Еңбектеп ес білген кезімнен бастап, әке-шешемнің алдына мініп алып, әр жылы маусым айының соңына қарай орта жайлаудан бүлдіргені мен гүлдері ат тұяғын бойлайтын шоң жайлауға көшіп барушы ек. Осы көш менің жиырма бес жасыма дейін жалғасты. Үйдің кенжесі болғандықтан, қолдағы азын-аулақ малды бағу көбінесе менің мойыныма жүктеледін. Ағаларым тек ауызын ғана қимылдататын... Жаздық демалысқа тарай салысымен, жер аңсаған жылқыдай, екі өкпемді қолыма алып, жайлауға жететінмін. Мен үшін жайлау жалғандағы- жәннаттай сезілетін... Еркін тыныстап, көсіліп ұйықтайтынмын. Көкке аунаған жылқыдай құлпырып шыға келетінмін... Таңмен таласа тұрып, малды өріске айдап, апам (шешемді апа деймін) екеуміз таңғы шайға отыратынбыз. Апамның сар қасқалап құйған шайын, шекемнен шып-шып тер шығып, асықпай отырып, қанып ішетінмін. Артынан кеселеген қымыз бен тығындап, қалғанын құмыраға құйып, бір қолыма алып, енді бір қолыма талдан жасап алған қойшы таяғымды алып, ауылдың боқ мұрындарын шұбыртып, «Әлікеннің қызыл тасына» қарай қайқаятынбыз. Жол-жөнекей алысып-жұлысып жүріп, айтеу қойдан бұрын ауылдан тай шаптырм алыс Әлікеннің қызыл тасына жететінбіз. Таңғы салқында шыбыр ішінде көк қуалай жайылған қойлар бұл кезде едәуір тойынып қалатын. Қойдың алдын қайтарып жіберіп, қымызды ішіп-ішіп алып, көгалды-төсек, көк аспанды-көрпе қылып ұйқыны соғатынбыз. Ұлкендер «қойларың Әлікеннің қызыл тасына ары асып кетпесін, кісінің жерін жегізбеңдер ұят болады» деп қатты қадағалайтын. Бұл жер ертеде бір Әлікен деген байдың жұрты екен, содан Әлікеннің қызыл тасы аталыпты. Ар жағы Әбдіқанның жайлауы... Бұл күнде сол күндерімді сағына еске аламын. Тек тауда жүріп, білімнен кенжелеп қалдымба деген күдік болмаса, ауылда жүріп «уызға» жарығаныма қуанамын. Демек сол кезден әр бір жердің жеке меншік иесі барын білдім, әрі оған құрметпен қарауды үйрендім. Ауылымызда ондай жерлер көп еді, «Бөденнің қиясы» , «Асқардың қиясы», «Сауырықтың жайлауы» деген кісі атымен аталып, ауыз жүзінде ен салынған сондай жерлерді тек сол кісінің жамағайын туыстары, бала-шағалары пайдаланатын. Тұтас бір ауыл бір адамның атымен аталып, «пәленшенің ауылы», «түгеншенің жайлауы, сайы» деп аталып кететін. Әрі мұндай бөліну рулық және өңірлік сипат алатын. Мәселен жетісудың Қазағы арқаға, арқаның Қазағы жетісуға көшіп келмейтін. Демек Қазақ тарихында жерді иемдену, игліктену, бөлісіп алу атам заманнан бар дүние. Бірақ осындай салт, тек қызыл империяның Қазақ даласына аяқ басуымен аяқталып, үкімет қолына өтті. Қазақта бір сөз бар, «қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген. Иен жатқан жер ел игілігіне жарамаса, алтын төсек үстінде аш қалғанмен бірдей. Үй төбесіне көкөніс егіп, күн кешіп жатқан қытайларға салыстырғанда, біздікі ұжымақ десек артық емес. Сондықтан ата-бабамыздан алтынның сынығындай аманатқа қалған Қазақ даласын, Қазақ игілігіне жарату үшін, елбасымыз көрегендікпен халық қолына қайтаруды жөн көрді. Алыңдар деді, бірақ шарт қойды. Яғни: «ақшаң барың ал» деді. Неге? Қарапайым бір мысал келтірейін. Мәселен, мен сияқты Алматыда әр есікті бір қағып, түйіндемесін таратып, табанынан тозып жүрген елу студентке, 50 ден қой беріп, бес жылдан кейін салыстырса, мүмкін пысық, мықты деген бесеуі қойын бес жүзден