Ақылды адам өзінің қатесінен емес, өзгенің тәжірибесінен сабақ алады деген сөз бар. Сол сияқты біз де Украинадағы жағдайдан ой түюіміз қажет. Фашистік Путин режимінің Қырымды тәуелсіз мемлекеттен тартып алуы - барлық халықаралық келісімдердің жойылғанын көрсетеді. Бір сөзбен айтқанда, бүгін қол қояды, ертең өз қолынан бас тартады. Қазақстанға да шабуылдар жасалмайды, әскери операция болмайды деген нәрселер айтылды, бірақ, қазір көріп отырғанымыздай, мұның бәрі - бос сөз. Демек, елдігімізді, ұлттығымызды, мемлекет тәуелсіздігі мен тұтастығын сақтаймыз десек, тек өз-өзімізге, ақылымызға, айлакерлігімізге сенуіміз ғана қалды. АҚШ-та, еркек пен еркектің махаббатын дәріптеп, көгілдірлердің артын қорғап жүрген Еуропа да, өзіміз миф ретінде ойлап тапқан Түркі елдерінің қауымдастығы да қазақты қорғамайды. Қорғайды десеңіз, оның бәрі бос сөз. Өз басым американдықтардың не француздардың әскері келіп, бізді қорғап жүргенін көзіме елестете алмаймын. Әскери операцияға ақша шашып, өмірлерін қиюға олар бармайды. Түркия да, тіпті қасымыздағы өзбек те солай. Сондықтан, бүгінгі саясат түлкі болса, біз тазы болып шалуымыз керек. Енді біз не істеуіміз керек? Ұнаса да, ұнамаса да айтайын, Ресейден бітіспес жау жасап, сонымен ұстасамыз, әскерімізді саламыз деп, құр тыраштанбайық. Украинадан Қырымды 3 аптада бөліп алса , бізге олардың 1 аптасы ғана кетеді. Біздегі орыстардың үлесі 24 пайыз екенін ескерсек және олардың шовнистік амбициясын қоссақ, ішімізден ақ Ресей күл талқанымызды шығарады. Сондықтан, меніңше, ең бірінші кезекте мынадай шаруаларды ойлауымыз керек:
1. Қазақтың санын көбейту (Палестина лидері Ясир Арафаттың сөзі бар: "Бізді құтқаратын тек қана араб әйелінің жатыры" деген. Сол сияқты, қазақтың саны қалай көбейеді, оған қандай жағдайлар керек, не істейміз бұл бағытта деген саясатты ойлауымыз қажет). 2. Қазіргі жағдайда Ресеймен де, басқа да алпауыт елдермен де ашық конфронтацияға бармай, мүмкіндігінше мемлекеттік тәуелсіздігіміз бен тұтастығымызды сақтап қалыуымыз керек. Путин - мәңгілік емес, Ресейдің бірінші империалист, қанішер әрі жауыз патшасы емес, талайы болды, барлығы да жаһаннамға, тозаққа кетті. Бұл да кетеді. Бәрібір бірте бірте оның орнына аздаған либералдық көзқарасы бар, жұмсақтау басшы келеді. Ал, ондай билік Еуропамен жақындасуға, бірлесуге ат салысатыны түсінікті. Енді өмір бойы Батыспен жау болып, қырғи қабақ болып отырмайды ғой! 3. Солтүстік облыстардағы қазақтардың санын көбейту қажет. Жұмыс орындарын ашу, үй беру, перспектива бар деген нәрсені құлаққа сіңірсек, ол жаққа жұмыссыз жүрген мыңдаған қазақтың отбасыларын апарсақ, ертең "бөлінеміз!" деген орысты төбесінен қойып, орнына отырғызатындай жағдайда болады. Ал ашық әскери қақтығысқа Ресей бара қоймас. Бұдан басқа да ауқымды саяси іс-шаралар жүргізілуі тиіс, әрине. Бірақ, ең негізгілері осы деп ойлаймын. Ал мұның барлығын жүзеге асырып, мемлекеттігімізді сақтағымыз келсе, белсенділікті арттырып, ұлтшылдардың интеллектуалдық деңгейі құр айғай емес, үлкен дәрежеде екенін көрсетіп, бізді билік тыңдамай қоймайтындай күйге жетуіміз тиіс. Осындай ойлар, алдағы Антиеуразиялық форумды да, одан өзге де шараларды да үлкен интеллектуалдық деңгейде өткізсек деген ниетке жетелейді.
Жанболат Мамай