Өскеменде белгісіз біреулер жергілікті әйелдің пәтеріне кіріп, 15 миллион теңге ұрлап кеткен. Қалалық криминалдық полиция қызметкерлері күдіктілерді қысқа мерзімде анықтап, үшінші тәулікте қылмысқа қатысы бар барлық адамдар ұсталды, - деп хабарлайды Qamshy.kz облыстық ІІД-не сілтеме жасап.
Олар Глубоков ауданының үш тұрғыны болып шықты - 28 және 32 жастағы ағайындылар мен олардың 35 жастағы ауылдасы. Олар бірге тұрған Өскемендегі жалдамалы пәтерден полицейлер ұрланған ақшаның бір бөлігін тапты. Ағайындылардың біреуі және оның ауылдасы бұрын ұрлық жасағаны үшін сотталған.
Ұрылар қалалық ІІБ-нің уақытша оқшаулағышына қамалды. Сот алдындағы тергеу амалдары жүргізілуде.