Көкшетаулық шенеуніктер Дариға Назарбаеваны алдап соққан

/uploads/thumbnail/20170708233326878_small.jpg

Премьер-министрдің орынбасары Дариға Назарбаева Ақмола облысының орталығы көкшетау қаласына барған сапарында жергілікті шенеуніктерден оңбай алданған сияқты, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы.

«Вице-премьерді алдау» операциясының жай-жапсарын «Фейсбук» әлеуметтік желісінде жергілікті Мәлік Ғабдуллин музейінің ғылыми қызметкері Оюлы Қуаныш Ерғалиұлы жайып салған.

«...Қош, сонымен Дариға Назарбаева Көкшетауға келеді деген хабар тараған соң біздің Ақмола облысында ала шапқын басталды дейсің бір. Елдің бəрі анау үш тілге қатысты реформа қабылданбаса екен деп уайымдап жүрсе, біздің басшылар соған атсалыспақ ниетте екен. Тіпті қатты тырысқаны соншалық Дариға ханымның өзін алдап жіберген ғой. Дариға нөмірі №2 мектепке бармақ болған екен, біздің сұңғыла басшылар екінші мектептің оқушыларының орнына №3 мектептің оқушыларын отырғызып қойыпты. Отырғызып қойып «биология» пəнін ағылшын тілінде өткізіпті.

Əй, сабаздарым-ай! Не деген ақыл, не деген ми?! Осы жағдайға байланысты ата-аналар мен ұстаздардың, оқушылардың арасында реніш бар. Кім өзін, болмаса өзінің баласын біреуден кем көреді? Əрине, реніштері орынды», - деп жазады ғылыми қызметкер.

Көкшетаулық білім беру саласы шенеуніктерінің былығын ашқан Қуаныш Ерғалиұлы мұндай әрекеттердің ең алдымен ұрпақ тәрбиесіне кері әсер ететінін айтып отыр. 

«Ал, енді басты мəселе – біз кімді алдап жүрміз?! Жас ұрпақты өтірікпен ауыздандырып жүріп, қалай бетіміз бүлк етпей тəрбие туралы сөз айтамыз?! Сонда Дариға Назарбаеваны қарсы алуға облыстың ығай-сығайлары барған, кім екенін аттарын атап, түрлерін түстемей-ақ қояйын, солардың біреуі осы мəселе туралы жақ ашпағанына налимын. Ел боламыз дейміз, қайдан ел боламыз мына түрімізбен жас баланың көзін бақырайтып қойып көзінше "ойнас жасап" жатсақ. Ұят емес пе?! Күлеміз бе, жылаймыз ба?! 
Осы жазбам үшін жергілікті билік менің де маңдайымнан сипамасын білем! Бірақ үндемей қалуға азаматтық ар-ұжданым жібермеді. Үн қосыңыздар ағайын! Ана тілі оларға керек болмаса бізге керек! Мен баламның мəңгүрт болғанын қаламаймын!», - деп қорытады ойын Қуаныш Ерғалиұлы.

Қатысты Мақалалар