ҚЫТАЙДЫҢ «ЖІБЕК ЖОЛЫ» ЖОБАСЫ ЕУРАЗИЯЛЫҚ ОДАҚТЫҢ КҮЙРЕУІНЕ ӘКЕЛМЕЙ МЕ?

/uploads/thumbnail/20170709020305290_small.jpg

Ертең Астанада Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің президенттері бас қосады, - деп хабарлайды Qamshy.kz .

Мемлекет басшылары бас қосуда ұйымның болашақ жоспарлары мен өзекті проблемаларын сөз етеді деп күтілуде. Кездесудің күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі ретінде «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің 2016-2017 жылдарға арналған макроэкономикалық саясаттағы негізгі бағдарлары» туралы шешімнің жобасы талқыланбақ көрінеді. Бұл шешім аясында ұйымға мүше елдердің Қытайдың «Бір жол – бір белдеу» жобасына қатысу жайы қаралады. Бұл «Бір жол – бір белдеу» жобасы өз ішінен «Жібек жолының экономикалық белдеуі» және «ХХІ ғасырдың теңіз жібек жолы» деген екі бағытқа бөлінгенін атап өткен жөн.

Былайша айтқанда, ЕАЭО басшылары одақ аумағына қытайлық экономикалық жобаның ену жайын талқыламақшы. Бұған дейін одаққа мүше елдердің үкімет басшылары бас қосып, ЕАЭО мен қытайлық жобаның байланысын пысықтаған еді.

Осы ретте екі жобаның (ЕАЭО мен Қытайдың "Жібек жолы экономикалық белдеуі" жобасы - авт.) бірігуіне бірінші болып Қазақстанның мүдделілік танытқанын айта кету керек. Қазақстандық «Нұрлы жол» бағдарламасы мен қытайлық «Жібек жолы экономикалық белдеуін» байланыстыру жоспары барысында екі ел жалпы құны 24 млрд доллар болатын ұзын саны 52 экономикалық жобаға қол қойған болатын. Бұдан бөлек қытайлық компаниялар Қазақстандағы ауылшаруашылық жобаларына 2 млрд долларға жуық инвестиция құюға әзір екендіктерін де мәлімдеген. Жер дауынан басталған елдегі наразылық көңіл-күйге байланысты бұл жобалардың қаншалықты жүзеге асатынын уақыт көрсетеді, ал, Қытайдың Қазақстанда, сол арқылы посткеңестік кеңістікте өзінің экономикалық саясатын жүргізуі экономикалық одақтың әу бастағы принциптеріне біршама қайшы келері хақ.

Ә дегенде ресейлік сарапшылар 2009 жылы кедендік одақтың құрылуын Ресейдің кеше ғана КСРО құрамында болған елдердегі ықпалын сақтап, оған Қытайдың әсерін бәсеңдетуге бағытталған жоба деп бағалаған еді. Алайда, айналдырған алты жылдың ішінде аймақтағы экономикалық та, саяси да ахуал біршама өзгеріп кетті. Батыс елдерінің Ресейге жариялаған толассыз санкциялары солтүстік көршімізді Қытайдың көмегіне жүгінуге мәжбүр етті. Экономикалық шектеулер қыспағында қалған Ресейдің өз экономикасына қытайлық инвестиция тартудан, антибатыстық альянсты Қытаймен бірлесіп құрудан басқа амалы қалмады.

Қытай тарапы да бұл мүмкіндікті шебер пайдаланғанға ұқсайды. Еуразиялық одақтың «ноқта ұстарының» қиын жағдайда қалуын өз мүддесіне пайдаланып отыр. Ресейді инвестициясымен алдаусыратып, Қазақстан арқылы өтетін ірі жобасына жол ашып алмақ.  Осы ретте шығыстағы көршіміздің «Жібек жолы» бағдарламасын көпке көмегі тиетін «қайырымдылық жобасы» деп ойласаңыз қатты қателесесіз. Қытайлар өздері «Екі ғасырлық жоба» деп атайтын бұл бағдарлама 2049 жылға қарай Қытайды Орталық Азиядағы жалғыз ықпалды ойыншыға айналдыруды көздейді. Қазірдің өзінде ахуалы айтарлықтай болып отырмаған Ресей мемлекет ретінде Қытайды қызықтырып тұрғаны шамалы. Еуразиялық одақтың жетекші мүшесі ретінде ғана амалсыздан санасып отыр. Ал, негізгі инвестициялар Ресейге емес, одақтың басқа мүшелеріне – Қазақстан, Қырғызстан мен Белорусияға бағыттауда. «Жібек жолы» жүзеге асатын белдеу де осы елдердің аумағын басып жатыр, өйткені. Ал, ресейлік һәм еуразиялық қаржы құрылымдарының Қытай құрған Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкіне бәсекелес боларлық қауқары жоқ.

Еуразиялық одақ ішіндегі түрлі қайшылықтар да Қытайдың оң жамбасына келеді. Шығыстағы көршіміз одақтың күмәнді келешегін айдан анық болжап отыр. Болашақта Қазақстан мен Белорусияның жаңа билігі бұл ұйым тағдырына басқаша баға беруі бек мүмкін. Осындай бірнеше себептерге байланысты бүгінде Қытай бұған дейін Ресей ықпалында болып келген аймақтарға батыл енуде. Түрлі экономикалық жобалар мен бастамалардың ЕАЭО мүшелері тарапынан қызу қолдау тауып жатқаны да соның айғағы. Ал, мұндай «жақындасудың» ЕАЭО – ға нақты қандай әсері болатынын дәл болжау қиын. Экономикалық одақ Ресейдің кесірінен күйреуі мүмкін деген болжамды да жоққа шығара алмаймыз. Бір анығы бұрыннан-ақ қазақ даласын қалауынша бөліске салған екі империяның бұл жолы да ортақ мүдде үшін «тіл табысып» отырғанын анық байқаймыз.

Дархан Мұқантегі

Қатысты Мақалалар