Бүгінде көрші Қырғызстанда оппозиция серкелерін тұтқындау жалғасуда. Мұны ел басшылығы 17 мамыр күні бірқатар саяси топтар елде мемлекеттік төңкеріс жасауды жоспарлады деп түсіндіруде. Бұл туралы Qamshy.kz хабарлайды.
Кеше Қырғызстанда осымен жетінші оппозициялық саясаткердің тұтқындалғаны белгілі болды. олардың барлығы билікті күшпен басып алуға әрекеттенгені үшін қамауға алынып отыр. Ел президенті Алмазбаек Атамбаев болса елдегі ахуалды тұрақсыздандырып отыр деп тек «Халықтық парламент» қозғалысының оппозициялық саясаткерлерін ғана емес, жергілікті құқыққорғаушылар мен «шетелдік арнайы қызмет генералдарын» да айыптады. Сарапшылар президенттің бұл мәлімдемесін Ресейді айыптау деп бағалауда.
Президент А. Атамбаев Аналар күніне арналған іс-шара кезінде Қырғызстанда өмір сүру ұнамай жүрген біраз адамдар барын айтты. Оппозицияны кез-келген жолмен елдегі тұрақтылықты шайқап, билікке жетуді көздейді деген сыңайда айыптады. А. Атамбаев билікті басып алу сценарийі 12 мамыр күні «Халықтық парламент» қозғалысының форумында талқыланғанын жеткізді.
«Олар бұл форумды қандай мақсатпен өткізді. Онда кімдер болмады дейсіз? Талғарбеков бастаған ақаевшылар да, Қалматов бастаған бақиевшілер де болды. «Ислам мемлекетінің» (ИМ-халықаралық лаңкестік ұйым) сенімді жақтаушысы Нұрлан Мотуев те болды. шетелдік гранттарды ақтауға тырысып жүрген Толейқан Исмаилов пен Азиз Абдрасулов та бар», - деді А. Атамбаев.
Мұны айтқан А. Атамбаев «ел аналары 2002 жылдың наурызында, 2010 жылдың сәуірінде, 1990 жылдың маусымында, 2010 жылдың маусымында да көз жасын аз төкпегенін», елге бейбітшілік керек екенін мәлімдеді және мұндай тұрақсыздыққа бастайтын әрекеттер қатаң түрде айыпталып, жолы кесілетінін айтты.
Жалпы елде президенттің отставкаға кетуін талап ететін наразылық акциясының дайындалып жатқаны туралы наурыз айында белгілі болған. Сол кезде Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитет билікті күшпен басып алуға дайындық жөнінде іс қозғады. «Шындық» партиясының жетекшісі Құбанычбек Қадыров, Жалал-Абад облысының бұрынғы губернаторы Бектұр Асанов қамауға алынды. Сондай-ақ, Бекболат Талғарбеков, Марат Сұлтанов сынды оппозиционерлер де тұтқындалды. Үстілерінен қылмыстық іс қозғалып, қамауға алынған басқа да саясаткерлерді ел билігі ресейлік арнайы қызметтермен байланыс орнатып, президентті қууға әрекеттенді деп айыптады.
Оппозиция өкілдері болса, бұл саяси қақтығыстардың жүйелік сипаты бар екенін және Ресей мен Қырғыз Республикасы басшылары арасындағы келіспеушіліктерден туындап отырғанын мәлімдеуде.
Дархан Мұқантегі