Осы күнгі кейбір тарихшылар аузын ашса болды, Атам Қазақтың барлық сөзі мен тарихын өзге ұлттарға апарып телиді. Айтатындары орыс айтты, парсы айтты, арап айтты, қытай айтты болып кете береді. Тура бір қазақтың таңы соларсыз атпаған сияқты. Ақиқатында, мұның бәрі керісінше болған, яғни бүкіл әлем елдерінің тарихы өз бастауларын Қазық жұрттан (Қазығұрттан, Қазақтан) алады.
Арабтар Анес сахабаның кезінде 125 таңбалы қазақтың құрамында болған. Біз бұның дерегін Адай – Келімберді - Мұңалдың - Жаулы - Ескелді аталығынан өрбитін Сүгір жырау Бегендікұлының (1894-1974) «Шежіре жыр» дастанынан табамыз:
«Ыбырайым, Кенған екі ауыл
Алжасып дінге таласқан,
Кенғанның бір әулеті
Іше берген арақ-шараптан.
Ыбырайымның әулеті
Келемесін қайырып
Ақан таудың етегі (Ақ тау, Ақ Ман тауының М.Қ.)
Арапа бізге болсын деп (Ардың апасы (анасы) болсын деп М.Қ.)
Алты тақта араптан (Қазіргі Арап жұрты (Арабия) М.Қ.)
Әжі барып дәм татты.
Әжі білімді бұлақтан (Тәз әке білімінен, Тәжінің түбірі Әжі М.Қ.)
Он сегіз мың ғаламды
Сонда Сүлейменге сұратқан
Мұсылман, кәпір бірігіп
Араласып жүргенде
Құлшылық үшін Құдайға
Мұхамбетке үмбет болғанда
Бір діндегі халықпыз,
Атамыз Әнес сахаба,
Мұсылманның баласы
Жүз жиырма бес таңбалы
Осы отырған көпшілік
Сол Әнестің аумағы.
Арабтар асып кетіпті
Мекке, Мединә болад деп
Мұсылман діннің қақпағы,
Асан қайғы, Қазтуған
Алты жұрт кеткен бұл жерден
Әнестен туған Жабал-ды,
Түп атамыз Майқы би,
Жайылхан мен Сейілхан.
Сейілханның баласы
Сегіз арыс түрікмен
...Қазақ пен Қалпақ бір туыс
Жақын екен арасы,
Қазақ пен Қалпақ - екі ауыл
Алау батырдың баласы,
Қалпақ екен ағасы.
...Ақарыс пен Жанарыс,
Кішісі – атам Бекарыс –
Үш ананың баласы. («Жыр дария», 448-449 беттер). Жыр оқиғасы Маңғыстауда, яғни қазіргі Ақтау қаласы мен Кендірлі аймағында болғаны және олардың ол жаққа осы өңірден кеткені «Араптар асып кетіпті» деп айтылып тұр.
Ыбырайым ауылы – Алшыннан тарайтын Шыбынтай (Қыпшақтар), яғни Балықшылар. Шыб пен Қыптың түбірі (түбі, атасы) Ыб (ып) болатыны осыдан.
«Қазақ бір деген ел едік,
Қайырлы халық атанған.
Өсіп өнген қатардан:
Үйсін, Арғын, Алшын деп,
Үш жүз болып атанған» (Қашаған «Бес ғасыр жырлайды». Алматы, 1989. 101 бет).
Кенған ауылы – шежіреде айтылатын ағайынды Алшын мен Кеншіннің кішісі Кеншініміз осы. Кеншіннен жетіру тарайды. Жетірулар әлемге әйгілі Рим империясының негізін қалағандар. Кенғанның топономикалық айғақтамасы Маңғыстаудағы Кендірлі шығанағы.
Жырда алты тақта арабтардың 125 таңбалы қазақтан бөлініп шығып отау тіккені, қазақтардың күні кеше Алтын Ордадан жаңа отау болып бөлініп шыққан өзбектерді «өз ағам» дегені сияқты, Қарақалпақта Қазақтың ағасы делінеді. Жырда Қазақтың қарашаңырақ иесі екендігі айқын суреттеледі. Ал арақ-шарапты іше беретін Кенғанның бір әулетінің жолын қуушылар бүгінгі батыс, славян (орыс) елдері екендігі ешкімге де дау туғызбаса керек. Жырдағы «Он сегіз мың ғаламды, Сүлейменге билеткен» аса білімді Әжі бабамыздың бейіті де осы Манқыстауда, Таушық кентінің терістік жағында 13-15 км. жерде, күні бүгінде де «Әжі баба» әулие деп аталады.
