Алматыдағы зираттардың күтіміне жауапты «Мамандандырылған рәсімдік қызметтер комбинаты» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны сатылымға шығады, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы Tengrinews.kz – ке сілтеме жасап.
Бұл туралы кәсіпорын басшысының орынбасары Марат Исмаилов хабарлаған.
Жекешелендіру арқылы жеке кәсіпкерлерге кәсіпорынның 51 пайыз үлесін сатып алу мүмкіндігі туып отыр. М. Исмаиловтың айтуынша, кәсіпорынның 49 пайыз үлесі мемлекетте қалатын көрінеді.
«Қазір біз кәсіпорынның призентациясын дайындап қойдық. Мекеменің жағымды, жағымсыз қырлары бәрі айтылады. Құжат қазір Алматыны дамыту орталығынан сараптамадан өтуде. Ол жерде бекітілген соң тиісті сайтқа орналастырылады. Бұл мәселемен қаланың қаржы басқармасы айналысады», - дейді ол.
Кәсіпорыннан үлес сатып алған кәсіпкер комбинат көрсететін қызметтен түскен қаражаттан пайда таба алады. Сонымен қатар, қабірстандардың күтіміне жауапты болады.
М. Исмаилов қаладағы барлық зираттардың жағдайы мен кәсіпорын жұмысын бақылауда ұстайтын болатынын да айтқан.