Махмұд Рақымжанұлы, музыкант: ӘР ӘУЕННЕН ҰЛТТЫҚ БОЯУ ІЗДЕП ТҰРАМЫН

/uploads/thumbnail/20170709003845927_small.jpg

«Бұрын дауысы барлар ән айтатын, қазір ауызы барлардың бәрі ән айтады» деген қағытпаны бүгінде жиі естиміз. Жасыратыны жоқ қазіргі қазақ эстрадасы даңғаза әуен мен дүдамал ән мәтіндерінен көз сүрініп, құлақ тұнатын жағдайға жетіп отыр. Дегенмен, өнердің төл мәдениетіміздегі орнын түсірмей, әннің қадірін бағалайтын, сапаға ерекше мән беретін әншілер мен сазгерлер де аз емес. Осы орайда әншілердің әуендерін әрлеп, жаңа жазылған туындыны халыққа дайын өнім ретінде ұсынатын аранжировка мамандарының, ән жазу студияларының маңызы туралы да айтпай кете алмаймыз. Әнші сазгер мен ақын туғызған дүниені халыққа осы мамандардың көмегінсіз ұсына алмайды. «Қамшы» порталының оқырмандары үшін осындай аранжировка маманы, кәсіби музыкант Махмұд Рақымжанұлымен арнайы сұхбаттасқан едік. Сол сұхбатты да оқи отырыңыздар.

Арғы беттегі қазақтарды дүние қазақтары десем артық айтқаным емес. Сол қазақтың ішінде өзіңді білмейтін адам кемде-кем. Жалпы осы күнге дейін қазақтың бүгінгі әншілік өнерінде, музыка өңдеу саласында өзің бір мектепсің, өзінше бір стиль қалыптастырдың. Осындай сүйемел музыка жасаудан өзіңнің  бір даралығың, табиғатың, сахнаң бар. Бірақ біраз уақыттан бері өзіңді  жоғалтып алдық. Жалпы қазір қайда жүрсің?

Мен қазір 2 жыл болып қалды, атажұртқа келіп, осы жаққа жаңағы өзің айтып отырғандай қазақи дәстүрлі стильіммен келіп, сонымен біраз жұмыс жасайық дедік. Бір жағы келер ұрпақ үшін, балаларымның болашағы үшін келіп отырған жайымыз бар. Негізінен «Өнер» деп келгеніміз анық. Бұл жер өнердің ордасы, өнердің қара шаңырағы. Кішкентайымыздан сонау Құрманғазы мен Тәттімбеттің күйлерін естіп өскенбіз. Өзім домбыра мамандығын бітіргем, кейінірек оркестрден кішкене сабақ алып, Қытайдағы оркестрлерге, ансамбльдерге бөлуді, содан кейін оранжировкаға түсіріп, осы аранжировканы қазақи дәстүрге жақындатып жасау стилін үйреніп, меңгердік. Ол жерде де біздің сұранысымыз көп болды. Десе де олқылықтар бар сияқты көрініп, Қазақстанға келсем, атажұртта да өнер үйренсем, мектептерден өтсем деген идеямен көшіп келдім.

Жақсы, Мәке. Енді мұндағы жұртқа қарағанда, арғы беттегі елге аңыз болып келдіңіз.Ал осы Қазақстандағы өзің туралы біле бермейді. Өзіңді бір таныстырып өтсең.

Мен – Махмұд Рақымжанұлы. 1980 жылы Құлжа қаласы, Текес ауданы, Шолақтерек ауылында дүниеге келдім. Бала кезімнен, нақтырақ айтсам, 4 жасымнан домбыра шерте бастадым. 8 жасымда гитараны да еркін меңгеріп алдым, ал 11 жасымнан пианиноға отыра бастадым. Оның бәрі анамның қолдауымен болды, ал әкем 11 жасқа толған шағымда дүниеден озды. Кішкентай кезімнен әнге әуес болдым. Бір үйде алты ағайынды, жалпы әкем жақтан он екі ағайынды болдық. Бәрі де домбыра ұстап, дәстүрлі әнге ептері бар өнерге жақын болды.Соның ішінен өнерді ары қарай     алып кеткен мен болдым.

Осы жерде айта кететін бір жайт бар: Қожеке деген атамыз болған. Күйші. Сол кісінің өзі ұстаған домбырасы құдайдың құдіретімен менің қолыма келіп түскен. Сол домбыра қолыма қалай келді, менде солай 4 жасымнан домбыраның құлағында ойнап кеттім. «Бақ қонады» дейдіғой қазақта. Солай маған да бақ қонды. Әкем әкеліп берген сол домбыра өнер жолына алып келді.