Ал, Сүлейменге келсек, он сегіз мың ғаламды билеген Дәуіттің ұлы Сүлеймен (Сүлей-Ман) атамызда қазақтың нағыз бел баласы. Әйтпесе, оның Сүлей деген аты қазақ елі арасында «Сүлей» - «Ол, нағыз Сүлейдің өзі ғой» - деп, ең бірінші, ұлы деген мағынада қолданыста болмаған болар еді. Сүлей Ман – Сүлей Манның баласы деп айтылмаған болар еді. Қазақтың «Сыр сүлейі», «жыр сүлейі», «күй сүлейі» дейтіндері осыдан. Сүлейменнің тегі қазақ болмаса, оның есімі қазақтың сөздік қорында осындай мағына да қолданылмаған болар еді. Сүлеймен пайғамбар Сыр өңірінде (қазіргі Түркістан) ғұмыр кешкен. Сүлейменнің анасы Япа сол өңірдегі Ақмешіт жерасты мешітіне жерленген делінеді. Сыр сүлейі деген сөздің толық мағынасы, Сүлеймен Сыр өңірінің ұрпағы (баласы) деген сөз. Шынында да ұлы Атамыз осы өңірде ғұмыр кешіп, осы өңірден «он сегіз мың ғаламға» әділдікпен билік жүргізген. Сүлейменнің ата жұрты бүгінгі қазақ даласындағы Манқыстау мен Сыр өңірі.
Арабтар кезінде қазақты өздерінен таратуға тырысқан. Ол жайлы Шәкәрім атамыз:
«Арабсың» деген сөздің түбі шірік.
«Пәленше сахабаның затысың» деп,
Алдаған дін жамылған өңкей жүлік.
Адамның тұқымынан — Нұқ пайғамбар,
Үш ұлы — Хам, Сам, Яфас, міне, осылар.
Яфастың бір баласы Түрік деген,
Өрбіген сонан өсіп талай жандар.
Болады араб жұрты — Самның ұлы,
Біледі шежіренің бәрі мұны» (Ш.Құдайбердіұлы «Қазақ қайдан шықты»).
Қазақ халқы, сонымен қатар әлем халықтарының көпшілігі көшпелі Арабтарды ежелде, тіпті күні бүгінде де Ағарлар (Агарияне) деп атайды. Ағардың сөз түбірі Аға ғой. Демек, Арабтар да жоғары да көрсеткенімдей Қарақалпақ, Өзбек сияқты Қазақтан енші алып бөлек шыққан көп баласының бірі. Осылайша, әлем елдерінің барлығы да қарашаңырақта отырған қазақтар үшін «аға» болып табылады. «Құрайыш тайпасы Меккедегі текті тайпалардың бірі екенін жұрт біледі, ал Мұхаммед сол Құрайыштың бұрынғы өткен атақтыларының атасы – Қосай әулиенің тікелей ұрпағы екеніне ешкім де шек келтіре алмайды. Насаралар мен яһудилер құрайыштардың, яғни көшпелі арабтардың (агаряндар) Исмаил мен Ибрагим ұрпақтары екенін атам заманнан біледі. Мұхаммедтің өз әкесі Абдолла туралы да Мекке жұртында ғибратты әңгімелер жеткілікті» (А.Құнтөлеуұлы «Мұхаммед Пайғамбар» Алматы-2003. 124 бет).
Жалпы бүкіл әлем Арабтарға теліп жүрген Ислам діні Қазақ қағанаттығының аясында дүниеге келген. Тура осыған ұқсас пікірді Б.Рүстемовтың «Тарих және заман үндестігі» атты еңбегінен табамыз: «Ислам тарихы жалпы әлемдік, мұсылмандық және түркі өркениетінде маңызды орын алады. ...Пайғамбардың ісін жалғастырушы алғашқы ұлы тұлғалар Әбу Бәкір, бұдан кейін Омар, Оспан және Әли. Олардың кезінде мемлекет басқару Халифат, ал билеушілер – халифтер деп аталды.