асыруы мүмкін. Енді біреулерінде бірен-саран ғана, тіпті кейбіреулері манағы бесеуінің малшы-жалшысы болып, өз арманын жоғалтып, кісі арманы үшін күш шығарып жатқан болуы мүмкін. Пайымы пайғамбардан кем түспейтін Қазекем мұны «құланды да жыландай кісі атады» деп түйіндей салған. Демек дәулетті дөңгелек айландыру үшін адамда ақыл-ой, жігер-қайрат болуы керек. Әйтпесе «ой бақпағанға кой бітсе, куалап жүріп өлтіреді-нің» дәл өзі болады. Есік алдындағы екі соттық жерінің еңкейіп шөбін жұлмайтындар, екі гектар егін салып, байлыққа белшесінен батып, үкіметке үйіп-төгіп салық төлейді дегенге әйтеу өз басым сенбеймін. Сондықтан ел басымыз қолында қаржы, техникасы бар бардам адамдарға сатпақшы. Дұрыс-бұрыстығын әрбір саналы әлеумет өз санасында салмақтай жатар....
«Жер бетіндегі барша Қазақтың жалғыз ғана отаны бар, ол-тәуелсіз Қазақстан» деп елбасымыз айтқандай, бақытымызды да, сорымызды да Қазақстанда көреміз. Мақтансақ сырыт көз қызғанар, жамандасақ жақсы отанын біреу бізге бере салып, маңдайымыздан сипамайды. «Өз үйім-өлең төсегім» демекші, Қазақстаннан басқа барар жер, басар тауымыз жоқ ағайын!!! Қазақ даласы-Қазақ үшін қадірлі. Себебі ата-бабаларымыз аттан түспей, ақ сауыт киіп, атойлап жауға шауып, сүйем жер үшін сүйегін беріп, қарыс жер үшін қанын төкті! Ұстағанның –қолында, тістегеннің-аузында кетпесін деп, ел шетінде кеудесімен оқ тосты!!! Бабалардың ыстық қанымен суарылған өлкені, балалары ойланбай сата беруі мүмкін емес!!!
Әрине басқа байлық табылады, тек жер байлығы табылмайды! Қолдан жасалынбайды! Жаратушы иеміз алқам-салқам Қазағымның пейіліне қарай, ұшқан–құс, жүгіген-аңның қанаты талатын ұшы-қиырсыз кең даланы сыйға тартқан. Отансыз адам болсада, елсіз, жерсіз-отан болуы мүмкін емес. Палестиннен ғасырлар бойы жер сатып алған еврей байлары, соңында жерлерін тұтастыра салғанда, дүние жүзі картасында су жаңа Израиль деген мемлекеттің құрылғанына ұқсас, сатылмақшы болып жатқан Қазақ даласы дәл сондай жат ниеттегі «жанашырларымыздың» қолынан, үй ішінен үй тігілгендей жағдай болып, тауелсіздігімізге ықпал ете ме деген күдік, әрбір «МЕН ҚАЗАҚПЫН» деген ұлт жанды азаматтардың санасына салмақ салып отырғаны анық. Баспалап келген «байларымыз» балақтан өрлеп басқа шығып, билікке жармасып, басымызға әңгір таяқ ойнатып, көрмегенді тілі жат, діні жаттан көріп, алпештеген қызымызды сасық қойынына алып, шұбыртып бала таптырып, ұлымызды құл, қызымызды күң етсе, «мен ҚАЗАҚПЫН» деп бетімізді көтеріп жүре алмай, құсадан жарылып кетерміз-ау... Құдай бетін ары қылсын! Сондықтанда Бұһар жырау айтқан ғой «жатқа тізгін бермеңіз, жаламенен бас кетер» деп. Жер тағдыры-ел тағдыры! Егер олай болмаса, бабаларымыз қылышын қайрап, қынабынан шығармас еді. Жер тағдыры сынға түсіп тұрған бүгінгідей сындаралы сәтте, «тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп құлақтан айырылыпты» дегендік болмасын ағайын! Ақылға келіп, алды-артымызды ойласақ, бастысы ғасырлар бойы армандап жеткен ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗДІ қөзіміздің қарашығындай қорғай алсақ! Ат салысып-жауға ортақ, сөз салысып-дауға ортақ болған Қазақтың ұрпағы едік, алты бақан алауыз болмай, береке мен бірлікке келіп, тиімді бір шешім қабылдасақ! «Кеңеспен пішкен тон келте болмас!»
