Астанадағы ұлттық пантеон құрылысына 79 млрд теңге бөлінген, - деп хабарлайды Qamshy.kz «Астана» арнасына сілтеме жасап.
Жаңа пантеонның техникалық экономикалық негіздемесінің жалпы сомасы осынша қаражатты құраған.
Астанадағы жаңа зират құрылысына 12 млрд теңге жұмсалмақ. Бұл кешеннің алғашқы бөлігіне кететін қаржы. Көкшетау бағытындағы айналма тас жол маңынан түсетін қорымға 460 гектар жер берілген. Аталған қаржы соның 118 гектарына жұмсалады. Онда мұсылмандар мен христиандарды жерлейтін бөлек орындар болады және мемориалды парк тұрғызылады деп жоспарланған. Жер телімдерін Ақмола облысынан Астана қаласының балансына өткізу рәсімі жүргізіліп жатыр.
Тағы бір ірі аумақты шаһардан 17 шақырым қашықтықтағы Қабанбай батыр ауылынан қосу қарастырылған. Сондай-ақ Ұлттық пантеонның құрылысы жалғасады. Жер қатынастары басқармасының ақпарына қарағанда, халықаралық әуежайдың территориясы да біршама кеңейтіледі. Сөйтіп, алдағы уақытта Астана шаһарының аумағы 80 мың гектарды құрамақ.
Шыңғыс Бектемір, Астана қаласы жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы:
Жалпы қосылатын жерлердің аумағы 8719 гектар. Оның ішінде 7300 гектар Майбалық көлінің маңында, яғни халықаралық әуежайдың артында орналасқан жерлер. Сондай-ақ, ҚР Ұлттық пантеоны. Жаңа қалалық зират. Ол 460 гектар. Ұлттық пантеон Қабанбай батыр ауылдық округінің маңында орналасқан. Ал жаңа қалалық зиратқа келетін болсақ, ол Талапкер ауылында орналасқан.