Алматының Алғабас ықшам ауданындағы қисайған үйді салған компания басшылығы тұрғындарды басқа пәтерге көшіру мүмкіндігінің жоқтығын айтады, - деп хабарлайды Qamshy.kz.
«Астана-Құрылыс» компаниясының президенті Бекболат Амантурин компанияның тұрғындарды көшіру туралы шешім қабылдамағанын айтып отыр. Ал, бұған дейін Алматы қаласы әкімінің орынбасары Сұлтанбек Мәкежанов апатты жағдайдағы үйдің сүрілетінін, ал, тұрғындарды үйді салған мердігер компания басқа баспанамен қамтамасыз ету туралы шешім шығарылғанын хабарлаған еді.
«Әзірге ондай шешім жоқ. Тағы қайталап айтамын, комиссия шешімінсіз біз ондай жауапкершілікті мойнымызға ала алмаймыз», - дейді «Астана-Құрылыс» компаниясының президенті Бекболат Амантурин.
Үй құрылысына кеткен шығын сомасын айтудан бас тартқан компания басшысы арнайы комиссия кінәлі деп тапса, бар ауыртпалықты көтеретінін айтады.
«Қазір комиссия қорытындысын күтіп отырмыз. Егер біздің компанияның кінәсі анықталса, біз оны жоққа шығармаймыз, шара қолданамыз. Тек комиссия шешімі шыққаннан соң», - дейді ол.