Зәуреш Батталова жер комиссиясының жұмыс тәртібін сынға алды, - деп хабарлайды Qamshy.kz.
Бүгін таңертең Астанада басталған Жер реформасы жөніндегі комиссияның алғашқы отырысында комиссия мүшесі, Қазақстанда парламентаризмді дамыту қорының президенті Зәуреш Батталова комиссияның жұмыс тәртібінің бір тармағына көпшіліктің назарын аудартты. Атап айтқанда, Зәуреш Батталоваға «Комиссияда шешім көпшілік даусымен қабылданады» деген талап ұнамай отыр.
«Мен барлығыңыздың аталған регламенттің 11-тармағына назар аударуларыңызды сұраймын. Отырыс дискуссия үшін дискуссия жасауға ұласпауы керек. Біз мәселені талқылай отырып, белгілі-бір тоқтамға келуіміз керек. Мәселелер дауыс беруге қойылмауы қажет. Біз парламентте отырған жоқпыз және парламент депутаттары емеспіз», - деді З. Батталова.
«Егер, тіпті, бір адам болса да бұл шешімге қарсы болса, онда шешімді барлығының көңілі толатындай етіп қабылдауға тырысу керек. Егер осы регламентте аталғандай дауыс беретін болсақ, бұл қоғамды бір тоқтамға әкеле алмайды», - деген экс-сенатор регламенттің аталған тармағын өзгертіп, әрбір шешімді келісіп қабылдау туралы мәселе көтерді.