Мемлекет қорғауындағы Сарайшық қаласының орны жойылып кету алдында тұр

/uploads/thumbnail/20170709000121921_small.jpg

Атырау қаласының іргесіндегі көне қала Сарайшық орнын толассыз жиналатын судан жойылып кетуі мүмкін. Бұл туралы еліміздің Мәдениет және спорт министрі  Арыстанбек Мұхамедиұлы Сенат депутаттарымен кездесуде мәлімдеді.

Министрдің айтуынша тарихи орын су астында қалуы мүмкін.

«Бұл мәселені бақылауда ұстап отырмыз. Сарайшық – Алтын Орданың астанасы болған тарихи қала. Өкінішке орай, қазір онда Жайық өзеніндегі жағдайға орай қиындық туып тұр. Сіздер білуге тиіссіздер, мұнда нақты шекаралар бар. Яғни, Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, Тамғалы ескерткіштері, Есік қаласы сынды тарихи орындарға біз тікелей жауаптымыз. Олар – республикалық қорық, музейлер болып саналады. Ал, Сарайшық қаласы Атырау облысына қарасты. Оған солар жауапты. Егер осындай апаттық жағдай Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде, Отырарда болса, біз ол үшін тікелей жауапты болар едік. Мұнда нақты градацияны түсіну керек», - дейді министр.

Тарихи орынның тағдырын Атырау облысы басшыларына ысырған министр бұл мәселеге орай облыстың бұрынғы басшысы, бүгінде Мәжіліс депутаты болып отырған Бақтықожа Ізмұхамбетовпен әңгімелескенін де алға тартыпты.

Сарайшықтың ахуалы әлеуметтік желі қолданушыларын да аз алаңдатып отырған жоқ. Фейсбук әлеуметтік желісінде Жандос Темірғали есімді қолданушы тарихи қаланың сумен шайылып кетуі мүмкін деп дабыл қағуда.  

Оның айтуынша, жыл сайын тарихи қаланың орнын су алатын көрінеді. Су кері қайтқанда ондағы тарихи ескерткіштер де шайылып, адамдардың сүйектері жер бетіне шығып қалатын көрінеді.

«Мемлекет бұған шұғыл араласып, өзеннің арнасын бұруы немесе бөгет салуы, сол арқылы осы күнге дейін сақталып қалған мұраны аман алып қалуы қажет», - дейді Ж. Темірғали.

Қатысты Мақалалар