Әкеден балаға беріліп келген ғасырлар бойына жинақталған білімнің, тәжрибенің және олардың өздері жергілікті тұрғындар арасында құрмет пен беделге ие болуының нәтижесінде, олардың кейбіреулері билеуші мен дін басына айналды. Баба түкті Шашты Әзиз (8-9 гасырлар) Әбу Бәкірдің ұрпағы болып табылады. Ол өз заманында билеуші (Меккенің), әйгілі дінбасы болды (бүгінде сүйегі Оңтүстік Қазақстан облысының Құмкент ауылында). Оның әкесі Керемет Әзіз де Меккені билеген. Құмкентте туған құдіретті билеуші Едіге де Баба түкті Шашты Әзіздің ұрпағы, оның кезінде, Ақсақ Темір қайтыс болғаннан кейін Алтын Орда анағұрлым қуатты империяға айналды. Мөңке би Едігенің ұрпағы саналады. Әйгілі қазақ батырлары Есет пен Бекетте Едігенің ұрпақтары. Едіге би мен Мөңке би жайында профеессор Мұхтар Құл-Мұхаммед ауқымды әрі танымдық ғылыми зерттеу жұмысын жүргізді. Тамыр желісі Әбу Бәкірге келтірілетін әйгілі орыс князы Юсупов та Едігенің ұрпағы. Алтын Орда хандарының бірі Мамай да (Ресейдегі Мамай қорғаны Мамайдың құрметіне аталған) Әбу Бәкірдің тегінен. Мамайдың шөбересі Русь тарихында Ұлы княгина аталды, ол Иван Грозныйдың шешесі» (Жұлдыз 11-12 2006 жыл. 142 бет). Жоғарыда көрсетілген Халиф лауазымы да өз тегін Манқыстаудан алады. Қалипан атамыздың өмір сүрген және жерленген жері де Манқыстау. Қалипан атамыздың қорымы орналасқан жер Ақтау қаласы мен Форт Шевченко қаласының арасындағы тас жол бойындағы Сайын Шапағатов елді мекеніне жақын жерде.
Арап, Арабия – сөз түбірі Ар. Иә, Иә кәдімгі өзіміздің Арыстар дегендегі Арымыз. Ар сөзі күні бүгінде де қолданыста. Намыс сөзінің баламасы. Әр азаматтың қорғауға тиісті ары мен намысы: Ар-иманы, Атамекені, Отбасы.
Тарих тағлымы: Адам да осы үшеуі түгел болмаса ондай адамдарды Ұлы Аталарымыз Арсыз деп атаған.
Арап атауы Арабия тұрғындарының жалпылама атауы. Арап деген атауды оларға берген біздің аталарымыз. Толық мағынасы жоғарғы жырда айтылғандай «Ар Апа». Аналық текті білдіреді. Қаз Адай шежіресінде Ар қорғаушылардың қарашаңырағы Адай – Келімберді – Мұңал – Жаулы – Жары болып таратылады. Жары руы атауының сөз түбірі (өз түбі, өз атасы) «Ар» болатыны осыдан. Атам Қазақ та сөз түбірі (өз түбі) ешқашан жаңылысқан емес және жаңылыспайды да. Жаңылысатын адамдардың санасы, яғни білім деңгейлері мен ақылдары ғана.
«Адайдан екі бала – үлкені Құдайке, кішісі Келімберді.
Құдайкеден екі бала – үлкені Тәзіке, кішісі Қосай.
Келімбердіден алты бала: үлкені Құнанорыс, Ақпан, Балықшы, Жеменей, Тобыш және кенжесі Мұңал. Мұңалдар Адай атаның кенже немересі, яғни олардың қарашаңырағының иесі. Адай атамыздың жаққан оты Мұңалдарда, сондықтан олар «Мұңал ошақ» деп аталады» (Қаз Адайдың шежіре дерегінен).
«Арабия түбегінде Ислам діні пайда болғанша арабтар тайпа-тайпа болып көшіп-қонған. Тағдырлары нағыз біздің қазақ қоғамындағы тайпаларға ұқсас. Олар да ежелден қалыптасқан әдет-ғұрып дәстүрлерімен өмір сүріп, әрбір тайпа немесе ру басында ақсақалдар «шейх» отырған. Олар әсіресе «қанға-қан», «көзге-көз», «жанға-жан» дәстүрін мықты ұстаған, яғни құн кегін бүкіл ру болып, міндетті түрде қайтарған.
