Қызылорда тұрғындары несиелерінің бірнеше ай бойы төленбей келуіне «ФинСтатус» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін кінәлап отыр, деп хабарлайды Qamshy.kz 31 арнаға сілтеме жасап.
Айтуларынша, компания келісім-шартқа отырып, тұрғындарға несие төлеуге жәрдем береміз деп уәде еткен. Алайда келісімшарт бойынша мекеме шотына алған несиелерінің қырық пайызын аударып, қалғанын компания банкке өзі төлейді деп сенген халық сенімдерінің ақталмағанына ашынады.
Несиелері бірнеше ай бойы өтелмей келген тұрғындар шағымдарын жеткізу үшін бүгін қаладағы «ФинСтатус» мекемесінің ішінде жиналды. Басты талаптары - несиелерінің уақытылы төленуі. Тұрғындардың сөзінше, бастапқыда мекеме "алған несиелеріңнің 40 пайызын біздің шотымызға аударсаңдар, қалған қарыздарыңды өзіміз өтейміз" деп уәде еткен. Алайда уәде орындалмапты. Жиналған көпшілік тіпті келісімшартқа отырып, компанияға берген ақшаларымызды да өзімізге қайтармай отыр,- дейді.
Марал Сералиева, Тұрғын:
-Қазір күнде мазалайды. Осы тұрғанда мен жүрек ауруына шалдықтым. 4 ай болды төленбегеніне. 4 айдан бері менің пениям да өсті. 400 бір нәрсе мың боп кетті.
Гүлзада Мешітбаева, Тұрғын:
- Міне бүгін бес ай болып отыр. Ертең міне төлейміз деп бәрінен черточка жасап алады, міне отыр, ұялмайды...
Ал «ФинСтатус» жаукапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметкерлері мекеме жұмысының ілгері баспай жатқанын айтады. Есепшоттары жабылып қалса да, халықтан қолма-қол ақша алып, жұмыстарын жалғастырып жатқандарын да жасырмай отыр.
Гүлнар Ратимова, "ФинСтатус" мекемесінің қызметкері:
- Бізді мүлде жұмыс істеттірмей қойды. Уже оплата тоқтап қалды, оплата да жүрмей қойды. Сосын 20 күннен кейін бізге мынадай не келді. «Бізде тексеріс болғанымен де біздің жұмысымызды тоқтап қалмады қыздар, мен приказ шығарып жатырмын». Жалғыз біздің қала емес, басқа қалаларда да аға наличка алып жұмыс істеп жатыр. Өйткені халықтың төлемін тоқтатпауымыз керек деді
Компанияға сеніп, несиелерін төлей алмай отырған тұрғындар мәселесінің қашан шешілетіні белгісіз. Сондықтан олар құзырлы орындарға шағымданғаннан басқа амалымыз жоқ деп отыр.