Қадірбек Демесін: "Мұхтар Шерімнің сатирасы - саяси, оны сахналай алмаймыз"

/uploads/thumbnail/20170708151439900_small.jpg

Халықаралық әйелдер мейрамының қарсаңындағы бір-екі күн берілер демалысты пайдаланып ауылға барып-қайттым. Қайтар уақытта  Вокзалға 20 минут ерте барғам, ығы-жығы халықтың арасынан бір кісінің сұлбасы көзге анық шалынып,көз алдымда  бояуы айқындала түсті. Сөйтсем, «Тамаша» әзіл-сықақ театрындағы Марат Көккөзов екен. Дереу барып амандасуға бұрыла бергенімде,алдымнан дүкенге қарай жылжыған Қадірбек Демесін ағамыз кезіге кетті! Таңданып тұрсам да түр бермеген қалпы қос қолдап сәлем беріп, қазақы қалыптың рәсімін жасадым. Онан кейін Марат ағамызға амандасып,жөн сұраса келе «Тамашаның» Қызылорда облысына гастрольдік сапармен келгендігінен хабардар болдық. Барлық аудандарды аралапты. Марат ағамыздың жанында  тағы да бір кісі тұрған болатын. Ол кісімен де есендесіп, әңгіме ауанынан марқұм Нәби Айтмұратовтың әкесі екенін білдім. Көңіл білдіріп ол кісі де тағдырдың жазмышына көндіккен кісінің кейпін танытты. Қысқасы қарсы алдымда қара жаяу адамдар емес. Аздан соң Марат аға әгіме бастады.

-   Інішек қайда барасың?

-   Алматыға аға,сіздер?

-   Онда мына Қадекең екеуің жолсерік болатын болдыңдар.

-  Сіздер ше?

-  Біз кешкі пойызға билет алып қойдық,өткізілген іс-шара жайында әкімшілікке есеп беруім керек ,асықпай шығамыз - деді. Қай вагондасың?

-  20. Аға сізше?

- Ойбайуй,менде сондамын - деді Қәдірбек ағамыз.

- Онда інішек мына ағаңның Алматыға жетем дегенше,дегеніне жарарсың.Шай суын қамтамассыз ет!

-  Аға ол жағынан уайымдамаңыз!