Арабтар тайпалық құрылымның жөн-жоралғыларын қатаң сақтаған. Бұл салт мыңдаған жылдар бойы елеулі өзгеріске ұшырамады десе де болғандай. Тайпалар, рулар шаңырақтарға, аталастарға бөлінді.
Араб елі қонақ болуды жақсы көреді және өздері де қонақжай. Қонақжайлық дәстүрлерін киелі қағида санайды. Қонаққа кең дастархан жайып, барын беріп сыйлайды. Мойнына қан жүктеген қонақтың өзінен дастархан үстінде кек қайтарылмайды. Ата жауың болса да, құрулы тұрған үйіңнің босағасынан ішке бас сұқса болды, қаның қарайып тұрса да, өшпенділік қолданбайды. Түтін түтеткен ошағыңның табалдырығынан аттаған мейманға, құй қара болсын, құй төре болсын мейлі, соңғы қой, ақырғы түйе сойылады. Мейманды күте алмау сүйекке түскен таңбадай, өйтіп жер басып жүргеннен, тірілей жерге кіргеннің өзі артық. Қонақ адам иіс шыққан жерге түтін аңдып келмейді, от иесінің құрметіне, абырой-даңқына бола келеді, қонақ – қырықтың бірі қыдыр, қонақ әлемде, айнала төңіректе не болып жатқанын айтушы, жақсының да, жаманның да жыл құсындай хабаршысы, қонақ қуаң шөлдегі құдық суындай білімнің де, ілімнің де бұлағы. Қалай дегенмен де, көшпенді араб тайпаларының дәстүрі бойынша, дәл біздегідей қонақжай болудың мәні орасан зор.
Араб тайпаларының салты бойынша, басына бөрік киген әрбір еркек кіндік – сарбаз санына жатады. Олар жайылымдарын, құдықтарын, мал-мүлкін, бала-шағасын ат үстінде жүріп, білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғады, көршілермен татулық, достыққа серттесіп, мүмкіндігінше уәделерін бұзбауға тырысты. Олар одақтар құрып, ауызбірліктерін қыз беріп, қыз алу арқылы құдаласу жолымен нығайтып отырды. Әлсіз, адам саны аз тайпалар өзара бірігіп, не мықты тайпалардың қол астына өтіп, әу баста азан шақырып қойған аттарынан айырылып қалған кездері де болды.
Ал, кейбіреуі жан-жақты, ауқатты тайпадан бөлініп шығып, өз алдына бөлек ру құрады. Бірақ олар, түпкі аталарының атын жоймай, «бану», яғни баласы деген қосымша анықтаушы дәстүрі де болып отырды. Оларда жеке бастың еркіндігі қатаң сақталатын. Дейтұрғанмен де, арабтар өз тайпасына аса жауапкершілікпен қарады. Егерде кімде-кім ортақ ережені бұзса, тайпаластары оны тасаттық істеп, өз арасынан аластай алатын, тайпасынан қуылған адам мүсәпір қалге түсіп «қали» атанатын. Ол барлық адамгершілік қасиетінен айрылып, тайпа дәстүрінен тыс қалатын.
Арабтар өз тайпасының алыс-жақын аталастарымен тығыз байланыста болды. Туыстықтың «алыс-жақынына» айрықша мән берді. Жақын туыс қуаныш қайғыңды бірге көтеретін қандас-мұңдас одақтасың, кек алу солардың мойнына бірдей жүктеледі, туыстықтың алыс-жақыны, әсіресе өлгеннің соңындағы мұрасын бөлу кезінде аңғарылады. Арабтардың салты бойынша, мұрагер жақын туысының мал-мүлкіне ғана ие емес, оның атақ-даңқ, кісілік қасиеті мен бетке шіркеу қылықтарына да, сол сияқты алажақ-бережақ қарыздарына да мұрагер. «Жақсыдан жақсы туады, жаманнан жаман туады» - арабтар осы қағиданы берік ұстаған. Сол себепті де өз нар түйелерінің тұқым-тұқиянына дейін жақсы білетін арабтар ата тектеріне ерекше мән беріп, жеті-сегіз атасын жатқа айтады.
