сол көркемдік көңілімді жалын от боп өртеді. Айналамның бәрі кілең түсініксіз жұмбақ болған бұл күнде, Сенің үнсіз жымың етіп қалғаның да ақтарып сыр шертеді. Еске салып ерке тотай еркіндікке толы менің кезімді, Сыртқа шашпас сыр жараттың сырғалым – ау ең ізгі. Жас сәбидің көрген түсі тәрізді пәк тазалық, Жаулап алды, баурап алды сергелденге көп салынған сезімді. Асыл ару аямадың аз күн бақыт сыйладың. Дәмділікті, ән қылықты қызықтадым: жұртқа тастап аттануға қимадым. Амал бар ма өскен бұрым секілденіп желкілдеген қызығым, Кескен бұрым секілдендіп қысқа болып қинадың. Баға жетпес асылыңды ұрлай бергім, ұрлай бергім келеді, Мөлдіреген мұңлы көзді тынбай көргім, тынбай көргім келеді. Ағалаған ерке сылқым дауысыңды тыңдай бергім, тыңдай бергім келеді, Сетер талдай сені ғана жырлай бергім, жырлай бергім келеді. Жолығам деп ойладым ба мұндай күйге өңімде не түсімде, Ойда жоқта кез боп қалдың жазылмастай жара қалды ішімде. Өмір бойы өн бойымның дұғасы етіп өтермін, Өрт тимеген жан-тәніңді ұсынғаның үшін де.
КӨЗІҢДІ, КІРПІГІҢДІ БІР КӨРЕЙІНЖан тәніме жайдары нұр берейін, Бүрленейін, сәби пәк күйге енейін. Келіп кетші керілген кербез еркем, Кірпігіңді, көзіңді бір көрейін. Кезігейік кел қалқам Көлдараға, Еркелейік еркіндеп ен далада. Сыңғыр – сыңғыр күлкіңді бір естісем, Сағыныштан кеудемде шер қала ма. Шомылайық жүзейік Аққукөлде, Орқояндай ойнайық гәкку-белде. Ерініңнен елсізде бал сыйлашы, Гүл-бәйшешек масайрап татсын жел де. Оңашада сыбырлап қауышайық, Алмасайық ыстық дем ауысайық. Белбеуіңді босатшы маған арнап, Армандарды тұншыққан тауысайық. Сезініп еркін жүрек лүпіліңді, Жуайын сүт сәулеңе түн-түрімді. Барады ластанып көңіл – көлім, Бір көрсет күнәсіз көз, кірпігіңді.
МҰҢАЙМА ЖАНЫММұңайды жалған мұңайдым, Мұңын да білдім Күн Айдың. Сен бірақ жаным күрсінбе, Мұң шекпе менше шырайлым. Бақыттың барын ұмытып, Мұң, шердің итін ұлытып, Мұңдана берем мұңдана, Мұңлы күндерден күн ұтып. Адамдар ұқпай мұны түк, Сен ғана жүрсің жылытып. Мадақтап, мақтап мың дана, Жүрсе де өсіп құн баға, Алданып қалып шырғаға, Мұңдана берем мұңдана. Мұң зарға толы әлемде, Бақытым сенсің бір ғана. Бөліспей біреу наламнан, Бөлісіп жүрсе бағамнан. Біреулер алып жағамнан, Жарасым тапса наданнан. Өкіне көрме жаным сен, Түңіліп Алла, Адамнан. Адамдар деген қашанда, Арамдықтардан жаралған. Мұңданам дағы жылаймын, Жылаймын дағы шыдаймын. Мінезін ұқпай Күн, Айдың, Жарлығын күтем Құдайдың. Мұң берген мына жалғанда Сен аман жүрші шырайлам
Ее БҮБІЕе Бүбі, есіл Бүбі, ерке Бүбі, Кеш білдік екен өмір келте Бүбі. Мөлдіреп сен көзіме қарағанда: Деуші едім: «Ет жүректі өрте Бүбі» Бірге өскен асыл құрбым бала күннен, Тағушы ем мойныңа алқа ала гүлден. Кеттің ғой басқа жанның бақыты боп, Жан едің ішке маздақ жаға білген. Аққуым арман көлде тербетілген, Шекер бал тамызушы ем мен де тілден. Жол шегіп, жотаны асып барғанымда, Тұратын нұр төгіліп келбетіңнен. Ерке едің Елік, Марал лағындай, Тынбайтын сені көрсем