Қайран қазақ! ғұмыр кештің не түрлі,
Тұлпар едің тұяғың тасқа кетілді.
Қайсар қазақ мың өліп, мың тірілдің,
Сұңқар едің қанаттарың кесілді.
Кезіміз көп қапы қалып өкінген,
Жауымыз көп жоюға бізді бекінген.
ҚЫЗЫЛ АПАТ қиын түсті бәрінен,
Жоя жаздады жұмыр жердің бетінен.
КОММУНИЗМ - құрылған кіл қастыққа,
Гитлерде бармады ондай ластыққа.
Тартып алып малыңменен астықты,
Қасақана ұшыратты аштыққа.
Тасқа жанып бойындағы намысын,
Қалың елі – қазағының қамы үшін.
Құтқарам деп шығып еді алашты,
АЛАШОРДА серкелері арысым.
ҚЫЗЫЛ ЖАЛЫН олардыда жалмады,
Ел бастайтын есіл ерлер қалмады.
Әліпбиді сан құбылтты сұм ҚЫЗЫЛ,
Бас көтерер халықта ес қалмады.
Шабуылды тілмен дінге үдетті,
Бұрын- соңды ел көрмеген күн өтті.
Дәл солардың бұйрығымен қырғызып,
ЛЕНИН, СТАЛИН – көсеміміз деп үйретті.
Өтті өмір заман солай өзгерді,
Құлақ естімес сұмдықтарды көз көрді.
Жер жастанып ұлтын сүйген ұлылар,
Ібілістер ел басқарған кезкелді.
Желтоқсанда жастарымыз бұлқынды,
Таптама деп КЕСІР КЕҢЕС ұлтымды.
Қыршын жастар жанышталып аяусыз,
Ұлт рухы тамырынан қырқылды...
Тарихта талай сұмдық із қалды,
Жүректерде жазылмайтын сыз қалды.
Жалтағтаған үкіметтің сиқынан,
Сезіледі сол заманның ызғары.
Бақытты бала кездер – ай
(Ақсай малшаруашылық мектебінде оқыған барлық балаларға арнаймын)
Сағыныш – саналыға дара сезім,
Қырқыңда қырға шығып қарашы өзің.
Алыстап сенен қанша кетсемдағы,
Есімнен бір кетпейсің бала кезім.
Тауда өсіп, суын ішкен тас бұлақтың,
Қазақтың қайсар қара баласы едім.
Арамдық, сараңдыққа былғанбаған,
Суыңдай мөлдір еді сана, сезім.
Шарықтап қияндарға қиял шексіз,
Сыртта жатып жұлдызды санаушы едім.
Ата- ана, аға- бауыр бәрі бірге,
Мәңгі солай тұрардай қараушы едім.
Еске түссе қызық көп жыр ететін,
Шалдар қандай өткенді сыр ететін.
Асық ойнап, тай мініп, қой қайырып,
Кездер қандай жарысып, күресетін.
Малшы өмірі – кеңпейіл, ізгі жандар,
Қолда барды өзара үлесетін.
Қонақ келсе қуанып қойын сойып,
Бір туғаны келгендей сый ететін.
Күні бойы ойнаушы- ек асыр салып,
Бір сағатта болмайтын құр өтетін.
Жадыраған жаз өтіп күзде жетіп,
Тірактір бөктер жақтан дүр ететін.
Оқуға кетер күнді ішің сезіп,
Бала жүрек тіксініп, дір ететін.
Болмасада сені ешкім бопсалайтын,
Біздің оқу өзгеге ұқсамайтын.
Онда барсаң қарын аш, қадырың аз,
Бала қашып мектептен тоқтамайтын.
Үрейлі жер боп бізге сезілетін,
Ашықтырып, баланы ноқталайтын.
Ақсайда ашықпаған бала қайда,
Бастық, аспаз тек өзін тоқ санайтын.
Шешем көрпе - жастықты салып берді,
Оқуды енді көзім анық көрді.
Тірактірге салып ап көп баланы,
Борқұдыққа төрт тамға алып келді.
Керпіш үстіне тақтайды парта қылып,
Сонда оқыдым алғашқы әріптерді.
Мектебіміз оқыған көшпелі еді,
Біз болдық “жетім тайлақ көшке ереді”.
Күз өте Салбырты асып ел көшкенде,
Мектепте Ақсайға көшпек енді.
Мектеп көшіп болғанша оншақты күн,
Үйге барып келуді ескереді.
Балалар жаяу - жалпы жүгіретін,
Бірі ерте, біреуі кеш келеді.
Па, шіркін! шарықтайды қиял қандай,
Ыстық еді туып - өскен ұяң қандай.
Қуаныштан жүгіресің шаршамайсің,
Бәйгеден озып келіп сый алғандай.
Тезірек үйге жету бар арманың,
Қарамайсың өкпең күйіп қиналғанға- ай.
Көз салсаң үйге таяу дөң басына,
Бауырларың сені күтіп жиналғандай.
Алдыңнан жүгіретін қарсы алам деп,
Қадырлы- ғой оқуға барса адам деп.
Жолдыаяқ та жатады жолың тосып,
Жүргізбей тіке шапшып арсалаңдап.
Тістелеп балағыңнан құлататын,
Арнайды қуанышын бір саған тек.
Әке - шешең қуанар үміттеніп,
Балаларым жақсы оқып болса адам деп.
Ендігі оқу Ақсайда жалғасатын,
Тау іші, кей қыс қалың қар басатын.