Одан ары қарайғы өнер жолың туралы да айта отырсаң.

1996 жылы Іле қазақ автономиялық обылысы, Күйтүң қаласындағы облыстық көркем өнер мектебіне оқуға түстім. Ол жерде «Домбыра» мамандығында 3 жыл білім алып, сырттай пианинодан да сабақтарға қатыстым. Кәсіптік өремді кеңейту үшін. Ол жерді бітірген соң Текес ауданына барып, ойын- сауық үйірмесіне жұмысқа тұрдым. Жұмыс істеп жүріп, мекеменің қолдауымен обылыстық ән- би үйірмесіне бір жылдық үйренуге аттандым. Ол жерден ұлттық аспаптарды бөлу, ансамбльдік оркестрді бөлу, оркестрді нотаға түсіру сияқты дүниелерді үйреніп шықтым. Содан кейін ауылға қайта оралып, өзіміздің 17 адамнан тұратын ансамбліміз бар, солармен байланыс жасай жүріп, әндерді, күйлерді нотаға түсіріп, қазіргі заманғы, техникалық замандағы маңызды дүние аранжировкаға қарай бет бұрып, 2003 жылға дейін сонымен жұмыс жасадым. 2003 жылдан бастап Үрімжідегі «Жаңа әуенде» жұмыс істей бастадым.

«Жаңа әуендегі» қанат қаққан жас әншілерге ұстаз ретінде, аға ретінде, өзімнің білуімше, сахнаға шыққан әрбір қазақ баласына көмек көрсетіп, біраз таланттың бағын аштың ғой.

Иә, енді ұмытпасам сол «Жаңа әуенде» жүргенде бір мыңнан астам әннің сүйемелдеуін жасадым. Оның да сәтті шыққаны бар, сәтсіз шыққаны бар, менің стилім қазақи, халықтық дәстүрге келетіндіктен ойлағанымдай шықпай қалғандары да болды.

Жақсы, біз осыны басынан-ақ айтып жатырмыз қазақи стиль деп. Сен өңдеген әндерді бір естігеннен-ақ тайға таңба басқандай танимыз.

Қазақстанда мүмкін білмейтін де болуы керек. Менің жасаған аранжировкамның арасында көбінесе домбыра жүреді, саз сырнай мен шаңқобыз жүреді, соқпалы аспаптардан дауылпаз да, сылдырмақ асатаяқ, қоңырала асатаяқ та жүреді. Мұның бәрін мен өзім қосамын. Қолымда барлығы бар. Осылай өңделген әндерім арғы жақта жақсы танылды. Қазақстанға мүмкін жетпеген де болар.

Енді сол әндер туралы да айта отырсаң?

Қандай әндер болғанда бәрі де дәстүрлі әндер. Оның бәрінің атын атап, түсін түстеп бере алмаймын. Өйткені, 2004 жылдан бері қаншама әндерім жарық көрді. Солардың бәрін еңсеріп алға шыққан әнім "Қара жорға" болды. Бұл әнді 2004 жылы жасадым.  Төрт жігіт орындады. Мерей Тұрдақын деген досым сөзін жазды.

«Қара жорға» негізінде би, оның өзіндік музыкасы бұрыннан бар. Ол күй «Салкүрең» деп аталып келген. 1964 жылға дейін сол күйге билеп жүрдік. Сол кездің өзінде Бағдат Естемес деген композитор ағамыз сол күйді өңдеп, кәдімгі музыкаға айналдрған, ал Қымбат деген биші апамыз «Қара жорғаны» алғаш рет сахнаға алып шығушы болған. Біз сол сан рет өзгеріске ұшыраған күйдің ең алғашқы түп нұсқасын пайдаланып, осы әнді өмірге әкелдік. Менен кейін де біраз әншілер барып жасатып кетті осы әнді.

Бір кездері ұлттық арнадан да жарық етіп бір көрінгенің бар. Сол кезде қуанып қалдық шынымен. Мына бір өзің аранжировкаға 3-4 аспаптың үнін қосады екенсің. Бұл аспаптарда ойнауды арнайы оқыдың ба?

