Қазақстанның халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Мақпал Жүнісованың өнер жолында жүргеніне биыл 35 жыл. Осыған орай өнер иесі еліміздің бірқатар қалаларын аралап, өзінің жеке ән кешін өткізіп үлгерді, - деп жазады JULDIZDAR.KZ.
Қазіргі таңда Елдің ерке қызы Астана және Алматы қаласында өтетін есеп беру кештеріне қызу дайындық үстінде. Алда өзінің осынау үлкен шығармашылық кешінің өтетініне қарамастан, Мақпал әнші Алматының төрінде болып жатқан кез-келген шарадан тыс қалып жатқан жоқ. Бәріне белсенді түрде атсалысуда. Мұның өзі оның өзгелерге ұқсай бермейтін өзгеше бір болмысы десек артық айтқандық емес.
Иә, Мақпал өзі айтқандай Елдің ерке қызы. Елі де оны еркелетіп алақанында аялай біледі. Өйткені ол өзінің өнерін сүйген халқына жан жүрегімен берілген жан. Кез-келген концерттерден кейін суретке түсіп, қолтаңба алу үшін өзіне қарай ұмтылған қаумалаған көптің де көңілін қалдырмай, елмен емен жарқын араласуы да оның қарапайымдылығын көрсетсе керек. Кейбір өздерін жұлдыз санайтын әншілер секілді сұхбат беруге де бәлсіне қоймайды. Тілшілер қауымынан сырын да, шынын да жасырмайды ол. Қай жерде жүрсе де, өзіне ғана тән сыңғырлаған күлкісімен көптің көңілін серпілтіп жүретіні тағы бар. Ел алдындағы есеп беру кешіне қызу дайындықта жүрген халықтың сүйікті әншісі – Мақпал Жүнісовамен концерттердің бірінде жолығып, аз-кем сыр бөлісудің сәті түскен еді.
ӘНШІ ҮШІН ЕҢ ҚИЫНЫ – ДАЙЫН ӘНДІ ІШІҢДЕ САҚТАП ЖҮРУ ЕКЕН…
– Мақпал Мұхамедиярқызы, шығармашылығыңызға 35 жыл толып жатыр екен. Құтты болсын!
– Рахмет! Уақыт деген зымырап өте шығады екен ғой. Әне-міне дегенше өнер жолында жүргеніме 35 жыл да толып қалыпты. Осы уақытқа дейін еліміздің бірқатар аймағын аралап та келдім. Қазір Астана мен Алматы қалаларында өтетін үлкен концертке әзірленіп жатқан жайым бар.
– Елдің Ерке қызы қандай ерекшеліктерімен көпті елең еткізбек?
– Әлбетте бірінше кезекте репертуарым көптеген жаңа әндермен толықты. Дегенмен, кеш барысында жүз пайыз ел естімеген әндер орындалады дей алмаймын. Өйткені халық жаңа әндермен қатар, құлаққа сіңіп, әрі ел арасында танылып қалған әндерді де есіткісі келетіні заңдылық. Сондықтан да, концерт кезінде жаңа әндермен қатар, осы уақытқа дейін елдің ерекше ықыласына бөленген әндерім де тыңдарман назарына ұсынылмақ. Бүгінгі күні шығармашылық кешке «Отырар сазы» оркестрімен бірге арнайы бағдарлама әзірленуде. Сонымен қатар, домбырамен де біраз әндерді шырқамақпын. 35 жылдық кеш болғандықтан көп нәрсені қамтуға, әрі барынша жоғары дәрежеде өткізуге күш салып жатқан жайым бар. Шындығын айту керек, кештің режиссері де, сценаристі де – өзім. Осы уақытқа дейінгі ән кештерімнің барлығында тиісті бағдарламаны өзім дайындап келемін. Өйткені, халыққа ұсынатын дүнием ең бірінші кезекте өзімнің көңілімнен шығуы керек. Сонда ғана көпке ұнайды деген ойдамын.
– Қандай әншілер қатысады деп жоспарлануда?
– Алматыда өтетін концертке қонақ ретінде әнші Әлішер Каримов қатыспақ. Екеуміз қос дауыста шырқаймыз деп жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда жаңа ән жазылу үстінде. Сонымен қатар, кешке Индира Елемес, Арман-ай атты жас әншілер де қатыспақ. Айтуға тиісті бір нәрсе – кеш барысында тыңдарман қауым қызым – Мерейдің де өнеріне куә болмақ. Ал, Астанада өтетін концертте әнші ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Сарина өнер көрсетеді.