Жатамыз бір жатақта жирма бала,
Топырлап алысқанда шаң басатын.
Ағайындар жатамыз екі - екіден,
Кез емес бір төсекте кең жататын.
Үлкендер бірін - бірі жығып алып,
Шығып ап үсті - үстіне дөң басатын.
Күнделік тоқаш қолға тиген кезде,
“Шөреге дау жоқты” айтып арбасатын.
Заңы сол – қолдағыңды жұлып кетсе,
Хақың жоқ менікі деп жармасатын.
Бұндай сұмдық көрмеген менің басым,
Жеп болғанша нанымды тер басатын.
Кешке көже шелекпен әкелетін,
Тегешке құйып бізге әперетін.
Арасында қарайған еті болса,
Қазаншы өзі қағып әкететін.
Ішетінің күнде кеш сылдыр көже,
Шамаң жоқ бұл қалай деп дәт ететін.
Тәңертең, түс жейтінің жалғыз тоқаш,
Байқамасаң біреу бар сап ететін.
Сойсада он өгіз, қырық қойды,
Таңдайың таңдайыңа тақ ететін.
Бәріне шыдап оқу керек енді,
Ерінбесең еңбегің еленеді.
Жүрсекте түлкі құрсақ үйді ойлап,
Оқуға ынтамыз бөлек еді.
Тәңертең – кеш кітәпті қолға алып,
Сабақ жаттап балалар жөнеледі.
Жая тасқа орындап тапсырманы,
Ләппәй атқан кездер - ай төбедегі.
Тасты тасқа саусақпен соққан кезде,
Сезілмейтін жарақат көбедегі.
Қыстыкүні – күн қысқа шыдайтынбыз,
Сенбі сайын үйге қарай заулайтынбыз.
Күн ұзап, көктем өте мамыр айы,
Ел Сауырға көшкенде жылайтынбыз.
Қарын ашта күн батпай қасарысып,
Жатақта жабығып сорлайтынбыз.
Күні кешке көз салып Сауыр жаққа,
Ел көшкен жұртты аралап шарлайтынбыз.
Сағыныш – үйге деген ала бөтен,
Тарқар күнін мектептің санап өтем.
Атты кісі көрінсе елеңдейміз,
Үй жақтан біреу келіп қалама екен.
Ана кісі болса екен ағам, әкем
Десеғой мені өзімен ала кетем.
Болмаса туысы боп жатақтастың,
Азық - түлік, құрт әкеп берерме екен.
Ұзақ күн жылжып олда өтетұғын,
Жылдық емтихан уақытыда жететұғын.
Емтихан бітсе шіркін- ай үйге жетсек,
Жүрек шіркін дүрсілдеп кететұғын.
Балалар ерте тұрып сабақ жаттап,
Тым ерен белсенділік ететұғын.
Күніне екі сабақтан сыныау алаып,
Емтиханда ұзамай бітетұғын.
Дегенде ертең кетем теңді буып,
Түні бойы ұйықтамай күтетұғын...
Жүрегің жарылырдай қуаныштан,
Көргенде Сауыртауды ту алыстан.
Тірактір Салбыртыдан асатұғын,
Түтіні артта қалып шұбап ұшқан.
Қуанып ән салатын мұңғұл - қазақ,
Тырнадай жер сағынып шулап ұшқан.
Жүгімізді арқаға сала салып,
Жүгіреміз түсе сап таяу тұстан.
Ауырын ағам өзі көтеретін,
Қарамаймыз иыққа арқан ысқан.
Дедек қағып ұшамыз үйге қарай,
Зарығы сағыныштың әбден қысқан.
Мыңғырған мал, көк шалғын, мөлдір бұлақ,
Қандай ғажап құсыда әуеде ұшқан.
Балалар асыр салып жүгіретін,
Бақытты кезі малшының шыққан қыстан.
Шіркін-ай! Үйге мәз боп жетуші едік,
Қуаныштан кетердей есім шығып.
Бауырларым жүгіретін алақайлап,
Қарсы алатын алдымнан шешем шығып.
Бір шыны шәй ішуге тақат қылмай,
Жүгіріп тауға шығып кетуші едік.
Лақтай ойнақтайсың секек қағып,
Қандай ыстық өз үяң деуші едік.
Сағыныппыз таудыда жаз қонатын,
Әкем кешке қой сойып мәз болатын.
Балалық қуаныш ол – мүлде бөлек,
Ондай шаттық өмірде аз болатын.
Одан артық көргем жоқ жәннәт мекен,
Болсадағы көлі жоқ қаз қонатын.
Айнала құлпырған гүл, жайқалған шөп,
Бұлақ бойы жасыл кілем – саз болатын.
Қайран менің бақытты кездерім- ай,
Қадырыңды өте кеш сезгенім- ай.
Қырға шығып ес жиып қарайласам,
Бір қайырылмай жырақтап безгенің- ай.
Өзек сыздап өзіңді еске алғанда,
Жас келеді мөлтілдеп көздеріме- ай.
Жаныңа ыстық жандардың көзі түгіл,
Зар боп жүрміз бір ауыз сөздеріне- ай.!!!
Қолдан ұшып кетпесін бақыт құсың,
Құлшынайық баланың бақыты үшін.
Бір аллада алдағы бақыт ісің,
Бақытты өткен күніңмен бақыттысың.
Нұрбақыт Байрахметұлы
24.09.2009