Бүгін таңертең Ақмола облысы Атбасар ауданында орналасқан Жабай өзені арнасынан асып, су бөгеті бұзылды, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы 24.kz-ке сілтеме жасап.
Салдарынан жақын маңдағы үйлерді су басу қаупі төнді. Осыдан бір күн бұрын 70-тен аса отбасы мүлкімен қауіпсіз жерге көшірілген еді. Бірақ бірнеше рет жасалған ескертулерге қарамастан бірқатар тұрғын көшпей қалған. Еріген сумен 500-ден астам құтқарушы мен жергілікті тұрғындар күресіп жатыр. Көмекке Оңтүстік Қазақстан облысынан төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері де жұмылдырылуда.
Айта кету керек, ауданда тасқынға қарсы шаралар жүргізу үшін 80 млн теңгедей қаржы қарастырылған. Қазір топырақтан ұзындығы 4 шақырым болатын дуал тұрғызылып, өзен бойына инертті материал салынған 9 мың қапшық қаланды. Қала мен ауыл маңайларында мұндай жұмыстардың жүргізілуі тегін емес. Екі жыл бұрын Атбасар қаласында тілсіз жаудан 529 үй зардап шегіп, оны қайта қалыпқа келтіру үшін 4 млрд теңгеге жуық қаржы кеткен еді.
Нұржан Қамбатыров, Атбасар қаласының әкімі:
- Әлеуметтік нысандардың, №1 және №4 орта мектептердің маңы бекітілді. Бұл мекемелер толықтай оқшауланды. Сонымен қатар, өзен жағасында орналасқан үйлер де назардан тыс қалған жоқ. Қала мен Заречный ауылына қарай келетін өзен арнасы да мықтап бекітілді.