Қазақстанда жолаушы тасымалдайтын - 53, жүк таситын 10 әуе компаниясы тіркелген. Қазақстан әуе компаниялары баспасөз қызметінің хабарлауынша, әуе желілерінің көбі Украинаға ұшатын тұрақты және чартерлік рейстерінің санын азайтқан. Қазақстанның «Эйр Астана» жетекші әуе компаниясы Астанадан Киевке дүйсенбі және сенбі күндері ұшатын; Алматыдан дүйсенбі, бейсенбі күндері ұшатын рейстерін қысқартқан. Компанияның баспасөз қызметінің Азаттық тілшісіне айтуынша, Украинадағы саяси дағдарысқа байланысты бұл рейстердің жолаушысы азайып кеткен. Skat Airlines компаниясы Украинаға рейстерін мүлде жапқан. Әуе компаниясы баспасөз қызметінің Азаттық тілшісіне хабарлауынша, компания наурыздың 1-інен 30-ына дейін билет алған жолаушылардың ақшасын қайтарып берген. «Украина халықаралық әуе желілері» компаниясы да кейбір рейстерін тоқтатып отыр. Компанияның Қазақстандағы өкілдерінің айтуынша, бұған сұраныстың азаюы себеп. Компания өкілдері «әуе қозғалысы шектелуіне байланысты Симферополь әуежайы «Украина халықаралық әуе желілері» рейстерін қабылдап, қызмет көрсете алмайды» дейді. Ақпанның аяғында «Украина халықаралық әуе желілері» компаниясы елдегі саяси дағдарыс кесірінен жолаушы және жүк тасымалы азайғанын мәлімдеген еді. Іскерлік және туристік сапарларға сұраныстың азаюы ақпан, наурыз айларында Украинаға ұшатын рейстерге алдын ала билетке тапсырыс беру деңгейіне де әсер етті. Осы себепті әуе компаниясы рейстер бағдарламасын оңтайландырып, ақпанның 24-інен наурыздың 29-ына дейінгі ұшу кестесінен бірнеше рейсті алып тастауға мәжбүр болған. Азаттық радиосы