– Жақын арада бейнебаян түсіру ойыңызда жоқ па?
– Жалпы бейнебаян түсіру жоспарда бар. Бұл тұрғыда «Гәкку» телеарнасымен бірге жұмыс істемекпін. Сондай-ақ, белгілі продюсер Баян Есентаеваға да бейнебаян түсіру турасында ұсыныс жасамақпын. Сәтін салса, бұл жоспарларымыз жүзеге асады деген ойдамын.
– «Жаңа әндер жазылып жатыр» деп қалдыңыз, атап көрсетсеңіз…
– Жазылып жатқан жаңа әндер өте көп. Оның ішінде Сәкен Қалымовтың әдемі бір әні бар. Бәрін атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын. Өздеріңіз кеш барысында куә бола жатарсыздар.
Әншінің міндеті – әнді халыққа жеткізу емес пе? Сондықтан жаңадан жазылған әндерді концертіме дейін ұстап тұру қиындық туғызып жатыр. Тіпті бірлі-жарымын Ұзынағашта, Қаскелеңде өткен концерттерде орындап та қойдым(күліп). Әншіге ең қиыны – дайын әнді ішіңде сақтап тұру екен.
МЕНІҢ БІЛГЕНІМНЕН БІЛМЕЙТІНІМ КӨП…
– Сіздің пікіріңізше бүгінгі қазақ эстрадасының кемшін тұсы қайсы?
– Аллаға шүкір деп айтайық, бүгінгі күні қазақ эстрадасында жақсы әншілер өте көп. Біздің кемшін тұсымыз – сол талантты әншілермен қатар, жылт етіп бір көрінген аз күндік әншілерді де сүзгіден өткізбей, радио, телеарналардан көрсете беретіндігіміз. Осыдан кейін қазақ эстрадасы туралы теріс ұғым қалыптасуы да мүмкін. Әйтпесе бізде Абай атамыз айтқандай, “құлақтан кіріп, бойды алатын” әсем әндерді нақышына келтіріп орындап жүрген шынайы өнер иелері жетерлік.
Тағы бір кемшілігіміз – біздің арамызда 20 жылда халыққа бір-ақ рет есеп беретін Халық әртістері бар. Меніңше бұл өте ұят нәрсе. Халық әртісі деген құрметті атақты алған әрбір өнер иесі, сол халқы үшін аянбай қызмет етуге тиіс. Яғни, елдің алдында жыл сайын болмаса да, тым құрығанда үш жыл да бір рет есеп беру кешін өткізуі керек деп ойлаймын. Алдағы уақытта осындай мәселелер дұрыс жолға қойылса екен деймін.
– Мақпал ханым, қазақ өнеріне еңбегі сіңген тәжірибелі әнші ретінде ізіңізден ерген іні-қарындастарыңызға қандай кеңес айтқан болар едіңіз?
– 35 жылдан бері сахнада жүрсем де менің де білгенімнен білмейтінім көп. Меніңше әрбір өнер иесі сахнаның қыр-сырын өмір бойы үйренсе де артықтық етпейді. «Өнерді үйрен де жирен» дейді ғой дана халқымыз. Сол айтпақшы, бізге әлі де көп нәрсені үйрене түсу керек.
Қазіргі жастарға пәлен деп, ақыл айтудың өзі қиындау. Көпшілігі қабылдай бермеуі де мүмкін. Бірақ өнер жолын таңдадың екен, осы жолда аянбай еңбек етсең, еңбегің ешқашан да зая кетпейді. Осы тұста көгілдір экран арқылы көпке танылғысы келетін жас әншілер туралы баса айтқым келеді. Мұндайлар тек, “бірнеше бейнебаян түсірсем, телеарнадан көрсетсем – танымалдылыққа қол жеткізем болды” деп келте ойлайды. Шын мәнінде телеарнаның төрінен таң атқаннан кешке дейін көрінуді ғана көксеу – бекершілік. Егер сен шын мәнінде дарынды әнші болсаң, өз өнеріңді халықтың алдында көрсет. Сенің әндерің халықтың көңілінен шықса ғана өнеріңнің әрі қарай өрістеуіне даңғыл жол ашылмақ. Ал бір жылт етіп, қайта жоқ болу – жәй ғана бос әурешілік дер едім.
