Мысыр пирамидалары! Кімдер тұрғызғаны және не үшін тұрғызылғаны әлі күнге жұмбақ . Тек перғауындардың сағанасы үшін салынған деу ақылға сыймайды.
Ежелгі грек тарихшысы Геродоттың айтуынша, Мысыр пирамидаларын 100 мың құл 20 жыл бойы салған. Бірақ оқымыстылар 100 мың құлдың қазіргідей құрылыс техникасы жоқ ол заманда әрқайсысы 40 тонна тартатын алып тақта тастарды арқанмен сүйреп әкеліп, қолмен көтеріп, асқан дәлдікпен қалауы мүмкін еместігін бірауыздан мойындап отыр. Діндарлар пирамиданы жындар салған десе, оқымыстылардың біраз бөлігі бұл орасан алып құрылысты өзге планетадан келген бөгде ғаламшарлықтардың қолтаңбасы санайды.
Ал енді осы пирамиданың астында не бар? Кейбір оқымыстылар оның астында алып жерасты қала болуы мүмкін деп болжайды. Дәл айтсақ, Мысыр пирамидаларының жұмбағын қызғыштай қорып жатқан Сфинкстың астында жер астына түсетін қақпа болуы мүмкін дейді. Ол жерде ежелгі атлант өркениетінен қалған кітаптар мен техникалар және атланттардың өзінің сүйегі сақтаулы болуы мүмкін екен. Аңыздағы ел Атландида бұдан 15 мың жыл бұрын су астына жұтылған делінеді, кейбір атландықтар ұшатын шарлардың арқасында аман қалып, кейін Мысырға барып пирамида тұрғызған деген сөз бар. Бірақ әл-әзір мысырлықтар пирамиданың астын қазуға ешбір елге рұхсат бермей отыр. Дегенмен, соңғы үлгідегі сейсмикалық аса сезімтал приборлар Сфинкстың астында алып бос қуыстың барын сездірген.
«Пирамида» дегенде, көз алдымызға бірден Мысырдың құмды далаларындағы Хеопс және өзге де таңғажайып нысандар еске түседі. Бұған Америка құрлығындағы ежелгі үндістердің ацтек, маия, инек тайпаларының пирамидаларын да қосуға болады. Бұлардың барлығының сыры белгілі болды десек те, түбегейлі құпиясын аша қойған жоқ. Сонымен, пирамида тек Мысырда емес, Африка мен Индонезияда, Мексика мен Тайванда, тіпті Қытайда да бар. Тіпті, Бермуд үштағаны астында да пирамида бары анықталып отыр. Ал енді Босниядан, яғни Еуропаның орталығынан ең үлкен саналатын Хеопс пирамидасынан да биік, әрқайсысы 40 тонна тартатын тақта тастан қаланған пирамида табылған. Бұл топырақ астына көміліп қалған пирамида тектес табиғаттың туындысы делінгенмен, онда талай құпия көміліп жатқаны белгілі. Мәселен, археологтар оның астынан 10 шақырымға созылып жатқан жер асты туннелін тапқан. Ғалымдар қазір Еуропаның орталығында бұдан 40 мың жыл бұрын өзге бір өркениетттің өмір сүргенін дәлелдеуге тырысып бағуда.
Кейбір оқымыстылардың пирамидаларды бөгде планетадан келгендер тұрғызған дейтінін жоғарыда айттық. Мәселен, Қытайдағы пирамидасы бар аймақтың императорлары өздерін «көктен темір айдаһар мініп түскен тіршілік иелерінің үрім-бұтағымыз» деп жұртқа айтып отырған. Онымен қоймай, олар «темір айдаһар мінгендер тағы да айналып соғады» деген де ойда болған. Әлі күнге пирамидалардың ішіндегі шырмауы көп шиыр жолдардың құпиясын ешкім аша алмай отыр. Күн сәулесінің түсер жолдарына арналып жасалған тесіктердің дәлдігі бүгінгі заманауи құрал-жабдықпен жарақтанған ғылым үшін таңқаларлық жағдай болып тұр. «Синай шөлінде жатқан пирамидалар осы аймаққа келіп қонатын бөгде жұрттықтар үшін маяктың рөлін атқарған. Пирамидалардың өте дәлдікпен әр аймаққа орналасуының өзі осыны көрсетеді» деген де пікірлер бар. Бүгінгі жерден ұшырылып жатқан ғарыш кемелері Мысыр пирамидаларының Марстағы пирамидалармен байланысы бар екенін анықтаған. Бұл да адамды өзге бір сыры жұмбақ әлемге жетелейді.
Ғалымдардың арасында пирамиданың айырықша энергетикасына байланысты, ол ежелгі заманда қазіргі электрстансаның, атом реакторының міндетін атқарған деген де ұйғарым бар. Жалпы, оқымыстылар бүгінде пирамиданы тек өтіп кеткен тарихқа ғана емес, келер болашаққа қатысты да аса маңызды ақпарат көзі ретінде қарастыра бастады. Ежелгі Мысыр билеушілері ғарышпен, яғни жетіқат көкпен дәл осы пирамида арқылы байланысып, адамзатты түрлі апаттан сақтандырып, болашақ ұрпаққа қатысты ғажап дәлдікпен болжамдар жасап отырған делінеді. Кім білсін...
Төреғали Тәшенов, «Айқын»