Қазақстан Қарулы Күштері ӘҚК Әскери-әуе күштерінің авиапаркі Қазақстан мен АҚШ арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық жоспарына сәйкес UH-1H-II «Хьюи» тікұшағымен толықты, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл ақысыз негіздегі әскери-техникалық ынтымақтастық шеңберінде жеткізілетін үшінші тікұшақ. Тікұшақтан басқа, сондай-ақ қосалқы бөліктер, агрегаттар, жинақтаушы және шығыс материалдары жеткізілді.
«Хьюи» тікұшақтары әртүрлі оқу-жаттығуларда, оның ішінде қазақстандық «Қазбат» бітімгершілік батальоны мен ҚР ҚК Аэроұтқыр әскерлері «Қазбриг» бітімгершілік бригадасының іс-қимылдары пысықталатын «Дала қыраны» тактикалық-арнайы бітімгершілік оқу-жаттығуларда кеңінен қолданылады.
Бұдан бұрын 2006-2007 жылдары қазақстандық ұшу және инженерлік-техникалық құрамы аталмыш тікұшақта теориялық және практикалық қайта жаттаудың толық курсынан өтті.

«Бұл тікұшақтар қарапайым және күрделі метеожағдайларда, күндіз-түні, жыл бойы пайдаланылады. Пайдалану кезеңінде қандай да бір істен шығу болған емес, техника сенімді», - дейді ӘӘК қолбасшысының орынбасары полковник Еркін Жұмағалиев.
UH-1H-II тікұшағы – бұл десантты (12 адамға дейін) және әртүрлі жүктерді тасымалдау, іздестіру-құтқару жұмыстарын (оның ішінде жүкшығырмен) орындау, әуеден барлау, жаралыларды көшіру үшін арналған Bell компаниясының жеңіл көп нысаналы әскери-көліктік тікұшағы болып табылады. Оның 1 800 жылқының күшіндей қуаттылығы бар. Т-53-L-703 бір қозғалтқышпен жабдықталған, сондай-ақ навигациялық және радиоэлектрондық қондырғының кешенімен жабдықталған. Барынша салмағы – 4 762 келі, барынша жылдамдығы – 240 км/с. Авиациялық парктің кезекті тікұшақпен толықтырылуы армиялық авиация бөлімшелерінің тапсырмаларды орындау мүмкіншіліктерін арттыруға мүмкіндік беретінін айта кетейік.