Өзбек басшысы Кәрімовтың билігі шектелді

/uploads/thumbnail/20170708151636427_small.jpg

Алатақиялы өзбек елі аяқасты әбі­герге түсті. Билікті 24 жыл уысында ұстап келе жатқан президент Ислам Каримов өз өкілеттігін қысқартпақ. Яғ­ни президентке тиесілі билік тізгінінің бір ұшын алдағы уақытта премьер-министр мен парламент ұстамақ.

Осы­ған байланысты елдің Ата заңы Кон­сти­туцияға біраз өзгерту енгізбек. Бәрі Ислам ака Каримов ойлағандай болса, келер жылы президенттік додадан аты озған адам дәл қазіргідей үлкен өкі­лет­тікке ие бола алмақ емес.

Еске сала кетер жайт, алдағы жел­тоқсан айында парламент, келер жыл­дың басында президент сайлауы өт­пекші. Бұл соған дайындық болса ке­­рек-ті. Жасы 74-ке келген Каримов сайлауға түсе ме, түспей ме, белгісіз. Ол жөнінде президент әкімшілігі де, Ка­ри­мовтың өзі де үнсіз. Бәлкім, елдегі би­ліктен дәмелі топтардың аңдысын аңдуда болар. Жалпы, Каримов 2010 жылы да елдегі негізгі заңға біраз өзгерту енгіздірген еді. Онда «президент аяқасты ауырып, өз міндетін атқара алмайтын болса не істеу керек?» деген сияқты біраз мәселелер қаралған. Сол өзгерістердің ішінде президенттік мер­зімді 7 жылдан 5 жылға түсірген. Екі мерзім отырған адам одан әрі сайлауға түсуге қақылы емес деген бап та қо­сылған. Енді араға біраз жыл салып, Ка­римов тағы Конституцияға өзгерту жасауға талпыныс жасады. Ендігісі ел басқаруды ұжым болып қолға алу, яғни президент, премьер-министр және парламент. Билік былай бөлініп отыр, президент ішкі-сыртқы қорғаныс сая­сатын қолға алады және күштік құры­лымдарды басқарады, премьер-ми­-нистр экономика мен әлеуметтік салаға жауап береді, парламент министрлер кабинетінің қызметіне, атқарушы би­лікке және стратегиялық мәселелер жө­нінде шешім қабылдау құқына ие болмақ. Осылайша билік үш тармаққа бөлінбек.

Қазірдің өзінде елде сайлау дүбірі естіле бастады. Прези­денттіктен дәмелі топтар аражіктерін ашып, салмақтарын та­разылай бастағанға ұқсайды. Тартыс самарқанд-бұқаралық, ташкенттік, фер­­ганалық, қарақалпақтық, хорезмдік және сур­каштықтар (Сурхандария және Қашқандария облыстары) ара­сында өтпек. Дегенмен самарқандтық топтардың билік тізгінін ұстауға мүм­кіндігі мол сияқты. Себебі ол топқа 2003 жылдан бері премьер-министр болып келе жатқан Шавкат Мирзяев жетек­шілік етеді.

Кім қалай айтса да, ішкі ойын сыртқа көп шығара бермейтін, көбіне жұмбақ қалпын сақтайтын Ислам Каримов өз елінде тағы бір саяси жүріс жасауды қолға алды. Мұндағы ойы не? Ол әзірге жұмбақ.

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

Қатысты Мақалалар