Алматыда "ARAGOSTA CAFE"түнгі клубынан өрт шықты, - деп хабарлайды Qamshy.kz. Алматы қалалық ТЖД-не сілтеме жасап.
Ескерту: Видеода былапыт сөздер айтылады.
Алматы қалалықт ТЖД ресми өкілі Сандуғаш Баймұханбетованың айтуынша, бүгін таңғы сағат 05:25-те Алматы қалалық ТЖД «101» кезекші бөліміне бір куәгерден Алмалы ауданы, Розыбакиев көшесі 72 «Б» мекенжайында орналасқан "ARAGOSTA CAFE" клубының шатырының жанып жатқаны туралы хабар келіп түскен.

«Өрт сөндірушілердің алғашқы тобы оқиға орнына 5 минуттан кейін келіп жетті. Белгілі болғанындай, дәмхана шатырының көп бөлігін жалын шарпыған. Соның салдарынан бүкіл шатырдың жанып кетуі және өрттің жапсарлас орналасқан көрші ғимаратқа өтіп кету қаупі туындады. Оның үстіне өкінішке қарай, дәмхана төбесінің жанғыш минералдық мақтамен қымталғаны өрттің тез тарауына себеп болды. Сондай-ақ, өрт сөндірушілер оқиға орнынан шашылып жатқан бірнеше өрт сөндіргішті тапты. Сөйтсе, ғимараттың күзетшісі өртті таңғы сағат 04:45-те байқапты. Сөйтіп, өз күшімен сөндірмек болған. Өрт сөндіру барысында 50 литрлік 3 газ және 2 көмірқышқыл баллоны қауіпсіз аймаққа шығарылды», - деді Сандуғаш Баймұханбетова.

Тілсіз жау 06 сағат 43 минутта ауыздықталды. Тілсіз жаудың аумағы 1 200 шаршы метрді құрады.
«Өрт сөндіру барысында полиция қызметкерлері жақын маңда орналасқан 9 қабатты тұрғын үйден 40 тұрғынды қауіпсіз аймаққа шығарды. Зардап шеккендер мен құрбан болғандар жоқ. Өртті сөндіруге Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің «Өрт сөндіру» қызметінің жеке құрамынан 80 адам мен 19 техника жұмылдырылды. Өрттің аумағы 1200 шаршы метрді құрады. Таңғы сағат 07:34-те өрт толығымен сөндірілді», - деді Сандуғаш Баймұханбетова.
Айта кетелік, қазір өрттің шығу себептері анықталып жатыр.