Көшпенді жұрттар сияқты, арабтар да әйел ешқашан еркекке теңестірілмеген. Көбінде үй шаруашылығымен айналысқан әйелдің міндеті – қазан-ошақ, ас-су қамы. Ол бала өсіріп, ұл-қыз тәрбиелейді. Мал бағу, егіншілік кәсібі – еркектердің маңдайына жазылған төл ісі. Қыз бала жөнінде, бойжеткенше қызына әкесі қожа, босаға аттаған соң оған байы қожа. Байы өлсе, оның аға-інілерінің біріне мирас.
Шамаң келсе, қалағаныңша әйел ал, оған арабтарда шек қойылмайды. Көп тоқалдың бірі болу – әйел басына бақ-даулет әкелмегенімен, балары аш, жалаңаш болмайтын.
Әйелдер араб салты бойынша ер адамдар мен тең дәрежеде болмағанымен, күнделікті тірлікте тап сондайлық, өлтірсе үні шықпайтындай бейшара емес-ті. Себебі ол әйелдің де сөзін сөйлер еркек кіндік туыстары бар. Оларды есептен таза шығарып тастау – екінің бірінің қолынан келмейтін. Сондықтан жазықсыз әйелді талақ етіп тастамас бұрын, еркектер түн ұйқысын төрт бөліп ұзақ ойланады, ал тастаған жағдайда, оның ұзатылып келгендегі жасауы мен дүние-мүлкін еркек басымен тартып алу не қысымшылық жасау-бұрынғы қайын жұртымен арақатынасты үзді деген сөз, яғни араз болу. Арты үлкен дау-жанжал. Ұл тапқан әйелдің мерейі ерінің ағайындары арасында бірден-ақ аспандап сала береді. Ол ұл емес, ертеңгі нан табар жұмыскер мен найза ұстайтын сарбазды дүниенің жарығына келтірді деген сөз. Қызыл шақа ат байлар тал бесікте іңгәләп жатып-ақ шешесін қорғай білді.
Ежелден келе жатқан әдет-ғұрыптары бойынша, арабтардың Мұхаммед Пайғамбар шыққан құрайыш тайпасында некелесу, не ажырасу жәйіттері де неше түрлі болды. Некелесіп тұрмыс құрудың бірінші жолы – еркек жағы қыз жағының үлкендеріне елші жіберіп, келісіп, қалың мал, т.б. әртүрлі сыйлықтар дайындау арқылы құда түседі. Ал бай болсын, жарлы болсын, қалың мал, киіт, ілу және сүт ақы – осы үш нәрсе ешқашан тоқталмады. Ол «ата күші, ана сүті» деп қалыптасқан әдет-ғұрып.
Ілу – қыз берген жақтың киітіне қарсы берілетін ырым. Мысалы, киітке жамбы болса, күйеу жақтан ілуге жамбы беріледі, қыз жақтан түйе, ат берілсе, күйеу жақтан ілу де солай беріледі. Ал «сүт ақы» ілуден бір дәреже төмен, ілу жамбы болса, сүт ақы – түйе, ілу түйе болса, сүт ақы ат болады. Арабтарда «өлі-тірі» аталатын тағы бір ғұрып бар, оған бір мал немесе зат беру керек. Өлі-тірі берген соң, дәстүр бойынша күйеу жігіт қалыңдығына жасырын барса да айып болмайды.
Араб тайпалары жазы-қысы жүні түтелген ескі қара киіз үйде тұратын. Осындай үйді қалқитудың көп қиындығы жоқ, он шақты сырықты жерге қададың да, киізбен тұмшаладың. Киіз үйдің жан-жағынан қазық қағып, киіздерді жел баулармен байлап тастайтын. Мұндай үй қара жердің топырағын суырған жел-құзыңа да мыңқ етпейтін. Жауын-шашын болған кезде қосқа су кірмеу үшін, шатырдың етегін топырақпен көміп, айналасына ор қазып тастайды. Қостың іші әр кезде киіз шымылдықпен екіге бөлінеді. Бір жағы әйелдер мен балаларға, екінші жағы – еркек кісілерге. Жерге киіз, текемет төсейді, олар жантайсаң жастық, қисайсаң төсек болады. Қазан көтеріп, от жағатын ошақ киіз үйдің ортасында, түтін түндік арқылы бұрқырап таза ауаға көш асады, ал отынға түйе жапалары мен құла түзден шауып алған қураған бұталарды жағады. Міне, бұл табиғи құбылыстар ежелгі қазақ тайпаларына да тән құбылыс екенін тарихтан білеміз. Тегінде, қазақтардың әдет-ғұрпының дені араб тайпаларының тұрмыс-тіршілігіне ұқсас болғанын көреміз.
