Осы аптада ақпарат құралдарының сынына арқау болған тақырып - Парламенттің шаруашылық басқармасы электронды сатып алулар порталы арқылы 11 мың құты арақ-шарап сатып алмақ болған әрекеті. Ақпарат құралдарының жазғанын әлеуметтік желі қолданушылары да іліп әкетіп, депутаттарды жерден алып жерге салды. Осы мәселеге орай, парламент жақтан бүгін ақталуға ұқсайтын ресми жауап шықты.
«Парламент шаруашылық басқармасының әкімшілік ғимараттар дирекциясы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны деп аталатын мекеме БАҚ-тардың электронды пошталарына орын алған жағдайға қатысты түсінік берген баспасөз хабарламасын жолдады. Онда кәсіпорын басшылығы тендер жарияланған порталға салынған мәліметтерде қате кеткен деп отыр. Шын мәнінде сатып алынбақ арақ-шарап саны 11 мың құты емес, бар болғаны 519 шөлмек қана екен.
«519 дана алкогольді өнім сатып алу үшін нарыққа талдау жасалды. 11000 деген сан қате. ҚР Парламенті Шаруашылық басқармасының сайтындағы жарияланымда адам факторымен байланысты қате кеткен. Мемлекеттік сатып алулар порталындағы материалдарды көшіру кезінде 519 дананың орнына 11000 дана деп жазылып кеткен. Қазір осы мәселе бойынша қызметтке тексеру жүруде. Ақпаратты бұрмалауға қатысы барлар тәртіптік жазаға тартылатын болады», - делінген хабарламада.
Хош. Сонымен, парламенттің шаруашылық жұмыстарына жауапты кәсіпорын халық қалаулыларының тұтынуы үшін спирттік ішімдік алынатынын мойындады. Тек, санынан қате кетіпті-міс. 11000 мен 519-дың арасы жер мен көктей, әрине. Заң шығарушы органға қызмет көрсетушілер де сол үшін шыр-пыр болып отыр.
Осы жерде тағы да «что-то не то» дегізетін тағы бір жәйтті айта кетуіміз керек. Кәсіпорын осы хабарламада аталған мөлшердегі арақ-шарапты сатып алу үшін 2 миллион теңгеден артық қаражат бөлінгенін және оның республикалық қазынаға қатысы жоқ, кәсіпорын бюджетінің ақшасы екенін жазған. Дөңгелектей есептей салғанның өзінде, депутаттар үшін алынатын әрбір шөлмекке шамамен 4 мың теңге жұмсалатынын көресіз. Сол депутаттар қабылдаған заңдарға сай елімізде алкогольді өнімдерге берілетін акциз бағасының жылдан жылға өсіп отырғанын білеміз. Бірақ, қазақстандық зауыттардан шығатын арақ-шарапты соншалықты қымбаттады деп те айта алмаймыз. Әлде, халық қалаулылары «ауылдың арағы сасық» деп шетелдік маркаларға тапсырыс берген бе?
Жомарт Абдоллаұлы