жыр ағылмай. Ерніңнен әсем күлкі сырғушы еді, Маржан ғып жіпке тізген лағылдай. Кезіңде қызыл гүлдей құлпыратын, Сезімің серги алмай бұлқынатын. Күйеуің еркелетіп отырса да, Көзіңнің тереңінде мұң тұратын. Ардағым асыл Бүбі, ағым Бүбі, Тағылған тағдырыңа тағын Бүбі. Мен сені өмір бойы сағынармын, Алсам да бар әлемнің бағын Бүбі. **** Қара шәшті, қара көзді, Қара қасты ақ ару, Қыз біткенге арман шығар сендей болып жаралу. Өркөкірек, тентек мінез еркек едім не керек, Қиын боп тұр маңайыңа бара алу. Балалықтың бал дәмінен басым еді жігіттіктің қарқыны, Қыз қылықтың қызу өрті аластады, шарпыды. Айналсоқтап кетпей қойды төзімімді сарқыды, Сенің елпек қызығыңа Менің тентек бұзықтығым балқыды. Айналайын Ай мүсінді нәзік ерке шырағым, Сезімімді қытықтады сыңғыр сыңғыр бұлақ үн. Неге ақпай тұра қалды ұлы ағын, Иығыма жетпей тұрып тұйығыңа қайтып қамап шыдадың. **** Шаттанушы ем сені көріп керілсең, Мас болушы ем жан ұйытып берілсең. Өзге ешбір жан саяқаттап көрмеген, Маған ғана таныс әлем едің сен. Әлемнің бар жинасам да көркемін, Сен ғана едің табатұғын дерт емін. Өзге ешбір жан жалыныңа шыдамас, Ақ көйлекке орап қойған өрт едің. Болып еді тіл жетпейтін тұс талай, Неге айрылдым мәңгілікке ұстамай. Мені енді ескі жұртқа қалдырып, Сол күндердің көзден бұлбұл ұшқаны-ай. Адам сірә тойған ба бал-шекерге, Шекерге қол сермедім бе бекерге. Бақыт тәтті болады екен әрдәйім, Баста шалқып тұрғанда емес өтерде. *** Көңіліме сәуле шашқан шамшырағым – Сені ойлап ыстық жас боп тамшыладым. Мен сенен анау емес мынау емес, Жаныма серік етіп жан сұрадым. Сен бірақ мендік болып жаралмадың, Тентек ем жаныңа да бара алмадым. Сараңнан нан дәметкен сұраушыдай, Бостан бос өзіңді ойлап алаңдадым. Білмеймін үзік әннің жалғасы ма, Бұлбұл боп қонғым келді тал басына. Бұл жүрек ырық бермей ынталанды, Біреудің үзіп қойған алмасына. Бірі едім арманы асқар асқақ ұлдың, Басымды тауға да ұрдым, тасқа да ұрдым. Мен кәзір жүрек деген хан-патшаның, Алдында әлі біткен қасқа құлмын.
ЕСІЛДІҢ ЖАҒАСЫНДА БІР ҚЫЗ ҚАЛДЫЖолығып Сарыарқаның даласында, Айланып жан қиятын жанашырға. Көбейтіп көңілдің мұң наласын да, Есілдің бір қыз қалды жағасында. Еске сап еркетотай еркін күнді, Мұңайтты жүрегіме шер тұндырды. Ұлғайып ес тоқтатқан ер басымды, Еріксіз желіктіріп желпіндірді. Аялап аппақ жүзін тұлым ұшы, Па шіркін, неткен ғажап бұрылысы. «Баяғы қызыл ішік киген қыздың» Қыр мұрын, қиылған қас сіңілісі. Кез қылсаң жанның мұндай қыз баласын, Ер тұрмақ ескен желден қызғанасың. Сәл ғана алыстасаң шырқың кетіп, Жанына айналсоқтап жүз барасың. Келбеті кедей жанды бай қылады, Құдай да тік қараудан қаймығады. Өлерде өң бетіне қарап өлсең, Өлім де өз нарқынан айрылады. Көргенде шаттық нұрға толған өңін, Шығады тұмшаланып зорға демің. Ақанмен түннің биін билейтұғын, Көк көйлек «көл перісі» сол ма дедім. Өзіне қызықтырып жұлдыздарды, Қыздырып қылығымен түнгі ызғарды. Мәңгілік қайталанбас арман болып, Есілдің жағасында бір қыз қалды.