АБЫЛАЙДЫҢ БЕР РУХЫН А, ҚҰДАЙЫМ!

/uploads/thumbnail/20170709020348494_small.jpg

Жау шапқан бейбіт күнде шаңырағың,

Шайқалып,

Беу қазағым,

Аңырадың!

Көшінде тастай қашқан қирандысы,

Ауылым туып-өскен қаңырадың.

 

Босқынның жиырма бес жыл күнін көріп,

Тентіреп, қалаларға кеттің өріп.

Үйіңді салып алған қиратқанда,

Шырылдап, ара түстім, көзім көріп.

 

Ауылым –

Алтын бесік, панам едің,

Жеріңді қасиетті –

«Анам!» – дедім.

Далаңның астын үңгіп тонағанда,

Қазағым, әу басынан үндемедің.

 

Сатылып шетелдерге жердің асты,

«Жауыздың» харам ойы іске асты –

Қытайды ту сыртынан жібергенде,

Қазақты тырп еткізбей,

Қара басты...

 

Сатқындық,

Опасыздық,

Арам пиғыл,

Жауыздық ойлағанды «қалмақ»,

«Ұйғыр» –

«Тазартса» қазақ жерін қазағынан,

Орнына келмекші екен қытай құрғыр...

 

Ауылым –

Темір қазық,

Діңгегім-ай,

Киелі топырағың –

Жөргегім-ай!

Өрбіген құндағыңнан –

Тілім,

Ділім

Айрылсам –

Тірідейін, өлгенім-ай!

 

Қазақтан тумаған ба Абылайым?!

Тумаса –

Рухын берші,

А, Құдайым!

Қасқайып,

Қарсы тұрып,

Жауыздыққа,

Жырыммен кек жебесін мен қадайын!

 

Қуаныш МҰҚТАЙ

31.05.16 жыл

Қатысты Мақалалар