Мұхтардың саясаттан кетуі – трагедия емес

/uploads/thumbnail/20170708151454407_small.jpg

32323Бүгін белгілі саясаткер,  ұлт  жанашыры  Мұхтар Тайжан баспасөз мәслихатын өткізіп,   өзінің  саясаттан  кететіні туралы мәлімдеді.  Журналистер мен  қоғам  белсенділерінің сұрақтарына  жауап  берді.

    Қазіргі  саяси  сахнамыздағы ең  белсенді  әрі   жас  саясаткер  Мұхтар Тайжанның  әлемдік саясат мың құбылып тұрған қилы кезеңде  саясаттан  кету  туралы шешімі  қазақ  қоғамын  таң қалдыруда.  Оған  дәлел  әлеуметтік желілердегі  қызу  пікірталастар мен  баспасөз мәслихатына  жиналған  жұртшылықтың  ширақ пікірлері мен сұрақтары.  Ал,  Мұхтар мырза  өзінің  саясаттан кетуі  себебін  жеке  басының  шаруаларымен  байланыстырды:  «Менің  жасым 40-та.  Отбасым бар. Мен саясатағы өз ісіммен  100 пайыз шұғылдандым деп  ойлаймын. Көп еңбек  еттім. Күш-жігерімді жұмсадым. Мен ұлт  жолында  жүрген  жалғыз  адам емеспін.  Менен кейін де  келетін  жастар  бар.  Біз осы  күнге  дейін қаншама  бастама  көтердік.   Білесіздер ме, қанша  су  құйсаң  да,  алма ағашы тек  уақыты келгенде  ғана жеміс  береді.  Сол секілді,  менің де  саясаттан кететін уақытым  келді.  Мен  қазір өз  жұмысымды  реттеуім  керек. Саясатпен айналысамын деп,  өз  шаруамда  тым әлсіретіп алдым. Ол  жақта  да  өзіндік міндеттері  де  бар. Мен  жұмысты аяғына дейін  жеткізуді ұнатамын.  Нақты  шаруамен  айналысқым  келеді.  Ұлттық патриоттық  салада  жұмыс  жасағандардың басы немесе  соңы мен емес. Қазақстанның  әр түкпірінде  ұлтқа  жаны ашитын  қанша жастар бар. Әрқайсымыз күшіміз жеткенше тер төгуіміз керек»,-дейді   ол.

Мәслихат  барысында  Мұхтар  Тайжанға оның  мемлекеттік қуғындауда жүрген  экс-шенеунік Рахат  Әлиевтің қазіргі жары Элеонора Шоразға  қатысы  бар-жоғы  да  тілге  тиек  етілді.  Мұхтар  Тайжан бұл  алып-қашпа әңгіменің шындыққа  қатысы  бар екенін мойындады:  «Ол  рас.  Мен  ешқашан  өтірік  сөйлеген емеспін.  Элеонора  біздің алыс  туымымыз.  Бірақ  ол  90 жылдары  шетелге  оқуға кеткен. Қазір де  сонда  тұрады. Ешқандай байланысымыз болған емес.  Мен  оның Рахат Әлиевке  тұрмысқа  шыққаны  туралы  газет арқылы  естідім. Оның әкесі  Мұратхан менің әкемнің немере  ағасы. Бірақ  әр адам  өзінің  жеке  басына  ғана  жауап береді.  Элямен  де,  Рахат Әлиевпен  де  ешқашан  байланысқан емеспін,  тіпті  телефонмен де  сөйлеспегенмін. Бірақ,  менің «күйеу балам» Рахат Әлиев мен  туралы  қаншама  қаралы сөздер айтып жүр», -деді.

     Мұхтар Тайжан осы уақытқа дейін еліміздегі  барлық  қоғамдық-саяси мәселелерге  өзінің саясаткерлік және  азаматтық пікірін  ашық та еркін  айтып келген азаматтардың  бірі. Және саясаттан кетсе  де,  өз  ұстанымынан ешқашан таймайтындығын да айтты:  «Халық  алдындағы міндетім - өз  білімім,  күш-жігерімді  халық  игілігі  үшін  пайдалану.  Әзірше,  күшім  бар кезде басқа  жа  жұмыстармен  айналысуды  жөн  көріп  отырмын. Менің шешімім  қазіргі саяси  жағдайларға еш  қатысы жоқ.  Ұлттық  қауіпсіздік комитетіне  де  ешқандай байланысым жоқ.  Егер  мен  ҰҚК-нен  болсам,  маған  осындай  қысым  жасалар ма  еді?»,- деп  жауап  берді  Мұхтар Тайжанды  «ҰҚК адамы» дейтін  секемшіл  блогшы Ринат  Кибраевке.