...Көне араб тайпаларының дәстүрі бойынша, бір атадан туған екі ер баланың біреуі қара шаңырақты, яғни отауды ұстап қалады да, ал екіншісі ол шаңырақпен қош айтысады. Жоғарыда айтылған аңызға қарағанда қара шаңырақтан кімнің кететінін Ибраһимның бәйбішесі Сара шешкен. Сөйтіп, Ибраһим тұла бойы тұңғышы Исмаилды жібергісі келмегенмен, ата-баба салтынан асып кете алмаған» (Аманбай Құнтөлеуұлы «Мұхаммед Пайғамбар» Алматы. 2003 33-38 беттер). Олардың да қолданатын ата-салты дәл біздегідей «үлкен ұлдар енші алып, бөлек отау тігеді де, ең кенжесі қарашаңырақта қалады».
«Қазақтар секілді Арабтарда ән мен жырға құмар болып, кез келген араб өз жанынан өлең шығара алған» (Құран. Алматы «Білім» қоғамы. Москва, 1990. 645 бет).
Арабтар Ү11 ғасырда Ислам дінін қабылдағанға дейін біздер сияқты 360 әулиені кие тұтқан. «Біз Мұхаммед 630 жылы Меккеге барғанда 360-пұт құдайды Қағбадан шығарып тастағанын жақсы білеміз» (Құран. Алматы. «Білім» қоғамы 1990. 629 бет).
«Түркілер арабтарды «тәзік» деп атаған, осыдан шығарып, Тәзекелер, абараб не арабтан келгендер деген ұғымды білдіретініне көз жеткізуге болады» (Бұл деректер Ә. Спан мен М. Абылханның «Ермембет би» атты кітабындағы Әнес Сарайдың алғы сөзінен алынды (8 бет).
Бұл деректің құндылығы, сол замандардағы түркілердің Арабтарды Тәзіке деп атауында. Адайлардың шежіре дерегі бойынша Тәзіке Адайдың бірінші немересі, яғни бірінші буыны болса, Араб пен Еврейлердің атасы Семиттер Адайдың жетінші немересі Бұзаудан тарайды. Бұл Адай шежіресінде айқын көрсетілген.
Араб пен ебрейлер өз тектерінің қайдан шыққанын өте жақсы білген. Әйтпесе олар әлемге әйгілі қалаларының атын Меке (Ман әке) мен Мадина деп атамаған болар еді. Меке – Ман әке деп, аталық текті білдірсе, Мадина аналық текті білдіреді. Екі қаланың атауы да біздер Маңғыстаулық МАД (Ма Адай-Қара) патшалығынан шыққанбыз деп айғайлап тұр.
Арап - Ар Апа. Арабиядағы екінші діни астананың қыз бала есімімен Мадина аталатынының сыры осы. Қазақтың жалпақ сөзімен айтқанда бүгінгі Араптар мен Еврейлер бізге жиен болады. Жиен деп Атам Қазақ Қыздан туған ұрпақты айтады. Апа (Аба) деген түбірден туындайтын Папа мен Бабаның тегі осы. Атам қазақтың Ата-Баба дейтіндері де осыдан. Мына көрші орыстардың әйелдерін Баба дейтіндері де осыдан.
Тарих тағлымы: Бөлінгенді бөрі жейді. Бүгінгі Арап елдеріндегі болып жатқан аласапыран осы айтқанымыздың айдай айғағы болмақ.
Қазіргі жастарымыздың әкелерін папа деп атаулары, қазіргі қазақтың өз ата-тегінен ажырап, азып бара жатқанын көрсетеді. Атам қазақтың «азғын» деген сөзінің шығу тегі осы.
Қожырбайұлы Мұхамбеткәрім
Маңғыстау