Германияда Төменгі Саксония жерінде 91 жастағы қарт әже пойыз астына түсіп, аман қалды. Ол кенеттен пайда болған пойыздың соққысынан құтылу үшін рельстердің тура ортасына жата қалған, - деп хабарлайды Qamshy.kz baq.kz -ке сілтеме жасап.
The Local басылымының мәліметтері бойынша, алдында тіреуіш арба сүйреген кейуана рельстерді Лангведел теміржол стансасында кешіп өтпек болған. Алайда сағатына 160 шақырым жылдамдықпен жылжыған пойыз әженің жолдан өтуіне кедергі келтіріпті. Пойыздан қашып құтыла алмайтынын сезген қарт әйел рельстердің тура ортасына жатып алып, арбасын өзінің үстіне қояды.
Басылым хабарлағандай, экспресс пойыздың жүргізушісі соққыны естіген, бірақ жабайы аңды қақтым деп ойлапты. Көліктің қаншалықты зақымданғанын тексеру үшін тоқтап, тысқа шыққан машинист пойызға ілініп қалған арбаны көреді.
Кейін тура сол жолмен келе жатқан кезекті пойыздың жүргізушісі алда жатқан қарт әжейді алдын ала аңғарып, тоқтап, жедел жәрдем шақырған. Қазір 91 жастағы әженің өміріне еш қауіп төніп тұрған жоқ.
Полицейлер мұндай жағдайда аман қалу екінің біріне бұйыра бермейтін мүмкіндік дейді. Себебі рельстердің тура ортасында жатқанның өзінде ауыр жарақат пен ажалдан құтылу некен-саяқ. Адамды пойыз басып, немесе көліктің шығып тұрған бөлшектері киімін іліп кету қаупі басым.