    Баршаңызға  белгілі,  алдағы уақытта  Еуразиялық  Одаққа  қарсы ұйым  құрылғалы  жатыр.  Оның басында басында  Айдос  Сарым, Расул Жұмалы, Жанболат  Мамай секілді  ұлт  жанашырлары жүр. Алайда, Мұхтар  Тайжанның  неге  дәл  антиеуразиялық  форум  өткелі жатқан күйіп  тұрған кезеңде  саясаттан кетуі  де  сұралды: « 2009 жылы қарашадан  бастап  мен  Кедендік Одаққа  қарсылығымды  білдіріп келемін. Шаханов  ағаларымыз  қатысқан  одаққа  қарсы  мәлімдемені де бастаған мен едім. Қаншама мақала  жаздым,  сұхбат бердім. Ал,  қазір Кедендік Одақ, Еуразиялық Одақтың  не екенін,  соңы  неге  апаратыны баршамызға  белгілі. Мен,  әрине,  антиеуразиялық  ұйымды да,  Халықтық  Альянсты  да  қолдаймын.  Бірақ,  менің кететін  уақытым  келген  секілді. Жаңа  жыл  басталғалы  жатыр. Қазіргі  патриоттық  қозғалысымыз  мықты  деп санаймын! Әрі  қарай  да мықты  болады  деп  ойлаймын!  Саясат бүгінмен  бітпейтін мәселе. Сондықтан,  қазір кеткен  жөн  деп  санаймын».

  Алайда, Мұхтар мырза өзінің бұл кетуін  түпкілікті  деп  санамайды,  яғни  күн туғанда  қайтып  келуі  де  мүмкін  екенін айтты:  «Өмір тоқтап  қалмайды, әрі  қарай дамиды,  өзгереді. Егер Ресей тарапынан  қандай  да  бір сеператистік қадамдар  байқалып  жатса,  мен  қайта  оралуым  мүмкін.  Тек қана саясаткер  емес,  азамат ретінде  өз  үнімді,  көзқарасымды  білдіруге  тура келетін  жағдайдар болып отыруы  мүмкін»,  - дейді ол. Ал, ең өкініштісі,  енді  Мұхтар ағамыз  Фб әлеуметтік желісінде сирек бас сұғатын  болады  және  бұрынғыдай  жиі жазба жазбайтынын  айтты.

Қасым Аманжол, журналист:

–        Мұхтар Тайжанның кетуінен трагедия жасамауларыңызды өтінемін. Ең бастысы, ол қарапайым халықтың арасынан шығып, ұлттық-демократиялық бағыттағы біршама бастамалар көтерді. Аса үлкен қысым да, ұсынылған қызмет те, ақша да, астыртын саясат та жоқ. Біршама уақытқа "тайм-аут" алған азаматқа кекесінсіз, мысқылсыз қарасақ екен.

Әміржан  Қосанов, тәуелсіз саясаткер:

–  Осындай білімді, жан-жақты даярлығы бар, ешкімнен қаржы сұрап жалтақтамайтын, ең бастысы, ұлттық тұрғыдан тұрақты әрі тегеурінді ұстанымға ие азаматтың кезінде қоғамдық өмірге белсенді араласуы, сөзсіз, жаңалық болды. Ұлттық мүдде үшін күресті ол нақты бастамалармен байытты деп ойлаймын. Сөйтіп, Мұқтар қоғамдық өмірдің бір факторына айналып кетті. Бес жыл ішінде көптеген бастамалардың басы-қасында жүрді, елдің шынайы ілтипатына ие болды. Маңайына жақтастарын жұмылдыра білді. Ол да әркімнің қолынан келе бермейтін шаруа. Өзім де, әкесі Болатхан ағаның кезіндегі әріптес-бауыры ретінде оның ұлы Мұқтармен саяси ғана емес, адами тұрғыдан жақын болғаныма ризамын. Ал «белсенді саясаттан кетемін, бизнеспен айналысамын» деген шешімі – оның өз шешімі. Әрине, мен секілді талайжылғы оппозиционерге, арамызда Мұқтар секілді жігіттердің жүре бергені дұрыс еді. Қатарымыз көп болғанына не жетсін! Бірақ Мұқтар бауырымның шешімін түсіністікпен қабыл алайық. Не болса да, оның қай салада жүрсе де, Қазақ үшін жасар тірлігі әлі алда деп ойлаймын.

Айдос Жұқанұлы, тәуелсіз журналист:

- Мұқаңды 2 жыл сыртынан зерттеп барып, былтыр қасына бардым. Мен ол кісіні үлгі тұтар аға ретінде, ол кісі мені дос ретінде қабылдады. 1 жыл бойы үзеңгі қағыстырдым. Мұқаңның басты бірінші қасиеті - қазақтың мұңын жүрегімен қабылдайды, қайғырады және қарап отырмай, соны шешуге аянбай еңбектенеді. Екінші қасиеті - ауызбен орақ орғанды жаны жек көреді. Нақты жұмыс істеп, нақты нәтижені көруге талпынады. Ал "саясат майданында осыдан былай белсенді болмаймын" деп шешім қабылдауы - өзінің жеке шешімі. Билік осындай энергиясы мен білімі мол қайсар жігіттерді мемлекет мүддесі үшін пайдаланбайтыны өкінішті. Мұхтардың экономика саласындағы бір министрлікті басқара алатын қабілеті де, тәжірибесі де бар. Оған қасында жүріп көзім жеткен. Ұлтшыл азаматтардың жоғары лауазымды қызметте болмауы - биліктің қазақ ұлтына деген ұстанымын білдіреді. Мұқаңның қазақ халқы үшін әлі талай жұмыстарды тындыратынына бек сенемін.

Қатысты Мақалалар