ҚазАқпарат халықаралық ақпарат агенттігінің журналистері наурыздан бері айлық алмаған. Осыған орай қалам ұстағандар наразылық акциясын бастамақ. Агенттік қызметкерлері Ақпарат және коммуникация, денсаулықсақтау және әлеуметтік даму министрлерінен мәселеге араласуды сұрап хат жазуда, - деп хабарлайды Qamshy.kz «Қазақстан жаңалықтарына» сілтеме жасап.
Журналистер таратқан хабарламада олардың соңғы рет 2016 жылдың қаңтар, ақпан айларының жалақысын наурыз айында алғаны айтылады. Содан бері агенттік қызметкерлері еңбекақысыз жұмыс істеп келген.
«19 наурыздан бастап елде көптеген оқиғалар болды... Парламент сайлауы өтті, жер мәселесі көтерілді, жер реформасы жөнінде үлкен комиссия құрылып, жаңа министрлік пайда болды. тек «ҚазАқпарат» қызметкерлерінің жалақысына қатысты ғана еш өзгеріс болмай отыр. Біреулер мұны қасақана созып отырғандай көрінеді. Агенттіктің жалақы мәселесін шешу мемлекет деңгейінде мүмкін болмай отыр», - делінген журналистер таратқан хабарламада.
Журналистер 17 мамыр күні «ҚазАқпарат» ХАА» ЖШС басшылығына ереуілге шығатындарын жеткізген көрінеді. Алайда, агенттік басшысы Д. Дияров келесі аптада еңбекақы төленеді деп сендірген. Алайда, 27 мамыр күні Д. Дияров ұжымды қайтадан жинап: «Барлық құжаттарға қол қойылды, ақша қазынашылық басқармасына кетті, енді «Қазконтент» АҚ-ы «ҚазАқпаратқа» ақша аударғанын күту керек. Банк операциялары бүгін аяқталмаса, дүйсенбі күні айлық аласыздар», - деген.
«Бірақ, бүгін дүйсенбі түгілі, бейсенбі болды. бізге біресе құжаттар әзір болды, біресе өзгерістер енеді, тағы біреулер қол қою қажет деп отыр. Біздің жалақымыздың ендігі тағдыры «Қазконтент» пен бұрынғы ақпарат және байланыс комитетінің басшысы Т. Қазанғаптың қолында көрінеді», - дейді журналистер.
95 жылдық тарихы бар агенттік қызметкерлері жалақы мәселесі шешілмесе келесі аптада Президентке хат жазатындарын айтып отыр.
Естеріңізге салсақ, ақпарат агенттігінде еңбекақыны кешіктіру жағдайы бұрынырақта да орын алған болатын.