– Елдің бір азаматы ретінде сізді қандай мәселе алаңдатады?
– Мені кең байтақ қазақ жерінде қазақтарға жер жетпей жатқандығы қатты алаңдатады. Осы мәселе жолға қойылса, ел тұрғындарының үйлі-жайлы болу мүмкіндіктері артар еді.
ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ЖАСАУДЫ АЗАМАТТЫҚ ПАРЫЗЫМ ДЕП САНАЙМЫН
– Құпия болмаса айтыңызшы, тапқан табысыңызды қайда жұмсайсыз?
– Өнер адамы ретінде халықтың алдында жүргендіктен, әдемі киініп жүруге міндеттіміз. Сондықтан да тапқан табысымыздың бір бөлігі міндетті түрде сахналық костюмдерімізді тіктіруге жұмсалады. Сонымен қатар, туған-туысқандарыма, бауырларыма көмектескенді де
құп көремін.
– Қайырымдылық жасап тұрасыз ба?
– Әрине, елдің алдында жүргендіктен, әртүрлі мәселемен көмек сұрап хабарласатындар көп. Таяуда ғана Талдықорған қаласында өткен концерттен түскен қаржыға әлеуметтік жағдайы төмен, мүмкіндігі шектеулі бір балаға арба алып бердім. Әрине мұндай қайырымдылық істерді Алла разылығы үшін жасауға ниеттімін.
Сондай-ақ, бізге де қолдау көрсетіп тұратын қолы ашық азаматтар баршылық екендігін айта кеткенім жөн. Сондықтан да, “өле жегенше, бөле жейік” деп мұқтаж жандарға шамамыздың келгенінше көмектесуге тырысамыз.
– Ал, әлеуметтік желіге қаншалықты мән бересіз? Ондағы жазылған пікірлермен санасыз ба?
– Әрине, заман талабына сай мен де әлеуметтік желі қолданушылардың бірімін. Өнерімдегі, өмірімдегі жаңалықтарды халықпен күнделікті инстаграмдағы парақшам арқылы бөлісіп отырамын. Онда еліміздің түкпір-түкпірінен хал-жағдайымды сұрап, хабарласып отыратын достарым жетерлік. Дегенмен, әлеуметтік желідегілердің 99 пайызы мен туралы өздерінің жағымды пікірлерін білдірсе, 1 пайызы сынап, мінеп жатады. Бірақ мен оған түк те ренжімеймін. Өйткені мен өзімді мінсізбін деп айта алмаймын. Кез-келген адам кемшіліксіз болмайды. Дегенмен менің бойымдағы кемшін тұстарды түзететін де олар емес.
– Қызыңыз – Мерейдің болашақта кім болғанын қалайсыз?
– Бүгінгі күні Мерейдің негізгі міндеті – сапалы білім алу. Осыған өзі де жете мән беріп жүрген жайы бар. Қазіргі таңда еліміз бойынша “Үш тұғырлы тіл” саясатын жүзеге асыру мақсатында қазақ, орыс, ағылшын тілдерін тереңірек меңгеру қолға алынып жатқаны бәрімізге белгілі. Сондықтан да, Мерей білімді азаматтардың бірі болуы үшін де аталған тілдерді жетік меңгеруге талпынып жүр. Келешекте ағылшыны тілінің маманы, яғни аудармашы немесе тілші болып, әлемді аралағысы келеді. Кейін есейгесін өзгеріп кетпесе, қызымның қазіргі арманы осы.
– Қыз баласын тәрбиелеуде қандай нәрсені басты назарда ұстайсыз?
– Кезінде анамыз өзімізге не айтса, мен де соны қызымның құлағына құйып отырамын. Әсіресе, ашық-ашық киінбеуін қатты қадағалаймын. Сондай-ақ, қыз деген болашақ ана екендігін үнемі ескертіп отырамын. «Сен, менің қасымда мәңгілік жүрмейсің, ертең өзге шаңырақтың түтінін түтетесің. Барған жеріңде тастай батып, судай сіңуің керек» деп қызға қажетті «қырық үйден тыйымның» бәрін санасына сіңіруге тырысып жүрмін.
– Әңгімеңізге рахмет! Ойға алған істеріңіз орындала берсін!
Дереккөз: JULDIZDAR.KZ