Ұлы отан соғысының ардагері Рақымжан Қошқарбаевқа «Ресей батыры» атағын беру туралы ұсынысты Ресей президенті Владимир Путиннің қарауына күзге қалдырды. Бұл туралы «Естелік шамы» мемориалдық қоғамдық орталығының атқарушы директоры Павел Илларионов хабарлады, деп хабарлайды Qamshy.kz .
Айта кетейік, екінші дүниезілік соғыстың соңында Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов Берлиндегі Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен еді.
«Бұл мәселе Ресей Федерациясында бірінші рет көтеріліп отырған жоқ. Ресей мемлекеті Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатовқа «Ресей батыры» атағын сөзсіз беру керек. Біз қазір әскери-тарихи қоғамынан негіздер жинап жатырмыз, Владимир Путинге ұсыну үшін. Қазіргі уақытта сарапшылар мен қоғам ойын жинап жатырмыз. Осы алдағы күзде баяндама дайын болады», - деді Павел Илларионов.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ардагердің немересі Дәурен Қошқарбаев атасын «Ресей батыры» атағына ұсынғаны туралы жазған болатынбыз.
«Бұл тарихтағы әділеттілікті қайта қалыптастыру үшін жасалып отыр. "Бізде ҰБТ сұрақтарының ішінде, ең бірінші туды кім тіккен деген сұрақтың дұрыс жауабы Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов делінген. Ал ресейлік сынақтамаларда мүлде өзгеше жауап - Михаил Егоров пен Мелитон Кантария. Бұл қате ғой. Мәселе шешімін таппай келеді", - деді Дәурен Қошқарбаев.