Жер иеленушілерге қатаң талап қойылатын болады

/uploads/thumbnail/20170709014748027_small.jpg

Жер иеленушілерге қатаң талап қойылатын болады, - дейді Жер реформасы жөніндегі комиссия мүшелері. Бұл туралы Qamshy.kz «Хабар» арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Жер арғы үш атасы Қазақ жерінде туған азаматтарға ғана жалға берілсін! Бұл – бүгін Жер реформасы жөніндегі комиссияның жанынан құрылған Құқықтық жұмыс тобының жетекшісі Мұхтар Тайжанның ұсынысы.

Құқықтық және ақпараттық-түсіндіру жұмыс топтарының алғашқы отырысында өзге де маңызды бастамалар көтеріліп, алдағы күндерге нақты жоспар жасалды. 

Жер – көпшіліктің көңілін күпті қылған өзекті мәселе. Құқықтық жұмыс тобының өкілдері жұртшылықтың ойындағысын дөп басатын әрі бұған дейін ескерілмеген бірқатар маңызды ұсыныстар жасады. Мәселен, Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан солтүстікте бос жатқан шұрайлы жерлерді оңтүстіктің халқына беру керек деген бастама көтерді. 

Сонымен қатар, жердің кез келген жағдайда шетелдіктерге сатылуына тыйым салынуын заңмен бекітуді ұсынып, жалға берілген жағдайда, ол жерде тек Қазақстан азаматтары жұмыс жасауы қажеттігін атты. 

Бекболат Тілеухан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Оларға жұмыс күшін әкелуге заңмен тыйым салу керек. Бұзған жағдайда елдеріне қайтару керек. Яғни қандай шетелдік инвестор келсе де, олардың жұмыс орнында қазақ исі аңқып тұру керек.  

Басқосуда жерді банкке кепілдікке қоюға тыйым салу жайы да талқыланды. «Және жерді 3 жыл ішінде тиімді игере алмағандардан қайтарып алу мәселесі көтеріліп, оның құнарлылығын жоғалтып, тоздырғандарды жауапкершілікке тарту қажет», – деді жұмыс тобының жетекшісі Мұхтар Тайжан. 

Мұхтар Тайжан, Жер реформасы бойынша комиссияның Құқықтық жұмыс тобы жетекшісі:

-Үш атасы Қазақстанда туған азаматтарына ғана жерді беру керек деп ойлаймын. Бірақ әрине, оралмандарға, елімізге оралған қандастырымызға беруіміз керек. 10 жыл сата алмайды, өзі айналысу керек. Сосын жалпы ауданының көлемінде емес, жалпы мемлекеттік шектеу болады.  

Ал ақпараттық-түсіндіру жұмыс тобы «Фейсбуктан» Жер реформасы бойынша комиссия деп аталатын арнайы парақша ашқан. «Онда барлық азаматтардың ұсыныстары мен жерге қатысты бүкіл мәлімет жарияланады, – деп сендірді топ жетекшісі. 

Мұрат Әбенов, Жер реформасы бойынша комиссияның ақпараттық-түсіндіру жұмыс тобы жетекшісі:

-Жер саласында қанша заң бұзушылықтар бар? Кімнің қолында? Мысалы, көп жерді алып алғандар бар екендігін білеміз. Қалай алған? Неге заңсыз алды? Неге оны қайтып алмаймыз? Және оның артында кім тұр? Екінші мәселе, бүгін жер ала алмай жүргендер бар. Олардың жағдайлары қалай болады? Барлық дайындаған ақпаратты тек комиссия мүшесіне емес, азаматтарға ұсынуымыз керек. Әр азамат білу керек. 

Сонымен қатар, елімізде 14 мамырдан бері жұмыс жасап жатқан call-орталықтарына 2 мыңнан астам азамат қоңырау шалып, 900-ге жуығы сауалдарын жолдаған. 

Алайда, жұртшылықты мазалаған сұрақтардың тек 30 пайызы тікелей Жер реформасына қатысты.  Дегенмен олардың барлығы тіркеуге алынып, комиссия мүшелерінің қарауына жіберіледі. 

Қатысты Мақалалар