Осылай қысқаша есен-сауқаттан кейін пойыздың келер уақыты таяп жүктерді көтеріп жылжы бастадық. Пойызға жайғасып,жайланған соң ағамыз орналасқан күпеге бардым. Мен 8-ші,ол кісі 27-ші орындарда екен. Қасына Қызылордалық студент жайғасыпты. Есімі Әлібек екен. Ағамызды күнде көре бермейміз,көре қалған күнде кеңінен отырып сұхбаттасудың реті қайда?  Іште төлдеген сұрақтардың жамыраған үні байыз тапқызсайшы. Асатпай жатып құлдық деп сұрақтың сауырын қамшыға аламын ба деп едім,ыңғайсыз көрдім. Келсем ағамыз әлгіндегі Әлібекпен шүйіркелесіп отыр. Әлекеңдер орысшалау болғанымен оқығаны бар азамат екен. Танысуымыз жеңіл,ұғысуымыз оңай болды. Қалған әңгіменің дәмдісі дастархан басында болатынын сезгендей Әлібек екеуміз шай қамына кірістік. Мен шайға әкелгенде,ол демдеумен әуре. Шай қызуы бойға тарап,қуаты тілге оралғанда Қадірбек ағамыз сөз бастады. Алдымнен «қай жақтан,қайда оқимыз,қай елден» екендігімізді түгендеп алып, туған жерімізге қатысты шежірені «шемішкедей» шақты. Осы құралпы сұрақтар жершілдікке,рушылдыққа емес білмек үшін қойылып отырғанын іштей сезгем. Менің мамандығым тілші екенін білгем ағамыз ақыл аралас сынын да сыналай кіргізді. «Машықсыз маман болмайсың,шырағым! Жассыңдар,сендерге әлі «оқу керекті» кіргізіп қойды. Сахна сыртындағы салмақтылығы мен сарабдалдылығы таңдандырды. Сонан соң әңгімен ауаны өнер айналасына ауысты. Сұрақты сұрыптап отырған басым,өзі бастап кеткенде сасып та қалдым. Іркілген ойды іштей жорамалдағандай бастап та кетті. Қадірбек ағамыз қазіргі күнгі кинолардың көшке қосылып,енді-енді белді-белді режиссерлердің жарыққа шыға бастағанын баян етті. Баян Есентаеваның продюсерлігімен түсірілген «Тракторшының махаббаты» фильмінің көпшіліктің сұранысына ие болып,үш ауысымда қайталанып көрсеткені баршаға мәлім.Ол фильмде Қадірбек ағамыз фермердің рөлін ойнайды. Сөз арасы ағамыз «бұрындары дыбыс режиссері,ассистенті орыстар еді. Олар қанша жерден кәсіби деңгейі мықты болғанымен қазақты қазақша түсіне алмайды. Ал кей оператор түсірілімге немқұрайлы қарап, біліктілігін «снятадан» әрі асыра алмайды. Қазір шүкіршілік жастар келіп жатыр,әрине қазақтар. Олар өзіндік шеберлікпен,актердің ойын түйістіріп,толыққанды дүниені жарыққа шығарады.Менің жастарға жақ талмай қайталайтыным «шетелді атыс шабыспен таң қалдыра алмайсың,ұлттық коларит киноға дендей ену керек. Бірде курортта түсірілім жасап жатқанымызда анадайдан 4-5 адамның қарасы көрінді. Бақсақ,ағылшындар екен. Ұлттық мейрам наурызға байланысты еді түсрілім. Киіз үй,сырмақ,томағалы бүркіт есік алдында. Олар жанымызға келіп томағалы бүркітке тамсана қарап, сүретке түсу үшін долларларын ұсынып мәре-сәре болдыда қалды. Таңданыстарын өз тілінде өздеріне түсінікті түрде жеткізіп жатқанын,бізге жетпесе де түсініп тұрмыз. Сонда жанымызда небір дөкейлердің зәулім үйлерін елемей,таңсық болған киіз үйдің кереметін көріп көңілдері марқайды. Айтайын дегенім оларды өздерінде бар нәрсемен бағындыру бекершілік,ұлттық құндылықтарымен қызықтырмасақ,қалғаны қиын..» - деді. Айтпақшы, Қадірбек ағамыз «Шал» фильміндегі басты рөлді сомдаған Қасымхан Тоғызақовқа дубляж жасаған адам. Оны өзім сол сапар барысында білдім. Тағы бір қуанышты жаңалығы биыл «Тамашаның» 35 жылдық мерейтойын 14 наурыз күні Республика сарайында атап өтпек екен. «Қазіргі күнгі сатираның хәлі қалай? - деген сұрағыма : « Қазір жазатын сатириктерті емге таппайсың. Толымбек науқастанып қалды,Көпен жазбайтынын айтты,Мұхтар Шерімнің сатирасы саяси мәселелерді қамтығасын оны сахналандыра алмаймыз. Бұрынғы кезде сатириктердің жазғанын қарап үлгермейтінбіз, актердің басы ауырмайтын,қазір сықақ іздеп,жалынатын болдық. Актерлердің өзі жазатын болды болмаған соң. Сөз арасы қазіргі күні жаңбырдан соңғы саңырауқұлақтай қаптаған «театрсымақтарды» сынап та өтті. Өнер дегеннің киесі болады шырағым. Кім көрінген қомсынбай кірер кедейдің үйі емес» - деп түйіндеді. Өнер айналасындағы сұрақтарды  біраз қанағаттандырған соң,өмірдің өзінен көзі жетіп,көңілге түйген жағдайларын айтты. «Балам кез келген асығыс,ат үсті жасалынған нәрседен нәтиже күту ақымақтсы ісі, осы сөз өмірлік азығың болсын»  - деп бір қайырды. Біз уақыттың зымыранша зырлағанын зәуде байқамай да қалыппыз. Онан соңғы әңгіме қазақты қойып шет ел кезіп кетті. Әлемдік жаңалықтардан да ағамыз хабардар екен. Санада сансыраған сан сауалына жауабын тапқан көңіл қанағаттанды. Тек өнердің айналасында шектелмей сан салада сауаттылығын,сұңғылалығын байқатты. Советтік кезеңнің өз көңілінде таразыланған артықшылықтары мен кемшіліктеріне де тоқталды. « Ол кез өнер мен әдебиеттің «алтын дәуірі», кино индустрияның да дамыған кезеңі,ең алғашқы қарлығаштарын жарыққа шығарған кезі еді» - деді ағамыз. Жақсымен болған жарым күн жаманның өтіп кеткен ғұмырымен тең депті ғой. Осы сөздің растығына расыменде көзім жетті. Күндіз басталған әңгіменің мәресі түн ауа аяқталды. Ертесіне ертесімен Алматыға жеттік. Алматы -1 вокзалынан түсіп,ағамызды қоғамдық көлікке дейін шығарып салдым. Қадірбек ағамыз қолымды алып тұрып,алдағы  «Тамашаның» 35 жылдық мерейтойына шақырды.

 Орынбасар Бақытбек

Қатысты Мақалалар