Арғы атам ер түрік,
Біз қазақ еліміз.
Самал тау, шалқар көл,
Сарыарқа жеріміз.
Сай сайлап, мал айдап
Сайрандап, иен жайлап,
Ерке өскен Арқаның
Еркесі серіміз.
Біз жүрген алаштың
Шын кемеңгеріміз!
Егессек ел бермес
Еңіреген еріміз.
Бұғаудан босаған,
Біз долы арыстан.
Долданса болмайтын,
Жаңа дәу періміз!
Ат мінсек, жел болып,
Суылдап шабамыз.
«Лап!» десек ерленіп,
Дуылдап жанамыз.
Алаштың ақ туын
Қолға алып, ақырып,
«Алаш!» деп шапқанда,
Жауға ойран саламыз!
Ер түрік ежелден
Оқ тескен етіміз!
Қаймығып еш жаудан,
Қайтпаған бетіміз.
Жаусын оқ, ақсын қан,
Шықсын жан, қорқу жоқ.
Алаштың жолында,
Жан қимақ - ниетіміз.
Біздерге сөз бе екен,
Жауыңның көп, азы!?
Өлсек хақ шаһитпіз
Өлтірсе біз қазы.
Жол болып жау шауып.
Сау қайтсақ боламыз,
Қазақтың шын ұлы,
Қаһарман сабазы!
Алаштың әруағы
Жебесін, қолдасын!
Ақсақал тілей гөр,
Сапарды оңдасын!
Жасаған жар болып,
Қазақтың еліне
Жасатсын, сақтасын
Алаштың ордасын!