Алматы халқы жер сатуға қарсылық білдіріп көшеге шықты, - деп хабарлайды Qamshy.kz 31-арнаға сілтеме жасап.
Жай уақытта басы бірікпейтін қоғамдық ұйымдар қарсылық акциясына бірге келді. Бейбіт шеруге келген халықтың талабы ортақ – «жер сатылмасын!». Билік өкілдері жердің сатылмайтынын, тек жалға берілетінін айтып қанша алдаусыратқанымен, халық 1 шілдеден бастап талапайға түсетін жердің болашағына алаңдайды.
Жыл сайын 22 сәуірде Ленинді ұлықтайтын коммунистер де, аттандап ұран тастайтын Амантай қажының қозғалысы да, алашшыл топ өкілдері де үкімет бастамасына қарсылық білдіріп, жер сатуға қатысты пікірлерін айтуға бірге жиналды. Саяси бағыттары қайшы топтар бір митингтің өзінде бөлініп тұрғанымен, "жер сатылмасын!" деген ұстанымдары ортақ.
АРСЕНТИ НАПОЛИМО, Митингке қатысушы:
- Жерді саудалауға патша өкіметі кезінде де, кеңес одағында да қатаң тыйым салынған. Жер қашан да халықтікі болған. Егер қазір билік жер сатуды бастаса, онда елде капиталистік жүйені дамытпақшы.
СӘЛІМБАЙ ОРАЗАЛИЕВ, "Жер ана" қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
- Жерді товарға айналдыруға болмайды. Бұрынғы совет кезіндегідей жер мемлекеттің меншігінде болу керек. Кімге керек жер, мысалы, ауылшаруашылық мақсатта, барсын да арендаға алсын.
"Жер ана" бірлестігінің төрағасы нақты жоспары болмаса да, жер сатылмасын деген үндеуді бейбіт түрде билікке жеткізуге тырысамыз дейді. Бірлестік мүшелері бір айдан кейін жаппай қарсылық білдіреміз деп жоспарлауда. Ал Амантай қажы бұның бәрін сәтсіздік пен саяси жүйедегі олқылықтардан көреді.
АМАНТАЙ ҚАЖЫ АСЫЛБЕКОВ, "Аттан, Қазақстан" қозғалысының жетекшісі:
- Жер сатылған ол жаман нәрсе. Ол - қазақтың жері Алла берген. Сатуға болмайды. Еш мемлекетте ондай жоқ. Бұл қазақта ғана болып тұр. Мынау мафия, коррупция қазақтың кең байлығын сатып-сатып, майланып-майланып ұры болып алды ғой.
Наразылықтарын ашына айтқан халық пікірлеріне билік құлақ аспаса қарсылық шараларын жалғастыра беремекші. Жер сатуға қарсылық білдіру келешек ұрпақ қамы дейді олар.