Үстіне дәретін шашқан жүргізушіні тәрбиелемек болғаны үшін 5 жылға сотталған полицейді Ішкі істер министрінің өзі қолдап отыр. Азаматтық ар-намысын қорғамақ болған тәртіп сақшысына кесілген жазамен келіспеймін деген генерал Қалмұхамбет Қасымов тіпті Жоғарғы сотқа өтініш жазыпты, - деп хабарлайды Qamshy.kz . 31 арнаға сілтеме жасап.
Дегенмен, бүгін мәжілісте жаңадан құрылған жергілікті полицияның жұмысы жайлы баяндама жасаған министр қазақ тілінде сұрақ қойған депутатқа орыс тілінде жауап беріп қызық жағдай жасады.
Жаңа сайланған мәжіліс алдында бірінші рет баяндама жасаған Қасымов мырза, депутаттарды мандаттарымен құттықтап сөз бастады. Өткен жылы атқарылған жұмыстарын қорытындылап, полицейлердің жүктемесіне де тоқталды. Әсіресе, жергілікті полицейдің өкілетіне қарайтын көлік жүргізушілері мәселесін баса айтты.
ҚАЛМҰХАНБЕТ ҚАСЫМОВ, ҚР Ішкі істер министрі:
- Жол апаттарының 70 пайыздан астамы жүргізушілердің кінәсінен болып жатады. Атап айтқанда, жоғары жылдамдықпен жүру, жаяу жүргіншілер өткелін елемеу сынды заң бұзушылықтар. Былтыр сот шешімімен 39 мың азамат көлік жүргізу құқығынан айрылды. Оның 29 мыңдайы мас күйінде ұсталып, 4 мыңы әкімшілік қамаққа алынды.
Ал, ішімдік ішіп, темір тұлпарымен жүргендерді тәртіпке салмақ болғаны үшін басы бәлелі болған полицейлер мәселесі ше? Министрді тыңдап болған депутаттар осындай сұрақ қойды. Мәжілісмендер үстіне дәретін шашып жіберген мас жүргізушіні шапалақпен ұрғаны үшін 5 жылға сотталған жезқазғандық тәртіп сақшысын еске салды. Бұл жағдай қоғамда қызу талқыға түсіп, көпшілік сержант Төлеген Игібековтың жазасы қисынсыз деген болатын. Депутаттар да ереже бұзған азаматтың әрекетін, мемлекетке қарсы заңсыздық деп бағалады.
АРМАН ҚОЖАХМЕТОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Сотталған полицейді және оның отбасын қорғау үшін қандай шаралар қолға алынды? Сержант Игібековтің қатысуымен ұсталған азамат қандай жазаға тартылды?
Қалмұханбет Қасымов полицейдің ар-намысын қорлағаны үшін жүргізушіні еш жаза тартпады деді. Оның үстіне сараптама нәтижесінде соққының ізі байқалмағанын ескеріп, жазамен келіспейтіндігін ашық айтты.
ҚАЛМҰХАНБЕТ ҚАСЫМОВ, ҚР Ішкі істер министрі:
- Мен өз басым жоғарғы сот алқасына істі қайта қарау туралы өтініш жаздым. Бұл талабымыз қабылданып, нәтижесін жуық арада білетін боламыз.
Содан соң өзге депутаттар да өзін толғандырған мәселелерді көтерді. "Тек қазақ тілінде сұрақ қоямын" деген ең жас мәжілісмен Геннадий Шиповских өз уәдесінде тұрды. Ал министр әлі күнге ана тілін үйрене алмаған сыңайлы.
ГЕННАДИЙ ШИПОВСКИХ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Соңғы 8 жылдың көлемінде республика бойынша уақытша оқшаулау орталығы, бейімделу, құқығын қалпына келтіру орталықтарына 70 мыңнан астам кәмелетке толмаған жасөспірімдер жеткізілді. Оның ішінде 10 796-сы балалар үйі және мектеп интернаттарына орналастырылғаны белгілі. Сізге сұрағым, осы көрсеткіштерді азайту үшін қазіргі кезде нақты қандай іс-шаралар қолданып жатсыздар? Рахмет!
- Сұраққа рахмет! Рұқсат болса орысша жауап берейін. Я уже в своем докладе говорил что это проблема номер один сейчас...
Сержантына араша түскен генерал, жалпы тәртіп сақшысының жұмысы ауыр екенін алға тартты. Айтуынша, жылына 6 жарым мыңдай полицей жұмыстан шығады екен. Оның жартысынан көбі өз еркімен кетеді. Өйткені, жүктемелері көп, ал жалақысы аз. Оның үстіне, Жезқазғандағы сияқты тәртіп сақшысының мәртебесін түсіретін жайттарды қосыңыз.