Жоқ, бұлардың бәрін оқыған жоқпын. Тек домбыраны ғана кәсіби түрде оқып шықтым. Қазақта айтады ғой «Өз тіліңді білсең, басқа тілді меңгеру қиын болмайды»,- деп. Сол сияқты өзің сүйетін кәсібіңнің тілін білсең, қасиетті домбыраның тілін білсең, кез-келген аспапта ойнай бересің. Мен өзім мысалы шет елдің аспаптарын мүлде қосқым келмейді. Кімге болса да соны насихаттаймын.

Осы әңгімемізге тұздық болсын, қазіргі әндерді естісең қандай әніне болса да біреуіне өзбекше, біреуіне үндіше билеп кете береміз. Неге? Ол музыкаларда қазақилық жойылған ба? Осы тұрғыдан қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?

Ақыл айтпасам да өз көзқарасымды айта кетейін: қазір бізде той бизнес пен шоу-бизнес екіге бөлінген. Шоу-бизнесті қазіргілер қазақи үлгіде емес, еуропалық үлгіде дамытып, еуропалық дәрежеге жеткізу үшін көтеріп барады Бұл да керек, әрине. Ал мына той бизнесте қазақи ұлттық әндерімізді жаңғыртып, соны бизнеске айналдырсақ керек деп ойлаймын. Өз арамызда дамытып, ары қарай алып кетсек.

Қазір енді көп әншілер дәстүрлі әндерді эстрадаға алып шығамыз деп бұзып алып жатқандар бар ғой.

Оған мен де түбегейлі қарсымын. Халық әні – ол бір ұлттың аманаты. Аманатқа қиянат жасау деген болмау керек. Оны апарып тақұл- тұқылға, қиқыл- шиқыл салу ол әннің құнын азайтады. Ол мүмкін құлаққа жағымды естілетін шығар, бірақ ол аз уақытта ұмыт болып кетеді. Ондай жағдайда әнді өңдемес бұрын композитор ағаларымыздан ақыл сұрау керек. Дәстүрлі әнге дәстүрлі аранжировка жасап жатсақ неге келіспеске?

Өзің бір сөзіңде қай елде болса да халыққа аманат болып қалған көп әндеріміз бар, соның негізінде «Аманат» деген продюсерлік орталық аштық деп қалдың. Сол жөнінде айтып өтсең.

Біз былтыр сәуір айында Әзілжан деген ағамыз бар, ол кісінің мықты продюсер әкесі бар сол кісілермен біріге отырып сондай бір продюсерлік орталық құрдық. Орталықтың негізгі мақсаты да дәстүрлі әнді дәріптеу,шет елдердегі қазақ халқының халық әндерін жинау. Осы уақытқа дейін 15 тей ән жаздық. Алдағы уақытта қаражат жағы жетіп жатса концертімізді берсек деген ой бар.

Шәкірттерің бар ма тәрбиелеп отырған?

Иә бар.Менің ұстанымым бойынша шәкіртім дәстүрлі өнерге жақын болуы керек. Біріншіден домбыраның құлағында ойнауы керек. Қытайда жүргенде 10 шақты шәкірт тәрбиеледім. Олардың ақы бергені бар, бермегені бар. Ондағы негізгі мәселе ақша емес, шәкіртімнің дұрыс тәрбиеленуі. Олардың ұлттық мүддені көбірек ойлағаны.

Ұлт үшін, қазақ үшін, қазақтың өнері үшін біраз еңбектер жасап жатыр екенсің. Ол үшін рақмет! Ісіңе Алла разы болсын дейміз! Осы орайда артыңыздан ерген інілеріңізге қандай бағыт-бағдар берер едің?

Менің бар тілегім де берер ақылым да дәстүрлі әнді құртып алмасақ екен. Біздің халықтық әндер өңдеуге келе бермейді. Олардың бәрі домбыраның, қобыздың үнімен келген екен, солай болып қалуы керек. Қанша жерден дәстүрін сақтай отырып өңдеуге тырыссақ та ол бәрі бір өз құнын жоғалтып алады. Сондықтан да болар, қай әннен болса да ұлттық әуез, ұлттық бояу іздеп тұрамын. Жас әншілер де осыны назарда ұстаса екен деймін.

Болашаққа жоспарларың қандай енді?

Менің болашақтағы жоспарларым да тура осы. Халықтық әндерді жоғалтпауға, қайта оның өркендеп, дамуына үлес қосу.  Аманат етілген осы өнерді қиянат жасамай, болашақ ұрпаққа таза күйінде жеткізу.

Сұхбаттасқан: Ерлан Төлеубай

Қатысты Мақалалар