Ербол Азанбек. Телеарналарды жабу жалғасады

/uploads/thumbnail/20170708151439651_small.jpg
Телеарналардың жабылып жатқанына ішіңіз ашып отыр ма? Меніңше бұл үрдіс әлі жалғасады. Бұған басты себеп интернет ресурстардың ықпалы. Қазірдің өзінде әлеуметтік желі мен сайттар ақпарат тарату жағынан телеарналардан озып тұр. Бірақ телеарналар әлі де ең ықпалды құрал. Бірақ, сол ықпалы күн санап азайып келеді. Ең ықпалды болуына себеп – қазақстандықтар әлі де толықтай ақпаратты интернеттен алып отырған жоқ. Басым бөлігі ақпаратты телеарналардан алады. Ықпалының азайып келе жатуына себеп жаңалықтарды ә/ж мен сайттар жылдам таратқан соң, оны телеарналардағы жаңалықтан қайталап көру қажеттілігі жоқ. Мен мысалы кешкісін үйге күні бойы ә/ж мен сайттардан оқыған жаңалыққа «тойып» барамын. Кешкісін тек көңіл көтеретін бірдеме көргенді қалаймын. Бірақ, ол да жоқ) Сондықтан, телеарналар ойын-сауықтық бағдарламаларға бет бұра бастады. Бұл үрдіс интернет қолданушылар көбейген сайын жалғасады. Ұзақтау мерізімді болашақта тек жаңалық тарататын мемлекеттік бір немесе екі арна ғана қалуы мүмкін. Ал, қалған арналар арасында бәсекелестік артады, одан рейтингі мықтылары ғана қалады. Қалғандары гуд-бай. Ойын-сауықтық бағдарламаны көрсетуде телеарналарға интернет бәсекелес болатындығын тағы ескеріңіз. Интернет ресурстардың ықпалы күшейген сайын идеология құралы рөлін де өзіне ала бастады. Газеттердің мүлдем жабылып немесе сайтқа айнала бастауы да соның көрінісі. Алайда тағы сол интернетті жаппай қолдану деңгейінің төмендігінен БАҚ әлі де болса, идеология құралы. Сондықтан, мемлекет әлі де дәстүрлі БАҚ-қа, оның ішінде қазақ тілді БАҚ-қа қаржылай қолдау білдіріп отыр. Өкінішке қарай мұның кері әсері БАҚ-ы бәсекеге қабілетті контент ұсынып отырған жоқ. Тек «тапсырыс берушінің» тапсырысын орындап қана отыр. Егер дәстүрлі БАҚ-тың идеология құралы ретіндегі рөлі азая бастаса, мемлекет қаржылай қолдауды тоқтатады. Онда қазақ тілді БАҚ-тың 99 пайызы жабылып тынады. Редакциялар мемлекеттен ақша алуды емес, қазірден-ақ бизнес көзіне айналдыруды ойластыра бастауы керек. Журналистер мультимедианы, тілді меңгеруге күш салғаны дұрыс. Газеттер мемлекеттен емес, оқырманнан «ақша алғысы» келсе, өнімін түрлентіп беруге күш салуы керек. Өнімді түрлентіп беру үшін тіл білмеймін деп тағы отыра алмайсың. Сарапшының көбі өзге тілді. Көршінің тілін жек көрсең ағылшын тілін үйрен де, солардан пікір ал. БАҚ құрғақ, зерттелмеген ақпарат, мақала, сұхбат қана емес, аудио, видео, инфографика түрінде ақпарат тарата алуы керек. Қазақстандық журналистиканы, журналистерді әл талай өзгеріс күтіп тұр. Өз басым БАҚ-дың ашылу, жабылуларына таңқалмаймын.

Қатысты Мақалалар