Эдуард Лимонов, «Другая Россия» партиясының төрағасы: НАЗАРБАЕВ БИЛІКТЕН КЕТКЕН СОҢ ҚАЗАҚСТАННЫҢ «ОРЫС ҚАЛАЛАРЫ» РЕСЕЙ ҚҰРАМЫНА ӨТУІ КЕРЕК

/uploads/thumbnail/20170708233442496_small.png

Ресей мен ондағы көптеген (!) саясаткерлер бұрынғы КСРО аумағын өз меншігі санайтыны бүгінде ешкімге жасырын емес. Бұл ойларын ресейлік саясаткерлер, тіпті, кейбір жазушыларға дейін ауық-ауық елдің есіне салып тұрады. Орыс халқына бауырлас, тарихы, тағдыры ортақ ел Украинаны ала тайдай бүлдіріп, Қырымды едел-жедел өткен «референдум» көмегімен басып алу сол «ойлардың» біртіндеп жүзеге де асып жатқаны емес пе?

Кеше «Русская планета» сайтында ресейлік жазушы, «Басқа Ресей» (Другая Россия) партиясының жетекшісі Эдуард Лимоновтың «Идеяльная Россия» атты мақаласы жарияланды. «Керемет Ресейді» көксеуші мақаласында жоғарыда айтылған жайттарды тағы бір бекітіп алғысы келген.

Ресей болашағының қалай болатынын болжаған Э. Лимонов бұрынғы КСРО құрамында болған елдерді, олардың жерлерін Ресейге қосу керек деп ашық айтып отыр.

Оның ойынша «Орыс империализмінің жоспары» былай болуы керек екен:

«Украинаны Польша, Венгрия, Румыния, Словакияның көмегімен күл-талқан ету керек. Яғни, КСРО 1939-1946 жылдары алып берген аумақты қайтадан тартып алу қажет. Украинаға Киевтің айналасындағы 9 облыс жетеді».

Лимонов бұл елдерге аумақтық талап қоюдың омай еместігін, алайда мүмкін емес деуге мүлдем болмайтынын айтады.

Жазушы-саясаткер бүгінде поляктар Украинаны қолдаған өз билігіне наразы көрінеді. Осыны пайдаланып, Польшаны Украинаға қарсы қоюды көздейді.

Венгрия мен Словакия, Румынияға да «түсіндіру» жұмыстарын жүргізу керек екен. Украинаның орыстар тығыз қоныстанған Харьков, Одесса, Запорожье, Херсон, Николаев облыстарынан басқа аумағын аталған елдерге бөліп беру арқылы оларды Ресейге қаратып алуға болады деп санайды екен Э. Лимонов.

Осылай дей келе Лимонов «АҚШ пен НАТО қолтығына тығылған Балтық жағалауы елдердің Ресейге мүлдем керек емес» екенін айтады.

Балтыққа қызықпаса да Ресейдің көз алартатын басқа аумақ бар. Ол – Қазақстан. Қазақстанның солтүстігі, батысы мен шығысындағы қалалар!

«Ал, шекарадан тыс, Қазақстанда қалып қойған орыс қалалары бізді қызықтырады. Оралдан бастап Өскеменге дейінгі орыс қалалары түгел Ресей құрамына өтуі керек», - дейді Э. Лимонов.

Ол мақсатқа жету үшін, әрине, Қазақстанда тұратын орыс диаспорасын пайдалануды ұсынады.

«Қазақстанда қазір 4 миллионнан астам орыс тұрады. Бұл – қазақ билігінің қасақана кемітіп көрсеткен сандары. Қазақ халқының әкесі, біз үшін аса құрметті, Нұрсұлтан Назарбаев дүниеден өткен соң, Қазақстанда элита бір-бірімен соғысады. Сол кезде орыс қалаларында жергілікті реферандумдар өткізетін, оларды Ресейге қосатын тамаша мүмкіндік туады», - деп отыр «Басқа Ресей» басшысы.

Э. Лимонов мырза, тіпті ол референдумдардың нәтижелерін де жайып салған.

«Оған қазақтар келісе ме, келіспей ме, ол - өздерінің шаруасы. Бірақ, оларда басқа баратын жер, басатын тау жоқ: мұнай мен газға, сирек металға бай Қазақстанға көз тігіп ұлы Қытай тұр. 17 миллион ғана халық, оның жартысы қазақтар емес (онда әлі миллиондаған немістер бар), алып елге ие бола алмайды. Оларға көмектесейік. Артық жерін алайық», - деген сөздер ресейліктердің елдегі ішкі саяси ахуалды мұқият қадағалап отырғандығының, қажетті жоба-жоспарларды құрып қойғандығының дәлелі емес пе?!

Сөзін «Бізге Орыс әлемі керек пе? Онда оны бірге құрайық!» деген ұранмен аяқтаған Э. Лимонов амбициясының тай жеген бөрідей екенін көрсетіп отыр. Ал, биліктің жоғары деңгейінде бюджетке ақша тарту үшін жер сатуға кіріскен, басқа айналысатын жұмыс таппағандай смартфондармен соғысқан қазақ билігі не дер екен?

Дархан Мұқантегі

Қатысты Мақалалар