Ұлттық-демократиялық ұстанымдағы саясаткер, Болатхан Тайжан қорының президенті, Жер реформасы жөніндегі үкіметтік комиссия мүшесі Мұхтар Тайжан осылай деп мәлімдеді. Бұл туралы Qamshy.kz хабарлайды.
Саясаткердің айтуынша, комиссия құрамынан шығу жер мәселесін оңтайлы шешуге айтарлықтай септігін тигізе қоймайды.
«Комиссиядан шығу онда «Нұр отандық» көпшіліктің ортасында жұмысты жалғастырудан, жер заңнамаларын өзгертуге қол жеткізуден әлдеқайда жеңіл», - деген саясаткер аталған комиссия құрамынан өзі құрметтейтін үш адамның шығып кетуі жер саудасына наразы азаматтардың күш-қуатын бәсеңдететінін жасырмаған.
«Бұл (белсенділердің комиссия құрамынан шығуы – ред.) әрине, біздің күшімізді әлсіретеді. Бірақ, мен өз басым «Нұротандықтар» ортасында жалғыз қалсам да комиссия құрамындағы жұмысты жалғастырамын. Мұндай бола қоймайды деп үміттенемін», - деген Мұхтар Тайжан «Фейсбукте» жариялаған мәлімдемесінде.
Сондай-ақ, саясаткер қазір бұрынғы өткен митингтерге қатысқандар мен басқа да белсенділерді қудалау шаралар жүріп жатқанын айтады.
«Өткен митингтерге қатысқандарды қазір полицияға шақырып, 21 мамырдағы митингке қатыспайтындықтары туралы міндеттеме жазғызып жатқанын біліп отырмын. Менің өзім соңғы екі аптада екі рет АІІД-ге жеткізілдім, прокурордан осындай ескерту алдым. Жалпы мұндай прокурорлық ескертулерді мен 2012 жылдан бері алып келемін», - деген ол белсенділерге қысым көрсетуді тоқтату туралы жер комиссиясының алғашқы отырысында да айтқанын алға тартады.
Комиссия жұмысынан нақты нәтиже күтетінін айтқан Мұхтар Тайжан мәселені тек «Комиссия-Парламент» сатысында оңтайлы шешуге болатынына сенімді.
«Мәселе, комиссияда біз неше адам екендігімізде емес. Мәселе онда халықтың ой-пікірін жеткізетін, ақылға қонымды аргументтер айтатын жанның болуында. Маған сондай миссия бұйырған екен, мен оны лайықты орындауым керек.
(...) Біз өзіміз билік құлақ аспай жатыр деп, келіссөз алаңы керек деп сұрадық. Міне, билік халық үнін естіп, бізге сондай алаң ұсынды. Енді біз тікелей дискуссиядан алшақтамай, өз дәйектемелерімізді айтуымыз қажет. Сондықтан, мен ондағы жұмысты жалғастырамын. Қазіргі таңда мен қарапайым саналы ойдың жеңіске жететініне, нәтиже болатынына сенемін. Қоғам мен билік өзгерістер жасайтын деңгейге жетті, біздің қоғамның жалпы жағдайымыз, нақты айтқанда тығырыққа тірелгені билікке де, қоғамның өзіне де, барлығына белгілі», - дейді саясаткер.