Ақылмансып ақсақалдық көрсетіп, абырой жиып алайын деп тұрғам жоқ. «Ұран салған ұлы дала бөрісі ем, Елім ұшын бәрім де көрісем. Ата жұртым-алтын бесік, қазығым, Тағдырымды тағдырыңмен бөлісем» деп жырлап, азат елді аңсап келген азамат ретінде өз пікірімді ортаға қояйын: Бір бөлім жерлерді ғана байларға беріп, басым көп бөлегін әр бір жанұяға, жас отауларға, сондай ақ шетелдегі этникалық Қазақтарға бөліп беріп, олардың отанға оралуын тездету керек. Әрі бөліп берілген жердің үлесі туылған баланың санына қарай еселеніп отырса, етігін киіп, еңбек істейтін Қазақ көбейер еді. Көп ел жалқаулыққа салынады, тапқаным екі балама жетеді дейді де, жастықты биік жастап, шалқасынан түсіп ұйқыға кетеді. «Табам» деп талпынбайды, «таптырам» деп тұмсығын көтермейді. Жеңгелеріміз қырыққа жетпей қысыр қалып, ағаларымыз алпысқа жетпей «алжып» жатыр... Нан табу қиын нарықтың заманы ғой, «қайтесің» деп бір-бірін қабағынан түсінісіп, қалтасын сипалайды... Ал баласы көбейген әке азаннан қара кешке дейін тыным таппай жұмысқа жүгіреді. Хақтың сөзі қасиетті Құранда «балаларыңды ырыздығымызды жейді деп өлтірмеңдер, анығында сендерді және балаларыңды мен ырызықтырамын» дейді. Күллі жаратылыстың ішінде ең көркем туынды етіп жаратылған адам баласы АЛЛАның назарынан тыс қала қоймасы анық. Мұны Қазекем «бір ешкі егіз туса, бір шөптің басы айыр шығады» деп ат үстінде айта салған. Ешбір тәпсірші ғалымдар бұдан артық түсіндіре алмас-ау... Міне, осылайша біз бір оқпен екі қоян атып аламыз. Біріншіден Қазақ жерін Қазақ қолына ұстатамыз, екіншіден айналасы бес-он жылда Қазақ санын бірнеше милионға көбейте аламыз! Қазақ жері Қазаққа толмай баянды болмайтыны анық...
«Бәріміздің илегеніміз бір терінің пұшпағы» демекші, менің де ойлағаным, Қазақтың халы, Қазақтың болашағы! Артық айтып кетсем, Абайша айытқанда «өз сөзім өзімдікі» болсын, айып етпеңіздер!
Лайым еліміз-аман, жұртымыз-тыныш болсын, берекемен бірлігіміз жарасып, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! Әр Қазақтың жүзінде қуаныш пен күлкі, мейірім мен қанағат болғай!!!
Қастер Әкизаұлы